«Жасыл аймақ» акциясына Темірбек ауылының ақсақалдары атсалысты | arainews.kz

«Жасыл аймақ» акциясына Темірбек ауылының ақсақалдары атсалысты

19

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» атты бес апталық республикалық экологиялық акциясын өткізу туралы тапсырмасына сәйкес, қоғам үшін маңызы зор «Жасыл аймақ» тақырыбындағы іс-шара Байзақ ауданы, Темірбек ауылдық округінің Тегістік елді мекенінде өз жалғасын тапты.
Тазалық жұмыстарына ауылдық округтегі ата-апалар, әкімшілік аппаратының қызметкерлері атсалысты. Тегістік ауылындағы «Ардагерлер» аллеясында «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», — деген аталы сөзді негізге алған ауыл ардагерлері Әлім Халықұлы мен Мұхамеджан Садырқұлов бастаған қариялар немерелерімен бірге ағаш көшеттерін отырғызды. Осылайша ардагерлер қауымы немерелерімен бірге тал егіп, жасыл желектің көбеюіне үлес қосты.
— «Бабалар еккен шынарды балалар саялайды» демекші, бүгінгі жас шыбық ертең-ақ жайқалған алып бәйтерекке айналары сөзсіз. Бұл әрине ауданымызды көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына да айтарлықтай серпін бермек. Ардагерлердің жанды бастамасы — құптарлық іс, — дейді Темірбек ауылдық округі әкімінің уақытша міндетін атқарушы Әсет Мадишев.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.