Зауал | arainews.kz

Зауал

(Детектив)

251

VI тарау

1982 жылдың 11 қарашасында таңертеңгілік радиодан тұңғыш рет қаралы әуен орындалды. Бұрын-соңды қаралы әуен естімеген студенттер қауымы едеуір дүрлігіп, аң-таң болған. Телебағдарламалар тоқтатылып, дикторлар Бас хатшы Л.Брежневтің қайтыс болғанын хабарлап, елімізде үш тәулік қаралы күн деп жарияланды. Бұл кинолардан көріп, жадымызда жатталып қалған атақты Левитанның Ұлы Отан соғысының басталғанын хабарлаған сәтін еске түсіретін. Әділет университетке кетуге дайындалып жатқан, селт етіп тұрып қалды. Бір сәт өмір тоқтап қалғандай сезінді. «Апырай, енді не болар екен?» деген дүдамал сезім ішкі дүниесін әлем-жәлем етті. Бір жағынан енді бір үлкен реформалардың болатынын және оның Қазақстанның болашағына тарихи өзгерістер әкелетінін болжамдап үлгерді. Себебі, осы империя көп ұлттар мен халықтардың еркін дамуына мүмкіншілік бермей отырғанын ол түсінетін. Және тәуелсіздік туралы ойлар еркін айтылып, әр жерден бой көтеріп жатқаны да оның жадында.
Тіпті, 1960 жылғы мәскеулік қазақ студенттерінің «Жас тұлпар» ұйымы туралы да университеттің тарих факультетіндегі «Жеті муза» үйірмесінің жетекшісі Бақтажар Мекішев ағалары тынбай айтып жүретін. Сол бір тоталитарлық жүйенің белең алып тұрған шағында қазақтың ділі мен тілі үшін сонау Мәскеудің өзінде ұлт болашағы үшін шырқырап жүрген ағалардың тектілердің тұяғы екенін де Әділет білетін. Бір үлкен студенттер кездесуінде аты әйгілі қазақ ақынына:
– Сіз қазақтың ұлттық аспабы домбыраға қалай қарайсыз?, – деп сұрақ қойғанда ол кісі күлімсіреп тұрып:
– Еуропалық стильдегі вокалдық-инструментальдық ұжым алыс Африка еліне гастрольмен барған екен. Концерт соңында африкалық тайпа көсеміне концерт жетекшісі жақындап келіп:
– Қалай, сізге біздің концерт ұнады ма?, – дегенде тайпа көсемі:
– Әрине концерттерің жақсы, бірақ азан-қазан шулаған аспаптарың барабанға кесір жасап жатқан сыңайлы, – деп күлдіргі жауап берген.
Осы жауаптан-ақ қазақ ділі мен тілінің көтеріліп келе жатқаны байқалатын. Тіпті, әйгілі қазақ ақынының қазақ тіліне шорқақтығын осындай ұлтшылдығы мен ұлт мәдениетіне деген көзқарасы үшін кешіретін еді. Ұлтшылдық демекші, осы кезде ұлтжанды деген жаңа термин пайда болды, жоғарыдағы ақынымызды ұлтшыл деп айтуға батпай, ұлтжанды азамат деп бағалайтын. Себебі, көп Алаш азаматтары ұлтшылдығы үшін жазаланғанын бәрі білетін.
Әділет те ұлтжандылығы ұстап, домбыра қазақ халқының намысы мен қайратын шыңдайтын бірден-бір жәдігер болғандықтан, кезекті бір партия жиналысында факультетте ұлт аспаптар ансамблін құру туралы мәселе көтерем деп, едәуір «таяқ» та жеген болатын. Бәрі сол Калиновский мен Проговтардың саяси қырағылығының салдары.
Ал, Мәскеудің саяси бюросында бұл кезде билік үшін аяусыз күрес жүргізіліп, өмірінің соңғы кезінде «қуыршақ Генсекке» айналған Л.Брежневтің орта деңгейдегі партиялық әріптестері оның жақтастарын саяси аренадан ығыстыру шаруаларымен айналысып жатқан-ды. Бұл саяси науқаннан, әрине Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.Қонаевтың да тыс қалмайтыны белгілі. Себебі, 12 қаңтар күні 70 жылдық мерейтойына орай үшінші Алтын Жұлдызын алғаны және Қазақстанның он бес одақтас республикалар арасындағы айырықша беделі саяси бюродағы «Ленинградтық» деп аталатын топтың қызғанышын тудыратын.
Олар билік үшін күресте біраз жетістіктерге де жетіп үлгерген. Дегенмен, партиялық тәртіпті өмірлік мұратына айландырып, билік үшін күрестің ұңғыл-шұңғылын жетік меңгерген «кәрі гвардия» әлі де беталды билікті біреуге ұстата салудан аулақ болатын.
Партиялық иерархия бойынша Бас хатшының ізбасары болып Орталық комитет хатшысы, «Ленинградтық» топтың жас өкілі А.Кириленка табылатын. Алайда, 7 қараша мейрамын қарсы алу шараларын талқылауға арналған университет партия комитетінің жабық мәжілісінде оның портретін шеруге алып шықпау туралы ауызша тапсырма берілді. Әділет бұған таң қалмады, себебі бұған дейін Орталық басылымдарда мәскеулік жоғарғы лауазымды кісілердің, тіпті Бас хатшының қызы мен күйеу баласына қатысты әшкерелеу шаралары үдеп кеткен. Осы кезде әскери ғылыми зерттеу институтының директоры болған А.Кириленконың баласының шетелге қашып кеткені туралы да сыбыстар шыға бастаған. П.Кириленко саяси бюродан аластатылғаннан соң әрине Бас хатшылыққа Андропов,Черненко және Горбачев үміткер еді. Солай болды да.
Әділет бір сәт ойланып қалды, шын мәнінде осы бірінен соң бірі ауысып жатқан Бас хатшылар несімен есте қалды десек, айтарлықтай мемлекет пен халық өміріне өзгеріс енгізетіндей шаралар байқалмайды. Көбі өздерін дәріптеу арқылы жеке бастарының беделін көтеруге тырысып, тарихи шындықтарды бұрмалаумен айналысатын сыңайлы.
Бұл ретте өздері конспектілеп әбден жалыққан Л.Брежневтің «Кіші жер», «Тың» шығармалары осыған меңзейтін. Бірде жазғы демалыста Әділет соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, батальон командирі дәрежесінде аяқтаған Махамбет атасына Ұлы Отан соғысының шешуші шайқастарының бірі кіші жер туралы айтқанда, атасы:
– Балам, кіші жер туралы соғыс кезінде біз естіген де емеспіз, ал соғыстың шешуші шайқастары тарихтан белгілі емес пе,- деп күрсінген.
Миллиондаған совет адамдарының өмірін жалмаған және осы соғыстың тағдырын шешкен Сталинград және Курск шайқастарына бастан-аяқ қатысқан ақсақалдың күрсінетініндейі бар еді. Себебі, соңғы кезде жариялылықты желеу етіп Сталиннің жеке басқа табынушылығы туралы жосықсыз мәліметтер, кей ретте Ұлы Отан соғысындағы жеңіске күмән келтіретін және «осы жеңіске батыстағы одақтастардың көмегінің арқасында қол жеткізілді» деген түсініктер қалыптаса бастаған. Ал, саясатқа құлағы түрік ақсақал жеңіс тек Сталинның асқан кемеңгерлігі, талапшылдығы мен тәртіптілігінің, сонымен қатар совет халқының адам төзгісіз жанқиярлығының арқасында мүмкін болған деп түсінетін.
Осыдан соң келесі «генсек» К.Черненко әскери қызметін өтеген Талдықорған өңіріндегі шекара заставасын бүкіл Одақтағы ең үздік застава деп жариялағанда Әділет аса таңғалмады. Орыс жазушысы Евгений Кукаркиннің «Кучер» атты саяси өмірбаяндық кітабында оның 1930-1933 жылдары НКВД-нің шекара әскерінің Хоргас шекара заставасында отряд командирі ретінде қызмет еткені және ВКП(б) мүшелігіне өтер алдындағы мінездемесінде пулеметші Костяның өткір оғынан жүздеген бейкүнә адамдар оққа ұшып, Сандырбаевтың бандасын қолға түсіруге қатысқаны айтылған. Ал, Сандырбаев Қытай мен Қазақстан шекарасында жайылым ауыстырып көшіп-қонып жүрген қарапайым қазақ болатын. Ақырында НКВД түрмесінде ату жазасын орындаушы жендеттің алып империяның құлағын ұстағаны кездейсоқ нәрсе емес-ті.
Әдетте қарапайым халық әрбір партия съездерінің баяндамаларында айтылған өздері үшін жасалынатын жағдайларға қалтқысыз сеніп, алдағы өмірге үлкен үмітпен қарайтын. Қандай аңқау халық, бәріне сеніммен қарап, жылдан жылға жақсылық күтумен келеді. Олар билік басындағыларды өздерінің мұң-мұқтажы мен әлеуметтің жағдайларын жақсартумен бас ауыртып жүр деп үнемі қателіктерге бой ұрады. Алайда, жоғарғылардың олардың мұң-мұқтажымен айналысатын уақыттары да жоқ еді. Әрине, олар өз халқын жек көруден немесе сыйламаудан аулақ-ты. Бірақ, билікті неғұрлым ұзақ мерзім ұстап тұру үшін сарай маңында жүріп жатқан мылтықсыз майдан олардың халық мұқтаждықтарын ойлауға мұршасын келтірмейтін.
М.Горбачевтың Бас хатшылыққа тағайындалғанын көптеген әріптестерімен бірге Әділет те сезікпен қарсы алды. Оның бойын үнемі бір құпия белгісіздік пен ертеңгі күнге деген сенімсіздік торлап алды. Тіпті, орыстың танымал сәуегейлері де «таңбалы Миша» ақырзаманға алып келеді» деп елдің үрейін ұшыратын…
Бас хатшы өзінің жылтыраған өңіне сай жалғандығымен және тәрбиесіздігімен ерекшеленді. Өркөкірек әйелімен мемлекеттің беделі мен ар-намысын аяқасты еткенін көріп Әділет қапаланатын. Көп ұзамай-ақ,
Миша мырза!
Жақсы еді келмегенің,
Қай бетің бар келетін елге сенің?!
Халқы сүйген Димашты даттадың-ау,
Жоқ болған соң өзіңде сенген елің, – деп, белгілі ақын жырға қосатынын сол кезде Әділет сезген еді.

Әбиірбек ҚОНЫСБАЕВ
(Жалғасы бар)

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.