Алтын қыз абыройды асқақтатты | arainews.kz

Алтын қыз абыройды асқақтатты

Зульфия Габидуллина Пара Азия ойындарында бір емес, төрт медаль жеңіп алды

99

Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатқан ІІІ Пара Азия ойындарынан жерлесіміз, ҚР еңбек сіңірген спортшысы, Рио Паралимпиадасының чемпионы, 13 дүркін әлем рекордын жаңартушы Зульфия Габидуллина толайым табыспен оралды. Мемлекет мақтанышы бір алтын, екі күміс, бір қолы медаль жеңіп алып, Азия елдері алдында абыройымызды асқақтатты.

Жалпы, 43 мемлекеттен 3000-ға жуық спортшы бақ сынап жатқан байрақты бәсекеге ұлттық құрамадан 91 спортшы аттанған болатын. Олар спорттың 9 түрі — үстел теннисі, парадзюдо, паражүзу, оқпен ату, парапауэрлифтинг, садақпен ату, шахмат, пара жеңіл атлетика және волейболдан бақ сынауда. Міне, осы саңлақтарымыздың арасынан жерлесіміз Зульфия Габидуллина жасындай жарқылдап, қарсыластарынан оқ бойы оза шауып, ел қоржынына жүлдені қос-қостап салды. Зульфия ең алдымен 100 метрге еркін жүзуден алтыннан алқа тақса, 50 метрге арқамен және еркін жүзуде екі күміс медаль жеңіп алды. Ал, 200 метрге еркін жүзу айналымында қола жүлдені қанағат тұтты. Осы тұста спортшымызды талай жылдан бері бәсі биік бәсекелерге дайындап, қасынан табылып жүрген жаттықтырушысы Саттар Бейсенбаевтың ерен еңбегін айта кеткен жөн.
Апта басында толағайын тараздық жұртшылық теміржол бекетінен ыстық ықыласпен күтіп алды. Қарсы алушылар қатарында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының, дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының мамандары, жеңімпаздың жақындары мен жанкүйерлері болды.
– Жеңіске жету үшін жігер керек. Қазір бәрі артта қалғандай көрінеді. Алайда, бұл биікке маңдай терім мен аянбай еңбек етуімнің арқасында жеттім. Әр жарысқа аттанған сайын елдің, халықтың саған үміт артып қарап отыратынын сезесің, сол үмітті ақтауға тырысасың. Әрине, жарыс алдында аздап қорқыныш пен толқу болады. Дегенмен, жанкүйерлерімнің қолдауларының арқасында бәрін ұмытып, тек жеңіске ұмтыламын. Халықтың сенімін ақтау – үлкен міндет пен жауапкершілік, — деді Зульфия қарсы алу шарасында.
Иә, көк байрағымызды жеңіс тұғырында желбіретіп, Әнұранымызды шырқатқан толағайымыз қандай құрметке де лайық. Пара Азия ойындары 18 қазан күні аяқталатынын ескерсек, Зульфияның жарқын жеңісі өзге спортшыларға жігер береді деп сенеміз.

Саятхан Сатылғанов

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.