Тең ойын «Тараздың» турнирдегі жағдайын түземейді | arainews.kz

Тең ойын «Тараздың» турнирдегі жағдайын түземейді

129

Бірінші лига ойындарының шешуші кезеңіне жақындаған сайын кездесулер қыза түсуде. Жуырда өздерінің басты қарсыластары шымкенттік «Қыранды» қабылдаған «Тараз» кем емес, тең ойнады. Алайда, бұл нәтиже бізге әлі жоғарғы лига туралы сөз қозғауға ерте екенін аңғартты. Себебі, көш басындағы «Оқжетпестен» әлі төрт ұпай қалып келе жатсақ, «Қыран» небәрі бес ұпай айырмашылықпен өкшелеп келеді.

Оңтүстіктің командасын жігіттеріміз жеңуі керек-ақ еді. Бірақ, олай болмады. Егер бұл кездесуде үш ұпайды олжалағанымызда «Қыранның» қанаты қайырылатыны анық болатын. Сол үшін жұма күні кешкілік орталық стадионға жиналғандардың қара­сы қалың болып, жанкүйерлер сүйікті коман­дасына барынша қолдау білдірді. Тіпті, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімінің сарбаздары мен қызметшілері де алаңнан табылып, «Тараздың» тілеуін тіледі. Десе де, тура жолдан тайып, болмайтын жерден білгенінен жаңылатын жігіттеріміз бұл жолы да бірінші болып гол жіберіп алды. Кездесудің төртінші минутында айып алаңына асырылған доптан көз жазып қалған қорғаушыларымыздың қателігін сәтті пайдаланған қонақтар есеп ашып, бәрімізді кәдімгідей есеңгіретіп тастады. Әдетінше, голдан кейін «Тараз» ес жинап, есені қайтару үшін алға қарай ұмтылды. Бірақ, маусым басында қақпаларына жауапсыз жеті гол жіберіп алған шымкенттіктер қорғаныста өте сауатты ойнап, шабуылшыларымызды айып алаңдарына аттап бастырмады. Амал жоқ, соққыларды қашықтықтан бағыттап, тәуекелге бел бууға тура келді. Осындай сәттердің бірінде Абзал Таубайдың қақпадан 20 метрдей қашықтықтан шиыра тепкен добы тоғыздыққа топ ете қалып, төбемізді көкке жеткізді. Есеп 1:1.
Осындай тамаша голдан кейін үш ұпайды ойлап, алақан ысқылағанымызды жасырып қайтейік. Себебі, бұл гол жігіттерімізге жігер бергендей «Тараз» тағы алға ұмтыла түсті. Алғашқы таймның бел ортасына жақындаған тұста оң қапталдан көтерілген допты бойы биік Дудченко баспен қиып, торда тулатты. Бұдан кейін де командалар алма-кезек қауіпті шабуылдармен алмасқанымен бірінші таймда есеп өзгеріссіз қалды.
Екінші таймда «Тараздың» бас бапкері Нүркен Мазбаев шәкірттеріне шабуылдан гөрі, қорғанысқа көп көңіл бөлу туралы тапсырма бергені бірден байқалды. Себебі, жігіт­теріміз тайлы-тұяғымен қорға­нысқа кө­шіп, айып алаңында жатып алды. Әрине, мұн­дай шешуші кездесуде бір гол басымдығымен тіпті ағылшындық «Манчестер Юнайтедтің» бапкері, даңқты жаттықтырушы Жозе Моуриньюнің өзі осындай тактиканы қолданатын ба еді? Бірақ, Мазбаевтың бұл шешімі қате болғандай. «Ең сәтті қорғаныс – шабуыл» деген нақылды Нүркен бапкердің ұмытқаны өкінішті болды.
«Тараз» өз алаңына тығылғаннан кейін қонақтар еркінси түсті. Екінші таймды доп иелігі жағынан толықтай «Қыранның» пайдасына жазса да болады. Себебі, екінші 45 минуттықта аладоп жігіттеріміздің аяғына көп болса он минут қана тиген шығар. Басқа уақытта қонақтар допты да, ойынды да өз бақылауларына алды. Үсті-үстіне үдеген шабуылдар 75-минутта өз нәтижесін беріп, қонақтардың форварды Бекжан Абдрахман айып алаңы шебінен допты алыс бұрышқа шиыра теуіп, есепті теңестіріп кетті. Мұндай соққыны қайтаруға қақпашымыз Самат Отарбаев та қауқарсыз болды. Бұдан кейін де шымкенттіктер шабуылдарын бір бәсеңдеткен жоқ. Ал, екінші таймға «тек қорғаныс» деген «бұйрық» алып шыққан біздің жігіттер не істерлерін білмей, әбден састы. Тек, төреші қосқан қосымша алты минутта қайта алға ұмтылғандай болып еді, бірақ «тараздақтар» бәрібір жеңіс голын соға алмады.
Әрине, бір ұпай болса да олжа. Алайда, қолда тұрған үш ұпайдан айырылып қалу екінші таймға берілген тиімсіз тактиканың салдары екені анық. Өз алаңымыздағы кездесуде ойынның бірінші бөлігіндегідей соңына дейін мінез танытқанымызда бәрі басқаша да болар ма еді?
Енді 21 қазан күні «Тараз» өз алаңында «Ақтөбе-Жасты» қабылдайды. Ал, «Қыран» көш басындағы көкшетаулық «Оқжетпеспен» күш сынасады. Бұл кездесудің қандай нәтижемен аяқталатынын болжамай-ақ қояйық. Алайда, «Қыран» «Оқжетпестен» ұпай олжалап, «Тараз» сәтсіздікке тап болса, жағдайымыздың қиындайтыны анық. Одан кейін біздің еншімізде бар-жоғы екі кездесу қалады. Оның бірі 27 қазанда «Оқжетпеске» қарсы сырт алаңда өтетін болса, 4 қарашада өз алаңымызда «Каспийді» қабылдаймыз. Осы екі кездесуден кейін маусым аяқталады. «Балапанды күзде сана» демекші, бұл сәтте ұпайымыз түгел болып, бағымызға жоғарғы лига жолдамасын жазса, Құдайға мың да бір шүкірлік.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді қазақ даналығы. Бұл мақаламен біз бапкер Мазбаевтың жұмысын жоққа шығарып, «Таразды» тура жолдан тайдыру ойымызда жоқ. Тек, жігіттер жоғарғы лига таяқ тастам жер қалғанында білгендерінен жаңылмаса екен дейміз. Сіздерге бүкіл Жамбыл жанкүйерлері қарап, тілеулеріңізді тілеп отыр. Осы сенім үдесінен шыға білсеңіздер алақанымыз алқызыл түске енгенше қошемет көрсетерміз.

Саятхан Сатылғанов

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.