Жастарға артылған сенім мол | arainews.kz

Жастарға артылған сенім мол

202

Кеше облысымызға ҚР Парламенті Мәжілісінің депуттары Гүлнар Бижанова, Кәрібай Мұсырман, Уәлихан Қайназаров пен Бақытбек Смағұл жұмыс сапарымен келіп, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жаңа   Жолдауының  басым бағыттарын түсіндіру мақсатында жұртшылықпен жүздесті.  Халық қалаулылары әуелі Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылындағы «Жастар ресурстық орталығында» жастармен кездесті.                                

Басқосуда алғаш болып сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты  Гүлнар Бижанова еліміздің қарқынды дамуы жолында жастардың рөлі өте зор екенін, күні кеше Мемлекет басшысының жариялаған Жолдауы жастарды жарқын болашаққа жетелейтінін айта келе, кездесуге қатысушыларды  ашық пікір алмасуға шақырды.                         Келесі кезекте депутат, Ауған соғысының ардагері  Бақытбек Смағұл Жолдауда көрсетілген жастарға қатысты міндеттерді жүзеге асыру жолдарына тоқталды.                                       –Алдағы «Жастар жылы»  берекелі бастама   болғалы  тұр. Соны аманаттап жастарға табыстап отырмыз. Күні кеше ғана «Инвестиция – жастарға. Ешкімді тыс қалдырмайық» атты халықаралық конференция  өтті. Сол басқосуда  әлемнің 35 мемлекетінен 200-ден астам адам келіп,  Елбасы Жолдауында қолдау тауып отырған  жастар мәселесіне айрықша назар  аударды.  Осының барлығы ел ертеңі саналған  жастар үшін жасалуда,-деді халық қалаулысы.

Екі сағатқа созылған жүздесуде жастар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар  алды. Әсіресе, жастардың дені  қолжетімді баспанаға ие болу, «Бастау бизнес» сынды  жобалар арқылы  несие алып, кәсіп ашу  мәселелерін көтерді.

Осы күні  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің  депутаттары Кәрібай Мұсырман мен Бақытбек Смағұл облыстағы  салалық кәсіподақ ұйымының жетекшілерімен бас қосып, Жолдауда айтылған нақты бағыттар бойынша өз ойларымен бөлісті.  Кездесуді  «Жамбыл облыстық кәсіподақтар орталығы» аймақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген ашып, жүргізіп отырды. Шара барысында сөз алған Бақытбек Смағұл басты құжаттың басым бағыттарына кеңінен тоқталды. Өз кезегінде Кәрібай Мұсырман Жолдаудың өзегі-әлеуметтің әлеуетін арттыру екенін айтып, оны жүзеге асырудың тиімділігін нақты мысалдар келтіре отырып әңгімеледі.

Жиын соңында кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері көкейлерінде жүрген көп сауалдарын ортаға салып, тұшымды жауаптар алды.

А.Өзбекова,

 

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.