«Жасаған қайырымдылығымды жарнамалағым келмейді»

Бүгінде қазақстандықтардың назары праймериз аталатын саяси додаға ауды. Аудандық мәслихаттан бастап, еліміздегі ең жоғары заң шығарушы құрылымдардың қатарын партияішілік іріктеу арқылы толықтырғысы келетіндер сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кірісті. Елдегі маңызды саяси додаға қатысушылар арасында сайлауға түсіп, халықтың қалаулысы атанбай-ақ халықтың қамын ойлап, жұрттың жоқ-жітігін түгендеп жүрген жандар да бар. Жақында партияішілік іріктеуде бағын сынып, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты атанудан үмітті «Тараз Энерго Орталығының» басқарма төрағасы Бақберген Мәуленовпен болған сұхбатымыз ел өміріндегі ең маңызды саяси оқиға төңірегінде басталғанымен талай әңгіменің тиегі ағытылды.

 

– Бақберген Бөлдешұлы, елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдау үшін Елбасы немесе депутат болу міндетті емес екенін өзіңіз де жақсы білесіз. Ендеше партияішілік іріктеу-праймеризге қатысудағы мақсатыңыз қандай?

– «Баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас» дейді дана халқымыз. Бала кезімізде ата-әжелеріміз сәт сайын «Елден қарғыс емес, алғыс алыңдар, ақ батасын алыңдар» деп құлағымызға құйып отырушы еді. Әлі есімде, кішкентай кезімізде үйге келген қонақтың қолына су құюға таласушы едік. Себебі батасын аласың. Қазақ ешқашан  «Әкім бол, депутат, министр бол» деп бата бермейді. «Халқыңның қалаулысы, еліңнің елеулісі болсын» дейді. Міне, нағыз ұлттық тәлім-тәрбиенің көзі.

Ақсақалдардың ақылын тыңдап өскендіктен адаспадық, бата алып өсіп босбелбеу болмадық. Керісінше ақсақалдардың ақ батасы, ақылы есейген, қызметке араласа бастаған шағымызда бағдаршам болды. Өмірден өз жолымызды табуға, жетістікке жетуімізге өте үлкен ықпалын тигізді. Шүкір осы жасымызға дейін бірқатар жауапты қызметтер атқардым. Мұнай газ саласында еңбек еттім, әкім де болдым, облыстық мәслихаттың депутаты болдым, іргелі компанияларда жұмыс жасадым. Кейінгі жылдарда Ақмола облысының Целиноград ауданын басқарып, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасына сай қаланың өсіп-өркендеуі жолында тынбай еңбек еттім. Соңғы бес жылда Қытайда болып, Қазақстанға инвесторлар тартуға көп күш жұмсадым. Араға жылдар салып Қазақстанға отандық инвестор болып оралдым.

Ендігі мақсатым осы уақытқа дейінгі әртүрлі салада қызмет атқара жүріп жинаған тәжірибемді елдің мүддесіне жұмсау болып тұр. Барлық салаға инвесторларды тартуымыз керек.

– Шетелдік инвесторларды тартып, елімізде нақты қандай жобалар жүзеге асты.

– Жалпы көп жобаларды қолға алдық. Қазірге дейін атқарылған шаруа аз емес, алда тұрған жоспарымыз да жеткілікті. Нақты жүзеге асқан жобаның бірі ретінде Ұлттық Ұланға 120 орындық ұшақ алып бергенімізді мысал етуге болады. Жалпы мұндай ұшақтар Қазақстанның әр облысында болуы қажет. Кез келген төтенше немесе басқа да жағдай бола қалса сыйымдылығы жоғары  әрі жылдам ұшақтардың көмегі өте үлкен. Сондай-ақ Қазақстанға тікұшақтар алу бойынша келісімшарттар жасалды. Жуық уақытта олардың алды елімізге келе бастайды. Одан кейін темір жол саласына инвестор тарту бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Пекин –Астана», «Астана-Мәскеу», «Мәскеу-Берлин» жобасы бойынша жұмыс жасап жатырмыз.

Негізі айтуға оңай. Әйтпесе бір жобаны жүзеге асырудың өзі қыруар жұмысты талап етеді. Қаншама кедергілер кезігеді. Әйтеуір ең бастысы еліміздің игілігі үшін кез келген қиындықты еңсеріп, жүйелі жұмыс атқарып жатырмыз.

– Облыстық мәслихаттың депутаты болғанда халықтың сенімін қаншалықты ақтай алдыңыз?

– Облыстық мәслихаттың депутаттығына Жаңатас қаласынан түсіп, өндірістік қала тұрғындарының үлкен қолдауына ие болдым.   Сайлаушылардың 97,8 пайызы маған дауыс берді. 2003-2007 жылдардағы шақырылымда халық қалаулысы ретінде халыққа қолымыздан келгенше қызмет еттік. Сол кезде Қазақстандағы ең жас депутат болдым. Жаңатастықтар үлкен сенім артқан соң олар көтерген мәселелерін шешуге бар күшімді жұмсадым. Ол жылдардағы елдің жағдайы дәл қазіргідей емес. Қала тас қараңғы болатын. Жарық тек сағат 20:00-ден 22:00-ге дейін ғана жанатын. Салдарынан қаладағы қылмыс деңгейі өсті. Сондықтан да әуелі жарықтандыруға көңіл бөлдік. Тиісті мекемелермен жұмыс жасадық. Нәтижесінде жарық тәулік бойы жарық жанып тұратын болды. Одан кейін қалада жедел жәрдем көліктері тапшы болатын. Көліктер алып беруге ықпал еттік. Күрделі мәселенің бірі саналатын жол да жөнделді. Мектептерге компьютер алынды. Жалпы 4 жылдың ішінде көп жұмыс атқарылды. Депутат ретінде әрдайым халықпен бірге болдым деп айтуыма толықтай негіз бар.

–Сайлауалды бағдарламаңызбен таныстым. Бірқатар өзекті мәселелер қамтылған екен. Жалпы бағдарламаны дайындау барысында қандай дүниелерге басымдық берілді? 

– Мен де праймеризге қатысып жатқан әріптестерімнің сайлауалды бағдарламасымен танысып шықтым. Бірі медицина, бірі спорт, енді бірі білім беру саласына айрықша назар аударатынын айтады. Аталған салаларды дамыту үшін заман талабына сай технологиялық жабдықтар алдырып, басқа мүмкіндіктер жасайтынын айтады. Әрине бәрі дұрыс. Қолдаймын. Келісемін. Бірақ айналып келгенде соның барлығы экономикаға, ақшаға келіп тіреледі. Ал біз сол керекті ақшаны сырттан, инвесторлардан тартуымыз керек.  Мемлекеттің ақшасы қай жыртығымызды бүтіндеуге жете берсін. Сондықтан экономикамызды өркендету жолында жұмыс жасауымыз керек. Мемлекетті көтеру үшін елімізге инвесторларды көптеп тартуымыз керек. Ол үшін арнайы заң жобасы қабылдағаны жөн.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында инвестор тартуға айрықша басымдық берді. Ал инвесторлар келу үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек. Қолайлы инвестициялық ахуал деген не? Шыны керек осы уақытқа дейін көптеген инвесторлармен жұмыс жасадым. Елімізге инвесторлар келмейді емес, келеді. Бірақ жұмысы ұзаққа бармайды. Алдынан көптеген кедергілер шығады. Бір жыл, екі жыл жүреді де біздің жүйеден шаршап, қайтып кетеді. Келген инвестор қайтып кетпес үшін заң жобасына өзгерістер енгізуіміз керек. Ең бірінші мақсатым осы бағыттағы жұмыстарға үлкен үлесімді қосу болып отыр. Өйткені қаншама жыл жұмыс жасап кез келген мәселе жақсы таныс. Оның кейбірі өзімнің де алдымнан шықты. Әлі де шығып келеді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы шағын және орта бизнесті дамытуға тапсырма берді. Өйткені мемлекеттің кіріс бөлігінің 70-80 пайызын орта және шағын бизнес құрайды. Кәсіпкерлерге салықтық жеңілдікке мұқтаж. Қазіргі таңда экономикалық жағынан әлеуетті Қытайда кәсіпкерлер бес жылға дейін салықтан босатылған. Ал бізде ше?! Кәсіпкер бір мекемені ашса алты айдан кейін 99 тексеру келеді. Бір жылдан кейін амалсыздан кәсіпкерлік нысанды жабуға тура келеді. Шындық осы. Шағын және орта бизнесті көтеріп, мемлекетіміз ертерек дамысын, халықтың әлеуметтік жағдайы көтерілсін десек үшін нақты  қадамға баруымыз керек.

Одан кейін туризмді көтеруген жөн. Қазақстанның қай аймағын алып қарасаңыз да туризм саласын түлетуге өте қолайлы. Дамыған мемлекеттерде мемлекеттің кіріс бөлігінің 30 пайызын туризм саласы әкеледі.

– Облысымызда да кейінгі жылдарда бұл бағытта көп жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен әлі де болсын қандай жұмыстарға көңіл бөлуіміз керек. 

– Облыс орталығы Тараз қаласының кейінгі жылдарда қаншалықты өзгергенін көз көріп отыр. Қазіргі Таразды осыдан үш-төрт жыл бұрынғы Таразбен салыстыруға мүлдем келмейді. Облыстың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов қаншама жұмыстарды қолға алды. Сол жарқын жобалар, баянды бастамалар бүгінгі таңда елдің игілігіне айналды. Бір кездері Асқар Мырзахметов бастаған жұмыстарды Бердібек Машбекұлы жалғастырып, өңір тұрғындары үшін өнімді тірліктер атқарылып жатыр. Мәселен өңір басшысының тапсырмасы аясында биылдың өзінде қаншама жұмыс жүргізілді. Тараз қаласында, аудандарда атқарылып жатқан жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге үлкен септігін тигізіп жатыр.

Енді осы атқарылған жұмыстардың барлығын дұрыс жарнамалай білген дұрыс. Тағы бір ерекше көңіл аударатын мәселе туристік компаниялар құрумен байланысты. Өкінішке қарай біз де осы жағы кемшін түсіп жатыр. Мен туристік компаниялармен де жұмыс жасағанмын. Турист ретінде көптеген мемлекеттерде болдым. Оларда көруге болатын дүниелермен алдын ала интернет арқылы танысасың. Бір сөзбен туристік нысан туралы ақпарат қол жетімді. Ал Қазақстандағы мұндай нысандар туралы мәліметтер аз.

Бес жылдың ішінде Қытайды толық аралап шықтым десем, қателеспеймін. Сонда байқағаным күншығыс еліндегі әрбір қалада туристік компаниялар жақсы жұмыс жасайды. Демек отандық туризмді дамытуда бізге әлемдік тәжірибеге сүйену артық болмайды. Жер-жаһанға аты мәжһүр туристік компаниялармен байланысқа да көңіл бөлген абзал.

–Бүгінгі Бақберген Мәуленовтің көктен түспегені белгілі. Елдің арасында өстіңіз. Сіз де жас болдыңыз, жетістікке жету жолында түрлі қиындықтарды бастан кешірдіңіз. Осы орайда қай салада болмасын ә-дегеннен айым оңынан туып, табыстылардың қатарына енсем деп жүрген жастарға айтарыңыз бар ма?

Біз бір отбасында сегіз бала тәрбиелендік. Әкеміздің кіндігінен төрт қыз, төрт бала тарайды. Осы төрт баланың үлкені мен болдым. Әкем сегізінші сыныпта мектеп интернатқа берді. Интернатта түске дейін сабақ оқимыз, түстен кейін сабаққа дайындаламыз да, кешкісін спортпен айналысамыз. Кішкентайымнан әке-шешеме салмақ салмай, атына жаман сөз келтірмесем екен деп өстім.

1986-1988 жылдары Отан алдындағы борышымды өтедім. Ол кезде сержантттық құрамдағы ең үлкен әскери шен старшина болатын. Старшина шенін алдым. Қазіргі Ұлы Отан соғысының ардагерлері секілді менің де кеудем медальға толды. «Кеңес Одағы әскерінің үздігі» атандым. Сонымен қатар Санкт-Петербург қаласындағы университетке ешқандай емтихансыз түсуге мүмкіндік алдым. Себебі әскери бөлімнен жоғары оқу орнына ұсыным беретін. Яғни осы құжат қалған оқу орнынан емтихансыз түсуге мүмкіндік береді. Алайда елге келгеннен кейін анам Санкт- Петербургте оқуға рұқсат етпеді.

Осылайша елде қалып қызметке араласа бастадым. Талас ауданына қарасты Бостандық ауылында бір жарым жыл электр-механик болып еңбек еттім. Одан кейін Қаратау қаласына барып қызметке араласып кеттім.  Осылайша адал еңбек арқылы түрлі-түрлі сынақтан өтіп, бірде сүрініп, бірде құлап, шарболаттай шыңдалдық.

–Отын-энергетика кешені елдің дамуында үлкен маңызға ие сала болғанымен осы мамандықты жанына серік еткен жастардың қатары аз. Осы орайда сіз басшылық ететін мекеме жас мамандарды қолдау, оларды даярлау бағытында қандай жұмыс жүргізіп жатыр?

–Шынын айтқанда қазіргі жастар жалқау. Оңай жолмен ақша тапқысы келеді. 80 мың теңге айлық алса оның өзін азсынады.  Олар ә-дегеннен 180-200 мың теңге тапқысы келеді. Бірақ ондай көлемдегі айлық алу үшін еңбек ету керек. Бізде қазір 250-дей жас маман бар.

Жамбыл политехникалық жоғары колледжімен келісімшартқа отырған болатынбыз. Бізде мамандықтың түрі көп. Дәнекерлеуші де керек, электрик те керек, технологтар да керек. Бізге қажетті мамандықтың басым бөлігі колледжде дайындалады. Колледж студенттері біздің мекемеде өндірістік тәжірибеден өтеді. Кейбірі біздің мекемеге қызмет жасауға келеді. Одан кейін жастардың бос уақытында айналысуы үшін қосымша жұмыстарды да береміз. Қолдарынан келгенше көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстарымен айналысады. Еңбекақысына үстеме жасау арқылы жастардың жұмысқа деген ынтасын оятамыз.

Бір жыл бұрын  жұмысшылардың жалақысы 20-80 пайызға дейін  өсті. Жылына бір мәрте бонус беріп тұрамыз. Өте жақсы жұмыс істеген мамандарға жоғары айлық төленеді.

–Биыл ыстық су жылдағыдан ерте берілді. Жыл сайын үлкен дау болатын мәселе қалай шешілді?

 –Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы үлкен жиын жасап, пандемия кезінде ыстық суды ерте беру туралы тапсырма берді. Тапсырма аясында жылдамдатып жұмыс жасадық. Тапсырма 8 маусымда берілсе 25 маусымда жұмысты бітті. Ыстық су желілері 29 маусым күні кезекті маусымға дайын тұрда. Сөйтіп 30 маусым күні облыс әкімінің қатысуымен жылы суды бердік. Шыны керек мұндай жағдай Тараз қаласының тарихында бұрын-соңды болмаған екен. Бұл біздің жұмысымыз. Ел үшін, халық үшін жұмыс жасауымыз керек.

Осыдан жарты ғасыр бұрын салынған ыстық су желілері тек алты ай ғана жұмыс істеуге шақталған. Орталықтың құрылғылары мен қондырғыларының жаз айларында ыстық беруге мүмкіндігі жоқ.  Қарапайым тұрғындар осы жайттарды түсіне бермейді де ыстық су ерте берілсін деп шулап жатады. Рас кейбір басқа қалаларда ыстық су үздіксіз беріледі. Олардағы стансалар біздікіне қарағанда қуатты. Ал бізде алты ай қыстан соң жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет етіледі.

Жалпы облыс орталығы Тараз қаласында жалпы қолданыстағы 1312 көпқабатты тұрғын үйдің 1253-ә орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Оның ішінде 912 үй ыстық су жүйесімен қамтылған. Біздің мекеме шаһардағы көпқабатты тұрғын үйлердің 70 пайызын жылумен қамтамасыз етеді. Биыл өзіміздің тарапымыздан мекеменің есебінен ҰОС ардагерлері мен мүгедек балалары бар тұрғындарға жылу беруді тегін ету мәселесін шештік. Осындай топқа жататын 453 абонент бар. Орталық коммуналдық төлемге төленетін бес миллионға жуық қаражатты өз мойнына алып отыр.

Қазір шетелдігі бар, отандығы бар бизнеске бағыт беретін мотивациялық кітаптар жетіп артылады. Әрі жастар соларды ынта-шынтасымен оқитынын байқаймыз. Демек қазіргі жастар табысты бизнестің сырымен танысуға құштар. Бірақ..

–Бірақ жастарымыз бай-қуатты өмір сүргісі келгенімен өздері сол үшін ешнәрсе жасамайды. Біріншіден ең алдымен адам өзін-өзі дайындауы керек. Қандай іске болсын өзі дайын болуы керек. Жастар бәрін ауызбен істейді. Ал іс жүзінде түк те жасалып жатқан жоқ. Оңай ақша тапқымыз келеді. Жұмысқа жаңадан қабылдана сала 500 мың айлық алғысы алғысы келеді. 80-90 мың теңгеге мұрнын шүйіре қарайды. Мен қымбат көлік мініп жүрсем олардың да жақсы көлік мінгісі келетінін байқаймын. Бірақ сол көлікті міну үшін еңбек ету керек екенін естен шығарып алады. Ол мен нәтижеге қол жеткізу үшін тынбай жұмыс жасаймын. Еңбек етемін. Бастаған ісімді аяғына жеткізбей тыным көрмеймін. Білмей жатсам, шетелден мамандар алдырамын. Мәселен осында келіп жұмысты бастағанда жағамды ұстадым. Бір ай бойы мекеменің жұмысымен жан-жақты таныстым. Жоқ-жітігін түгендедім. Алпыс жыл бойы ауыстырылмаған құрылғылар бар екен. Соның бәрін Ресейден алдырып жаңартып жатырмыз. Алып кәсіпорынның құрылғылары базардан сатып алып, ауыстыра салатын көліктің қосалқы бөлшегі емес.

«Болар бала бесігінде бұлқынар» дейді ғой. Оқу бітіріп ауылға Бостандыққа бардым. Менің де қазіргі жастар секілді жақсы тұрғым келді. Ол үшін еңбек ету керек екенін түсіндім. Сөйтіп өмірімде алғаш рет егін ектім. Ол кезде егіншілікпен орыстар не кәрістер айналысатын. 2 гектар жер алып, күнбағыс пен қарбыз ектік. Таңғы сағат алтыда тұрып, егіс басына барамын. Ондағы шаруаларды реттеп, 9:00-де жұмысқа барамын. Кешкісін де солай жұмыстан шыға сала қайта егін басына барамын. Осылайша бес ай бойы тынбай жұмыс жасадым. Күзде ала жаздай еткен еңбегім ақталып, мың рубль,10 қой, бір бұзаулы сиыр таптым. Алғашында егін еккенде күле қарағандар кейін тәнті болған.

Яғни қандай да бір жетістікке жеткің келсе ерінбей, талмай еңбек ет. Қазірдің өзінде күніне төрт сағат ұйықтаймын. Түнімен жоспар құрамын. Алдын ала дайындаламын. Кейде түнгі екі-үште келіп, мекемені тексеріп кетемін. Жастарға тағы бір айтарым жетістікке жеткісі келетін сенің аяғыңнан тартатын он адам болады. Ондай адамдар менің де жолымда кезікті. Мәселен қазірде облысқа келіп жұмыс жасап жатырмыз. Соның өзінде мені аяқтан тартып, жаман етіп көрсеткісі келетіндер табылады. Неше түрлі пікірлер айтылып жатыр. Міне сондай сәттерде морт сынып кетпей өз-өзіңді дәлелдеу үшін құлшына еңбек еткен жөн. Сонда ғана сенің мықтылығыңды өзгелер мойындайтын болады. Еңбеккер ешқашан арымайды, ал жалқау ешқашан жарымайды.

– Сізді қайырымдылық шараларға жиі атсалысатын азамат ретінде білеміз. Осынау ізгі амалды жасай тұра кейде тасада қалғыңыз келетініңізді де бізге мәлім.  Ал кейбір азаматтар кісіге аз ғана мейірімі түссе соны  жарнама етіп, өзінің мерейін өсіруде пайдаланып жатады. Ал сіздің жақсылықты «жасырын» жасауыңыздың сыры неде?

Өзгеге риясыз мейірімділік көрсетіп, тағдырдың талқысына тап болған адамның жанынан табылу екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Халқымыздың қанындағы қайырымдылық, ізгілік, қиналғанға қол ұшын созу, барын бөлісу, жоқ-жітікке қанатымен су сепкен қарлығаштай болып көмекке ұмтылуы сынды ізгі қасиеттері қазір де жоғалған жоқ.

«Адамдардың пайдалысы — адамдарға пайда келтіргендері» дейді Омар Хаям. Менің ойымша жүрегі қазақ деп соғатын, қазағын, ұлтын сүйетін әрбір азамат мүмкіндігі жетіп тұрса қайырымдылықтан қалыс қалмау керек. Сондай-ақ дана халқымыз «Бір қолың бергенді бір қолың бергенді көрмесін» дейді ғой. Мақтану немесе мерейімді үстем ету үшін жасалмағандықтан көбіне қайырлы істі жария қылмайтыным рас.

– Мүмкін басқаларға үлгі-өнеге болу үшін айта жүрген де артықтық етпес.

–Жоғарыда айтып өткенімдей түрлі қызметтерді атқардым. Елден жырақта жүрген кезіміз де болды. Дегенмен қайда жүрсем де, қандай қызметте жүрсем де елге қарайласып, көмек қолын созуды елдің алдындағы перзенттік борышым деп санадым. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді қазақ. Міне осы мақсатта Талас ауданы, Сейілбек ауылындағы Бөлтірік шешен кесенесіне екі шақырымнан жарық, 125 метрден су тарттық. Бабаның басына үй, намазхана соқтырып, айналасын қоршап, тал-дарақтар ектік. Қазір барсаңыз, суы ағып, тал-дарағы жайқалып тұр. Одан кейін Талас ауданының Амангелді ауылынан Ұлы Отан соғысына аттанып оралмаған боздақтарға арнап мәрмәрдан ескерткіш орнаттық.

Сонымен қатар көпбалалы аналарға ақшалай көмектесіп жатырмыз. Облыс, қара ардагерлеріне қаржылай көмегімізді беріп тұрамыз. Пандемия кезінде облыс әкімдігімен, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалымен бірігіп 350 отбасына азық-түлік себетін тараттық. Көрші Түркістан облысындағы Мақтааралдағы төтенше жағдайдан зардап шеккендерге қол ұшын создық. Осынау көмектің арқасында 25 тұрғын үй бой көтерді.

Мұнан бөлек Тараздың іргесіндегі Тектұрмас баба кесенесін жарықтандырдық. Қазіргі таңда тегін электр энергиясын беріп отырмыз.

Мекемеде де көпбалалы , жалғызбасты аналар бар. Қыркүйек айында аналардың балаларын толықтай мектепке дайындап бердік.

Қысқасы елдің азаматы ретінде тапқан табысымның бір бөлігін мүмкіндігінше қайырымдылыққа жұмсап келемін. Қазақтың әрбір азаматы қолынан келіп тұрса елдің еңсесін  тіктеуге көмек көрсететін болса  еліміздегі көптеген әлеуметтік мәселелер өздігінен шешілер еді. Елім деп езіліп, жұртым деп жұтынып тұратын азаматтар көп болғанына не жетсін?!

–Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.