«Жусан» – жесірін қаңғыртпады, жетімін жылатпады

98

Жыл басында өткен Сириядағы соғыс аумағынан отандастарымызды елге қайтаруға бағытталған «Жусан» операциясы жөнінде сарапшы маман – Қарашолақов Жанболат Жолдасұлының пікірін білген едік.

Сіздің ойыңызша бұл гуманитарлық операциясының мән –мағынасы неде немесе қандай?

Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған бұл іс-шара әлемдік аренада Қазақстанның бейбітшіліктің жақтаушысы екендігін және де басқа мемлекеттер алдындағы халықаралық қауіпсіздік тұрғысынан өз жауапкершілігін айқын көрсеткен саяси акті болды. Яғни, жат ағымның жетегінде кеткен қандас-бауырларымызды елге қайтару арқылы, тұрақты қоғамды қалыптастыруға күш салып жатқандығымызды айғақтайды. Осы тұста тағы бір айта кетерлік жайт, жеке өзіме операцияның атауы қатты ұнады. Құтқарлыған 47 қазақстандықтың 30-ы балалар. Қазақта «Бір қой егіз тапса, бір жусан артық шығады» деген қанатты сөз бар. Бұл бүлдіршіндер кеше ғана жер жарып шыққан жусандар. Осы бір ауыз сөзді жақсылыққа баладым. Жалпы, мұндай локалдық қақтығыс аймақтарынан өз азаматтарын елге қайтаруға бағытталған операцияларды бұған дейін бірнеше мемлекеттер жүзеге асырған. Мәселен, Ұлыбритания, Германия, Ресей сынды және бірқатар Еуропа мемлекеттері осындай іс-шараларды ұйымдастырды.Бұл бірінші кезекте, мемлекеттің басты байлығы – халық екендігін көрсетеді. Өз азаматтарын жат жерде өлім аузында қалмауына қам жеген қоғам мен алаудаушылық танытқан биліктің стратегиялық ұтқыр шешімі.

Азаматтық қоғамда саяси плюрализмнің болатындығы анық. Яғни көзқарастардың сан алуандығы болуы шартты. Осы ретте көпшілік ішінде жат ағымның жетегінде кеткен жандарды елге қайтарып не керек деп жатырғандар бар. Осыған не дейсіз?!

2012-2014 жылдар халықаралық қауіпсіздік тұрғысынан баршамызға ауыр уақыттар болғаны шындық, себебі террористік ұйымдардың белсенділігінің артуы күн тәртібіне жаңа мәселелерді алып келді. Дәл сол жылдары Еуропа және Азия елдері арасынан ДАИШ-тың құрамына кірген адамдар өте көп болды. Біздің елімізден де Түркия, Мысыр және Таяу шығыс мемлекеттері арқылы шегара асып, «таза ислам» іздеп адасқан азаматтар жайлы естіп жататынбыз. Кейін олардың қатары күрт көбейді. Бірақ дәл сол тұста оларға ешкім шектеу қойған жоқ. Мәселе сонда.

Уақыт өте келе террористік ұйымдар арасындағы қақтығыс алаңдарынан түсірілген бейне жазбаларда ел азаматтарының көзге түсуі мемлекетті алаңдатқаны рас. Оларды қайтаруға келгенде қоғамның ойы қақ бөлінді. Себебі, террористік ұйымдар оларды өз мемлекеттеріне қайта жіберу арқылы сондағы сенімді өкілі ретінде пайдалануы  мүмкін деген пікірлер айтылды. Әрине, бұл мәселе түрлі елдердегі қауіпсіздік ұйымдарының тәжірибесінде кездескен. Осы ретте тек әйелдер мен балаларды ғана қайтару керек деп тапқан, ал ер адамдар туралы ешқандай әңгіме болған жоқ.

«Жусан» операциясы нәтижесінде 47 отандасымыз елге қайтарылған болса, олардың 6-ы ер адам.  Ал, ер адамдар «Жихад» қатарына ерікті түрде қосылғандар.

Иә, дұрыс айтасыз. Ер адамдарда таңдау болды. Олар елге қайта оралған уақытта сот алдында жауап беретіндерін білген. Біле тұра қайта оралғысы келген. Себеп біреу – бас амандығы. «Жихад жасаймыз» деген жалған ұран екенін кеш түсініп, тірі қалудың жалғыз амалы осы деп тапқан. Шындығанда солай. Осы ретте біздің қоғамның жартысыоларды қайтарудың қажеті жоқ, азаматтығынан айырсын деп тапса, енді бірі кешірім беру керектігін айтты. Иә, жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Мұндай азаматтармен арнайы түзеу мекемелері мен қайта оңалту орталықтарындағы мамандар тікелей айналысады.

Адасқан азаматтар Сіз айтып отырған түзету мекемелері мен оңалту орталықтарында болмасын, орналасқан ортасына діни дүниетаным насихаттауы мүмкін бе?!

Мұндай жағдай орын алуы да әбден мүмкін. Мәселен, кезінде АҚШ мемлекеті әскерилері Ауғанстан жеріндегі террористік ұйымдарға қатысы бар күдіктілерді тұтқындап, «Гуантанамо» түрмесіне қамады. Олардың қатарында орта Азия мемлекеттерінің азаматтары көп болды. Тиісті оңалту жұмыстарынан өткен, мерзімі өтелген азаматтар өз елдеріне қайтарылған болатын. Бірақ уақыт өте келе әлгі азаматтар террористік ұйымдардың қатарына қайта қосылған фактілер жиі кездеседі. Міне, сол сияқты адамның бейнесі алдамшы келеді. Адамның ішкі ойы суға түскен тас секілді жасырынып, латентті күйде өмір сүре беруі мүмкін. Жоғарыда айтып өткенімдей, әлемде мұндай оқиғалар мен тәжірибелер көп кездеседі. Ал, біздің елге қайта оралған азаматтардың басым көпшілігі әйелдер мен балалар, яғни олар қолдарына қару алып көрмегендер. Сол себептен де ортамызға оралған отандастарымыздан күдіктенудің қажеті жоқ. Күні бүгінде 6 ер адам мен 1 әйел Сириядағы жасаған қылмыстары үшін отандық сот алдында жауап береді. Ал, басқа да азаматтар арнайы органдардың бақылауында болады.

Сұқбаттасқан: Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.