Мәдениет қызметкерлеріне бағдаршам болды | arainews.kz

Мәдениет қызметкерлеріне бағдаршам болды

385

Айніл ӘБУӘЛІ, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының гид-экскурсоводы

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бастапқыдағы кіріспе кезең болса, «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақала екінші бағындыратын белесіміз болып тұр.
«Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды» дейді Елбасы өз мақаласында. Өркениеттің бастауы өнер мен білімнен нәр алатынын ескерсек, біздің оңтүстік өңірде, қазіргі Жамбыл облысы орналасқан аумақта VII-X ғасырларда Жүсіп Хас Хажиб Баласағұни, Дулати Құсайынұлы Мұхаммед Хайдар сынды 50-ден астам ұлы ғұлама-ғалым өмір сүрген. Және тарихта Фирдоусидің «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген шумақтары сол кездің өзінде адалдықтың, парасат пен махаббаттың, өркениеттің болғанын дәлелдейді. Бір сөзбен айтсақ, Ұлы даланың жеті қырын көрсеткен Елбасының мақаласында айтылғанның бәрін тарихи жәдігерге бай Жамбыл өңірінен табасыз.
Тағы бір айтқым келгені – бұл мақала мәдени қызметкерлерге берілген бағдаршам іспеттес. Себебі, Елбасы түпкі мақсатқа жету жолында «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері» сияқты ірі жобаларды іске асыру керектігін айтты. Осы орайда, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы қолға алған «Әулиеата мұралары» атты әдеби көптомдығы жайлы айтқым келеді. Бұл жинақ Елбасы атап өткен «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығару бағыты бойынша дайындалып жатқан жоба.
Қорыта айтсам, мемлекетті рухани жаңғыртудың негізі сиқырлы бір әдісте немесе шетелден алынатын тәжірибеде емес, әрбір қазақстандықтың өз қолында.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.