Расулдың ісі әркімге үлгі боларлықтай

Бойында бар талантын талап қылып, жеке кәсібіне айналдырған хас шебердің бірі меркілік Расул Маллабаев. Бүгінге дейін аудандық Жастар ресурстық орталығында маман, директор, одан соң аудандық «Меркі тынысы» газетінде тілші болып қызмет еткен Расул Юсупұлы ағаштан ою ойып, түрлі бұйымдар жасауды қолға алған. Расулдың айтуынша, қолөнер оған анасынан дарыпты.

– 2015 жылы келіншегім Гүлнаурыз екеуіміз бірігіп ашқан шағын кәсіпкерлігіміз бар еді. Қыз жасауы, тойбастар, той шашулар жасаймыз. Күндіз жұмыста жүріп, түнде келіншегіме көмектесіп, ою-өрнектерін жасайтынмын. Ақылдаса келе Ресейден лазер аппаратын алдық. Бұрын бәрін қолмен ойып, түн баласына көз майын тауысып отырушы едім. Қазір жақсы болды, өрнектерді ағашқа сол лазермен оямын. Осы тамыз айынан бері заманауи аппараттың арқасында қолымыз ұзарды, – дейді өнерпаз кәсіпкер.

Шебер көп кездесе бермейтін бұйымдарды кітаптан іздеп, оны алдымен қағаз бетіне түсіріп, содан соң компьютерде өңдейді екен. Тек тойға қажетті дүниелермен шектелмей, күнделікті қолданатын қағаз майлық салғыш, тиын жинағыш, гүл салатын құмыра, қыз-келіншектердің әшекей бұйымдарын сақтайтын қобдишасы секілді тұрмыстық қажеттіліктерді де жасайды. Алдағы уақытта жиһаздарға ою-өрнек салып, жаңаша әрлемекші.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.