Түзеу мекемесіне телефон жеткізбек болған | arainews.kz

Түзеу мекемесіне телефон жеткізбек болған

156

Таразда түзеу мекемесінің қабырғасынан түйіншек лақтырған азамат қолға түсті. Оқиға 26 шілде күні сағат 14:30 шамасында Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/2 мекемесінде болған.

Мекеме қызметкерлері №8 бекет аумағында қабырға маңында жүрген күдікті адамды байқаған. Ол мекеме қоршауынан асыра ішке белгісіз затты лақтырып, оқиға орнынан бой тасаламақ болған. Алайда, дер кезінде әрекет еткен ЖД-158/2 мекемесінің қызметкерлері 1993 жылы туған А. К. есімді Тараз қаласының тұрғынын қолға түсірді. Күдікті мекеменің штабына жеткізіліп, Тараз қалалық Полиция басқармасының кезекші жедел-тергеу тобы келгенше сонда ұсталған. Сонан соң полиция қызметкерлерінің қолына табысталды.

Осы сәтте №8 бекет аумағында кезекшілікте тұрған қызметкерден мекеменің ішкі аумағында белгісіз екі тұлғаның шамамен түйіншек лақтырылған маңға қарай жүгіріп өткені жайлы хабар келіп түскен. Нәтижесінде, аталған аймаққа мекеме кезекші тобы мен Жамбыл облыстық ҚАЖД қызметкерлері, №5513 әскери бөлімінің наряды жөнелтіліп, мекемеде жазасын өтеп жатқан Е. У. және Р. С. есімді азаматтар қолға түсірілді.

Мекеме әкімшілігі мен №5513 әскери бөлімі қызметкерлері жүргізген іздестіру жұмыстары барысында мекеме аумағынан 1 дана жапсырма лентамен (скотч) оралған, шар пішінді түйіншек табылды. Оның ішінен SIM картасы мен IMEI-коды жоқ 1 дана смартфон, 10 таблетка «Трамадол» дәрілік заты мен 1 дана оттық бар екені анықталды.

Оқиға орнына жеткен Тараз қаласы ПБ кезекші жедел-тергеу тобы шақырылып, сот-химиялық сараптамасы тағайындалды.

Аталған жағдай туралы Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне, прокуратураға және ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаментіне хабар берілген.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.