Жамбыл облысы прокурорының бұрынғы көмекшісі 12 млн теңге айыппұл төлейді | arainews.kz

Жамбыл облысы прокурорының бұрынғы көмекшісі 12 млн теңге айыппұл төлейді

243

Тараз қаласында алаяқтық фактісі бойынша сот үкімі шықты.

Сот алдында екі адам жауап беруде. Олардың бірі — облыс прокурорының аға көмекшісі, жазаның орындалуын бақылау жөніндегі басқарма басшысы. Айыпталушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармақшасы (аса ірі көлемдегі алаяқтық) және 28-бабы 5-бөлігі (қылмысқа қатысу) бойынша кінә тағылған.

Іс материалдарына сәйкес, УЖД 158/2 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азамат Д. қоныстану колониясына ауысу үшін азамат У.-ға жүгінген. Ол өз кезегінде танысы — облыс прокурорының аға көмекшісі азамат А.-дан көмек сұраған.

А. қолғабыс етуге дайын екендігін және У. арқылы бір миллион теңге беруі қажеттігін айтқан.

Биылғы жылдың 29 наурызы күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің 5-інші басқармасының қызметкерлері азамат У.-ды ұстап, ол тінту кезінде өзімен бірге болған, А.-ға беруі тиіс 1 млн 200 мың теңгені өз еркімен алып шыққан.

«Сот үкімімен А. кінәлі деп танылып, оған 12 млн теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Азамат У. кінәлі деп танылып, оған бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Сонымен бірге ол мемлекеттік қызметте лауазымдарды иелену құқығынан өмір бойына айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», — деп мәлім етті №2 қалалық соттың баспасөз қызметінен.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.