Жамбылда «Zhas Project» жобасы аясында 762 жас жұмыспен қамтылады | arainews.kz

Жамбылда «Zhas Project» жобасы аясында 762 жас жұмыспен қамтылады

300

Биыл Жамбыл өңірінде алғаш рет «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы іске асырылып отыр. Жұмыссыз немесе жалақысы аз, мүмкіндігі шектеулі не ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жандарды қолдауға бағытталған бағдарламаға қатысу үшін 14-29 жас аралығындағы жастар бірнеше адамнан тұратын команда жасақтап, армандап жүрген істерін жүзеге асыруға мүмкіндік алып, 1 млн теңге қайтарымсыз грант иеленетін әлеуметтік жоба дайындады.

Ниет білдіруші жастар ауылды дамыту, білім және техника, салауатты өмір салты және спорт, мәдени тынығу, туризм, патриотизм мен азаматтық белсенділік, экология және абаттандыру, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлер бағытында жобаларын ұсынған. Нәтижесінде өңірде 222 жоба 219 239 456 теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп отыр. Бұдан бөлек, 216 120 000 теңге стипендия қарастырылған. Яғни, бұл стипендия жобаны іске асыратындарға 6 ай бойы жалақы ретінде беріледі. Жалпы, жеңімпаз атанған 222 жобаның 77-і облыс орталығынан болса, қалған 145-і аудандар мен ауылдық округтерден. Осы жоба арқылы алдағы уақытта өңірдің 762 жасы жұмыспен қамтылады, оның 33-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар.
Жоба қатысушыларына кәсіптік және құжаттамалық кеңес беру мақсатында Астана қаласынан келген тренерлер облыста 3 күн бойы арнайы іріктеліп алынған 53 менторға семинар-тренинг өткізіп, жобаны қалай іске асыру керектігі жөнінде кеңес беріп, бағыт-бағдар көрсетті. Өз кезегінде олар қала, аудандардағы жоба жеңімпаздарына жобаның іске асырылу барысын түсіндіретін болады.
Екі қолға бір күрек таппай жүрген облыс жастарына бұл үлкен мүмкіндік болып отыр. Алдағы уақытта кәсібінен нәсіп тапқан еңбекқор жастардың ұжымдық жұмысы көпшіліктің игілігіне ұсынылып, жемісін көретін болады. Осылайша белсенділік танытып, жобаға қатысқан жастар алдағы уақытта жас кәсіпкерлер қатарын толықтырады. 

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.