Ашық ойдың алмас қылышы | arainews.kz

Ашық ойдың алмас қылышы

359

1990 жылы 6 наурызда редакторлардың редакторы, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртаза Жезқазғанға келді. Ол кезде мен Жезқазған облыстық «Сарыарқа» газетінде жауапты хатшы болатынмын. Шерағаңды редакцияға кездесуге шақырдық. Жазушымен әртүрлі тақырыпта әңгіме өрбіді. Кездесу соңында жазушының қолтаңбасын алып тұрып мен ол кісінің жерлесі – жуалылық екенімді айттым. Сол күннен бастап Шерағамен таныс болып, сәлемдесіп, телефон арқылы хабарласып тұрдым. Арада он жыл өткенде мен «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болдым. Ол кезде Шераға зейнетке шығып, редактордың кеңесшісі қызметін атқаратын. Ал, 1999 жылы Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат болып тіркелуі жазушымен арамызды жақындата түсті. Сайлау қарсаңындағы тартыс ерекше болды. Ол кезде қазіргідей партияның атынан тізім арқылы Парламент мандатына ие болу жоқ. Депутат болам деген азамат ел аралап, күндіз-түні өзін насихаттау жұмысымен айналысты. Ол кезде Шерағаның халық арасындағы беделі өте жоғары болатын. Соған қарамастан жазушы: «Мен Шерханмын!» деп кеудесін қақпады. Өзіне тән мінезбен шындықты шыжғырып айтып, «бетегеден биік, жусаннан аласа» болды.
Қазақтың біртуар азаматы, халық жазушысы Шерхан Мұртаза еліміздің көптеген жерлерінен «біздің окургтен дауысқа түсіңіз» деген шақыруларын қанағат сезіммен қарсы ала отырып, бұл жолы тұңғыш рет туған өлкесінен Парламент Мәжілісіне депутаттыққа кандидат болып тіркелді. Сол күннен бастап мен Шерағаңның «Сенімді өкілі» ретінде Талас, Сарысу, Жамбыл және Жуалы аудандарының сайлаушыларының алдына шығып, Шерағаңа депутат мандаты не үшін керек екенін айтумен болдым. Шерағаңмен екі ай бірге өткізген мағыналы, тағылымды күндерім ұмытылмас оқиғаларға толы болды. Сол кезде болған кейбір оқиғаларды, Шерағаның айтқан сөздерін қағазға түсірген едім. Қазақстанның халық жазушысының сол кезде айтқан ой-пікірлері бұл күнде өмірімізде көрініс тауып жатқандығы қуантады.
Шерағаңның «41-ші жылғы келіншек», «Табылған теңіз», «Қара маржан», «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» атты керемет шығармалары туралы тұщымды ой, тың көзқарас білдіре отырып, ұлы жазушының таланты туралы толғана жазуға болады. «Бір кем дүние» атты философиялық шығармасы туралы да талай тұщымды ой айтылған, жазылған. Осы туынды жазылып жатқанда мен жазушының жанында жүрген едім. Бір сөзбен айтқанда, қазақ әдебиетінің классиктерінің бірі Шерхан Мұртазаның жазушылық таланты туралы көп жазылды. Оның қайраткерлігі, публицистикасы жайлы да аз айтылған жоқ. Ал мен толық адам, жазушы, қайраткер, күрескердің бір сәттік өмір көріністерінен көзім көріп, құлағым естігеніді ғана қағазға түсірдім.
Бүгінгі күні халықтың рухына айналған қазақтың біртуар ұлы Шерхан Мұртазаның өмірден өткеніне қырық күн болып қалыпты. Бір кем дүниенің сұмдығы осы! Бірақ, ұлы жазушының артында өшпес, мәңгілік сөз бен іс қалды!

«ӘРКІМ БІЛГЕНІН ЖАЗАДЫ…»
Қарасаз ауылы.
11.08. 1999 жыл. Сағат 9.30.

… Шераға баспалдақпен көтеріліп бара жатып, қыран қабағын керіп тастап, залға қарады да, бар даусымен сөйлей жөнелді.
– Хан алдына барғанда қайтармады тілімді,
Би алдына барғанда би таппады мінімді,
Өз еліме келгенде итке берсін күнімді,- деген екен бір ғұлама. Сіздердің қараңызды көріп мен де сол күйді басымнан кешіп отырғандаймын. Еліміз деп, жеріміз деп келгенде көретініміз осы ма еді? Жуалымыз дархан, мұнда ешқашанда аштық болмаған, руға бөлу жойылған деп жүргенімізде жиналған түріміз осы ма? Аздың аты шықпайды, жолы қия болады. Сәл қателессең болды ана-а…у құзға бірақ құлайсың,- деді де, Шерағаң сайлаушылармен сөзді бірден өзі бастап кетті. Бұған мен қатты қуандым. Себебі, Шерағаңның сенімді өкілі ретінде ең алдымен мен сөйлеуім керек. Шерағаң туралы ел алдында айту оңай емес. Сөзімді халық жазушысы қалай бағалайды, гәп сонда.
Шерағаңның арқасы қызған, тоқтамай көсіле сөйледі. Баспалдақпен көтеріліп бара жатқанда айтқан назын да ұмытқандай. Оның да өзіндік себебі бар, асықпайтын қазақ біртіндеп келіп, үлкен Мәдениет үйінің ішін толтырды. Содан күш алды ма, әйтеуір Шерағаң көсілді. Сонысына қарай сұрақтар да шашылды. Кездесу аяқталуға жақындағанда алдыңғы қатарда өзгелерден орындығын оқшаулау қойып отырған ақсақал орнынан тұрмай-ақ:
– Сен… (тура осылай бастады ол сөзін) өзіңнің туыстарыңнан басқаларды жазбайсың. Атап айтқанда Тұрарды көп жаздың. Неге сіргеліден шыққан Елшібек батыр туралы жазбайсың?
Ол осылай деді де үнсіз қалды. Жиналғандар тып-тыныш. Мен демімді ішке тартып, Шерағаңа қарадым. Астыңғы салыңқы ерні жыбырлап, жер тарпыған тұлпардай салмағын бір аяғынан екінші аяғына ауыстырып, одан соң екі аяғын да тең басып, алтын жалатқан көзәйнегін жоғары көтеріп, әлгі кісіге емес елге тура қарады.
– Кім айтты?!
Даусы саңқ ете қалды. Кейбіреулер селк етті.
– Кім айтты, мені тек туыстарын ғана жазады деп! Мен Қарағандының көміршісін, Арқалықтың диқанын, Жаңатастың кеншісін, Теміртаудың шойын қорытқан батырын жазғанымды ұмыттыңыздар ма? Рас, Тұрар Рысқұловты жазу үшін өмірімнің отыз жылын сарп еттім. Тұрардың маған туыс болғанына жазықтымын ба? Ал, тіпті, жазуға тұрарлық туысың болса оны жазса айып па? Елшібек батыр сіздің туысыңыз болса неге жазбайсыз? Біреу қолыңыздан қақты ма?..
Тағы да бір сәт үнсіз қалды. Ойын жинақтап тұр деп айту қиын, мұндайда Шерағаң түйдек-түйдек сөз ағынын тасытады. Сол кезде айтқан шындыққа толы сөзі біреуге оқтай болып тиіп, жазушыға деген көңілі қалып қоятын сәттер де болады. Қазір көкем сондай сөздерін жұтып жатқандай көрінді. Өзіне өзі басу айтқандай.
– Бір сөзбен айтқанда, білгенімді, көргенімді жаздым. Бала кезден санама сіңген қасиетті сөз еттім. Әркім білгенін жазады! Солай болуы да керек.
Залды ду қолшапалақтау кернеп кетті.
Шераға бір сәт үнсіз қалды. Қабақтарын кере, салмағын бір аяғынан екіншісіне аударып, айтатын сөзін жұптап тұрғандай, жерден жем іздеген сәйгүліктей қалың еріндері жыбырлайды. Әлден соң сөйлей жөнелді.
– Сөзімнің басында айттым ғой, талай жерді араладым. Американы, Еуропаны, Араб жерлерін араладым. Сөз сөйледім, тыңдады. Патшаның алдына да бардым. Сөзіме ұйыды.
Депутат мандатын бір сәт қажетсінбей, жазумен айналысайын деп едім тыныштығымды айналамда болып жатқан дүрбелең бұзды. Қазақстанның о түкпірінен де, бұ түкпірінен де телефон шалып, «біздің округтен депутат болыңыз» дегендер көбейді. Одан кейін ойландым. Елімізде түйінді мәселе көбейіп кеткендей көрінді. Сонда қалай болғаны, жыртық пен тесікті мен ғана жамай алам ба?! Бұл күпірлік емес пе? Сығалап қарасам менен олар ой бастауды, сөз бастауды сұранып тұр. Түйінді заң арқылы, Парламенттің ақылымен шешуге бола ма?! Мен білетін болсам, төрт жылда бес жүздей заң қабылданыпты. Бірақ соның барлығы жұмыс істеп жатыр ма?! Қабылданған заң, сайланған Парламент құнарлы, қауқарлы болса, елге құт, бос сөз болса, жұт болмай ма?! Бос сөзге тойғанбыз.
Ойланып қалғандай жиналғандарға көз тастады. Қолдау күткендей. Бірақ ешкім үн қатпады. Төрдегілер тұнжырады.
– Біздің тәңіріміз – ауыл! Бізге әлі ұзақ уақыт ауылдың қаймағын бұзбағанымыз дұрыс! Себебі, ауыл – қазақтың жаны, рухы, тілі, діні. Одан айрылсақ, қалаға келіп жұтылып кетсек, халықтық бейнемізден айрыламыз. Сондықтан орнығып, толысып алған соң, өзімізді-өзіміз танып, жоғымызды түгендеп, айналамызды біліп алғаннан кейін ғана қалаға қарай қозғалуға болады. Қазір жабылып қалған клуб, кітапхана ашылсын! Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар ауылдастарының алдына шығып, болып жатқан дүрбелеңнің тұздығын түсіндірсін! Мұндай істі 1917 жылы Тұрар бастаған Әулиеата жастары жүзеге асырған…
Шераға тоқтады. Зал үнсіз. Бағанағы орынсыз сұрақ қойған ақсақал орнынан тұрды.
– Аналайын, Шерхан, жыртығымыз көбейіп бара жатыр. Ауылымыз азып, сары уайымға салыну бар. Сен осындай жалынды сөздеріңмен, отты ойларыңмен бізді оята, ойландыра бер. Жолың болсын! Біз сенің сүйенішің боламыз. Әумин…

«ОН ВОЛК… ВОЛК В КЛЕТКУ НЕ ВЛЕЗЕТ…»

Күн сайын кешке кездесулер біткеннен кейін Шерағаны туған ауылы Талаптыға жеткізген соң, өзім ауылдарды аралап, елдің ішіндегі әңгімелерге құлақ түремін. Әр жерден әртүрлі әңгіме естиміз. Пәленше «ұн беріп жатыр екен». Түгенше Құдайы тамақ беріп, ауыл ақсақалдарының иығына шапан жауыпты. Анау «ауылға диірмен салып беремін» депті. «Ананың ақшасы көп екен, теңге таратып жүр» дейді. Ауылда әлі теңгені қолына ұстап көрмегендер үй-үйді аралап, байға дауыс беруге үгіттеп жүр дейді. Осы тақылеттес әңгіме өте көп.
Күндегі қалыптасқан дәстүр бойынша таңертеңмен Талаптыға жеттім. Шай үстінде естіген әңгімелерімнің ұшын шығардым. Үнсіздік. Шерағаның туған інісі Батырхан көкем де, жеңгейлер де үнсіз. Ешкім ешнәрсе естімегендей. Сәлден соң Шераға маған бар денесімен бұрылды да:
– Құдай сатып алған атақ-абыройдан, өтірік айтып, бедел жинағаннан сақтасын! Ешкімнің алдына барып, алақан жаймаймын. Халық өзі біледі кімнің кім екенін. Депутат болмасақ өліп қалмаймыз. Қолымыздағы қаламымызды ешкім тартып алмайды. Өзгені қайдам, өзіміз ондайдан таза болайық, – деді де, – Бүгін қайда барамыз? – деп, маған тесіле қарады.
– Жамбыл ауданының Бесағаш жағын аралаймыз. Айшабибіден Нәбиді аламыз. Кеше «Дайын тұрыңыз!» деп айтып кеткенмін.
– Жақсы, онда кеттік. Бұрылып Ақбілекке қарады.
– Кешкі тамақты осынан ішеміз. Әлгі көкпардың дамуына үлкен үлес қосқан шабандоз әрі ауыл әкімі Рүстемнің ұлы Нәбиді ерте келеміз. Ол әңгіменің кені, жақсы айтады, төндіріп, сендіріп айтады, – деді де машинаға қарай жүре берді.
Нәби Рүстемұлы бізді Айшабибі ауылдық әкімдігінің кеңсесінің алдында бір топ жігіттермен бірге көтеріңкі көңілмен қарсы алды.
– Шераға, мен кеше көкпаршылармен сөйлестім. Бәрі сізді қалап отыр. Оның үстіне көкпаршылар үшін ат үстінде тұрып, бәтуаласқаннан аса қасиетті ешнәрсе жоқ. Уәделерін бұзса жылқының киесі ұрады. Оны мына Мұхтар Құдайбергенұлы да растайды, – деп жанында тұрған орта бойлы қара торы кісіні көрсетті.
– Бұл кісі осы ауылда беделді азаматтардың бірі. Сізді жан-тәнімен жақсы көреді, – деген ол, Шерағаға сөзімді қалай қабылдады дегендей сынай, сығырая қарады.
Жазушының көңілі көтеріліп қалды. Жымың-жымың етіп, бізге күле қарады.
– Апырай-а, ат үстінде тұрып бәтуаласқан аса қасиетті дедің бе? Сонда олар уәдесіне берік болады ғой…
– Иә, солай, – деді Нәби.
– Кеттік, – дедім мен. – Уақыт болып қалды…
Нәби тұтыға сөйлеп тұр. Кездесуге келгендер арасында орыс тілділер болған соң Нәкең орысша сөйлей бастады. Бір сөзімен бір сөзі қабыспай, қайта-қайта шашала берді.
– Короче говоря, он волк… волк в клетку не влезет. Ни в какую клетку не пойдет. Он вольный волк, қасқы…р, – демесі бар ма?!
Шерағаң маған бұрылды.
– Нәби бауырым не деп тұр? Мені қасқыр дей ме? Еш болмаса көкбөрі десе қайтеді?!
Жазушы жымиып, тағы да Нәбидің сөзіне құлақ салды.
– Ноқтаға басы симайды, дегені ғой, – дедім жай ғана.
– Солай ма? – деп жазушы тағы жымиды.
– Ноқтаға талайлардың басы сыймаған. Мені де солай дей ме? Қызық екен,- деген Шерағаң бір сәт үнсіз қалды. Сәлден соң басын көтеріп алып жан-жағына көз тастады. Нәби аға әлі орысшалап, депутатқа кандидаттың «қол бала» болатын азамат емес екенін дәлелдеуге ұмтылып, шашалып, тұтығып сөйлеп жатыр.
– Әттең, есіл орысшасы шығын болатын болды ғой. Енді арыстан демесе болғаны. Оны дәлелдеу үшін де біраз уақыт керек ғой… Қоя қойғаны дұрыс…
Шерағаңның ақылымен сөзге мен араласып, Нәбиді демалдырдық.
Кешке Талаптыға келдік. Нәкеңнің бүгін сайлаушылар алдында сөйлегендегі шешендік өнерін еске алып, бір желпініп қалдық. Ал, Шерағаң болса естімей отырған кісідей үн қатқан жоқ. Біз әңгімені ұзартып бара жатқан соң сөзге араласты.
– Болды енді. Нәкең барын салды. Шын жүрегімен айтты. Ондай сөз естір құлаққа тез жетеді. Жүректен шықпаған жалған сөзден Құдай сақтасын…

ТҰМАҚ БАЗАРЫНДА КЕЗДЕСКЕНШЕ…

Сайлау күні жақындаған сайын менің қобалжуым көбейді. Әр жерден әртүрлі әңгімелердің шеті шығып, «пәленше елге ақша таратыпты, Құдайы тамақ беріп отырып, есіп сөйлеп, «біз өтеміз» депті деген дауыстар естіліп жатты. Сондай күндердің бірінде Көпен досым телефон шалды. Оның да Түркістан облысынан депутаттыққа кандидат болып тіркелгенін естігенмін. Алдымен мен құтты болсын айттым.
– Қайдағы құтты болсын. Бұзауламаған сиырдың уызын айтып тұрғандайсың… Мен Шерағадан бата алайын деп едім, ауылда ма, жолықтырасың ба? – деді. Мен: «Кел», дедім.
Атақты сықақшы, ақын, жазушы досым Көпен Әмірбек ертеңіне-ақ жетіп келді. Шерағам «О…батыр кел. Бұл Көпен деген батыр. Сөзі де батыр, өзі де батыр» деді де томаға тұйық біраз үнсіз қалды. Алдымызға шай-май келді.
– Көке, өзіңіз білесіз Көпен екеуміз бес жыл бірге оқығанбыз. Доспыз. Бұл да өзіңіз сияқты депутаттыққа түсіп жатыр екен. Еліме қызмет етсем дейді. Соған орай сізден бата алғалы келіпті, – дедім.
– Дұрыс қой, – деді де көкем тағы үнсіз қалды. Одан соң мен әр әңгіменің басын шалып, Көпен мен Шерағаны сөзге тарттым. Көпен Оңтүстікте болып жатқан сайлаудың тартыстарын әңгімеледі. Шай ішіліп болған соң Көпен қайтатынын айтты. Дастарханға бата жасап, орнымыздан тұрдық, далаға шықтық. Жазушы шәкіртіне бата беруге асығар емес. Көпен екеуміз бір-бірімізге көзіміздің астымен қарап қоямыз.
– Ал, Шераға, жұмыс көп, тартыс енді қызып келеді. Мен жүрдім, – деп мәшинесіне қарай бұрыла беріп еді, көкемнің даусы саңқ ете қалды.
– Көпен батыр, алыстан ат терлетіп менің батамды алғалы келген екенсің, сөзім басшыларға өтпесе де халыққа жетер… Қолыңды жай, бата берейін… Баяғыда екі түлкі келе жатса алдарынан тазысы бар, иті бар, ителгісі бар бір топ аңшы шыға келіпті. Қос түлкі жан ұшырып қаша жөнеліпті. Бір белге шыққанда екеуі екі жаққа айырылуға бет бұрған тұсында бірі тұрып, екіншісіне айқай салыпты: «Қош, тұмақ базарында кездескенше!» деп зыта жөнеліпті. Сол сияқты екеуміз Парламенттің төрінде кездесейік, жолың болсын! Халыққа ұлағатты сөз айта біл! – деп бетін сипады. Біз де бетімізді сипадық. Көпен қарқылдай күлді.
– Рахмет, Шераға, осыдан артық маған батаның қажеті жоқ. Сіздің де жолыңыз болсын, айтқаныңыз келсін! – деп ұстазының қолын қысты.

«ХАЛҚЫМНАН ҚУАТ АЛАМЫН…»
Жалпақтөбе ауылы.
17.09.1999 жыл. Сағат 16.00.

Ауыл ақсақалы Қаби Биболов мінбеден түскеннен кейін Шерағам көтерілді. Көзәйнегін көзіне ыңғайлап алып, айналасына қарады.
– Бұл ауылдың тұрғындары негізінен дүнгендер ме? – деп, ауылдағы ірі өндірістік кооперативтің бастығы, дүнген ұлы Тофик Ашировқа қарады.
– Иә, Шераға, бірақ бәрі қазақша біледі, – деді.
– Өркенің өссін! Шаңырағын тіккен жерге сіңемін, соны көркейтемін деген халық осылай болса керек. Осы ниеттерің сіздерді көбейтіп, көркейтіп жатқан. Көшелеріңнен облыс басшыларымен бірге жиі өтемін. Олардың қонақтарды қабылдау үйі осы жерде екенін өздерің жақсы білесіңдер. Көшелерің гүл жайнап, аулаларың балалардың күлкісіне толып тұрады. Сондықтан да мен сіздерді иманды халық деп ойлаймын. Мына Нәби мырза айтады: «Дүнгендер тасқа да гүл өсіреді» деп, «Сен ше?» деймін мен. Үндемей құтылады… Қой, негізгі әңгімемізді бастайық, келген шаруамызды айтайық… – деген көкем бір сәт үнсіз қалды. Байқағаным – Шерағам жұртты өзіне қаратудың, сөзін тыңдатудың шебері. «Әңгімені бастайық» дегені бекер. Бастап қойғанын өзі де жақсы біледі. Сондықтан да «сөзімді қалай қабылдады» деп, үнсіз қалғаны жиналғандардың көңіл-күйін бағдарлап тұрғаны.
– Бастай беріңіз, көке. Сөзіңіз мына Тофикке майдай жағып барады. «Көбейіңдер!» деп, 1992 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы ауылдың жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайларына неке куәлігін өз қолымен тапсырып тұрып айтқан. Бұлар басшыны қатты сыйлап, тыңдайды, – деген ол орнынан тұрып, сөзін одан әрі жалғастырды.
– Бұл ауылға Дінмұхаммед Қонаев атамыз да жиі келетін. Келген сайын осындағы шаруашылықты ұзақ жылдар бойы басқарған Тофиктің әкесі Махмұд ақсақалмен кездесіп, дидарласып, сөйлесетін. Димекең де «өсіңдер, өніңдер» деп батасын берген. Содан ғой бұлардың өсіп жатқаны, – деп ол жымиды. Залдағылар күлді. Шерағам қабағын керді.
– Не сонда ол кісілер қазаққа неке куәлігін тапсырмапты ма, «өсіңдер, мына байтақ даланы балаға толтырыңдар» деп бата бермепті ме?! Жиналғандар тағы күлді. Нәби орнына отырды.
– Қалай айтсаң да мен өзінен гөрі көршісінің жағдайын ойлайтын халқымнан, оның шуағынан қуат аламын. Көп болса қандай жақсы. «Көп қорқытады, терең батырады» деген аталарымыз. Сондықтан да халқым өссе, өзгенің алдында кішіреймесе, төмендемесе деймін. Оны биікке көтеретін салты, дәстүрі, тілі. Осыдан айырылып қалмаса деп жанталасам. Көп болсаң барыңнан айырылмайсың. Ащы болса да шындықты айтамын. Алдыңғы толқын ағаларымыз да солай істеген. Бауыржан көкем айтқан: «Өтіріктің балын жалап өмір сүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық!» – деп. Менің де жан ұраным осы!…
Көкем саңқылдап тұр. Бүгін көңілі көтеріңкі. Оны мен даусынан анық білемін. Көңілінде қаяу болса сөйлемей, даусы баяу шығады. Бірақ елдің алдына барғанда мұның бәрін ысырып тастайды. Тістеніп, айтар ойын нығыздап айтқанымен халықтың ығына үнемі жығылып тұрады. «Сендер» демей «сіздер» дейді.

«БІЛІМ, ҒЫЛЫМ – МЕМЛЕКЕТТІК МӘСЕЛЕ…»
Қарабастау ауылы.
15.09.1999 жыл. Сағат 11.00.

Шерағаң кездесетін елінің де, жерінің де жағдайын алдын ала жақсы біліп, зерделеп алатындығын аңғардым. Баратын ауылымызда кімдер тұрады, қандай азаматтар өткен, бір сөзбен айтқанда, бәрін біледі. Соған қарамастан осы мәселелер туралы сұрайды. Мен келе жатқан ауылымыз «Қарабастау» деп аталғанымен көпшілік «Билікөл» деп атайтынын, күнкөрісі малы мен көлдің балығы, ауыл әкімі Қойгелді батырдың ұрпағы Бекберді Кашкеев дейтін атпал азамат екенін айттым.
Клуб ауыл адамдарына лық толыпты. «Шерхан келеді» деген соң көрші ауылдардан да келгендер көп. Мұны естіп, көрген көкем ақжарқын мінезіне көшті. Қалың еріндерін кере, тістерін ақсита күліп: «Батырдың ұрпағы осылай болуы керек!» деп Бекбердінің арқасынан қақты. «Айналайын, сенің бұл жиналысқа қатысуың сайлау ережесі бойынша дұрыс емес. Билік өкілі сайлаушылар жиналысына қатыспайды, дегенімен барлық руль сендерде дейді ғой… Бізді, мына Мақаң-Арыстан екеумізді көл басында қармағыңмен күт», – деді. Арқа-жарқа күлдік. Жоспарымыз солай болатын. Бағана келе жатқанда көкеме айтып қойғанмын. «Көке, бүгін бір ғана кездесу өткіземіз. Қаласаңыз балық аулаймыз» дегенімде: «Е… мынауың дұрыс. Болмаса салпақтатып, шауып жүрміз. Таңның атысы, күннің батысы демейсің, аласың да кетесің. Бүгін бір беймарал демалайық» деген. Шерағаң балық ұстағанды қатты жақсы көреді. Сан сағаттар, масаға таланып, қармақтың қалтқысынан көз алмай отырғанын талай көрдім.
Кездесу өте бір мамыражай, көңілді өтті. Ауылдың сыйлы азаматы Сайлаухан Слямханов ақсақал көсіле сөйледі. Ол кісінің ойын Асқар Әлімбетов, Әбдірайым Уәшев жалғастырды. Көкем олардың сөздерін мұқият тыңдап, блокнотына түртіп алып жатты.
– Бауырларым, менің! – деп, сөзін жоғары дауыспен бастаған Шерағаң жиналғандарға тіке қарап, біраз тұрды да, саңқ етіп сөзін қайта сабақтады.
– Тозыңқыраған бетеріңдегі әжімдеріңнің тереңдей түскенін көріп, көңілім құлазып тұрғаны анық. Бірақ Тәуелсіздік деген тәңір үшін бәріне көну керек. Патшамыз, халқымыз аман болса қой үстіне бозторғай ұя салатын күн туады. Құнсызданып бара жатқан дүниенің бәрі орнына келеді. Мемлекеттік Туды сатып алуға мектептің қаржысы болмауы масқара! Біз осы қиыншылықтардың ауыр болмауы, жақсы күндердің тез келуі үшін айқайлап жүрміз. Қауқарсыз заң қабылдамауды, құны кеткен білім мен ғылымды дамытуды Үкіметтің тез қолға алуын сұраймыз. Білім мен ғылым – мемлекеттік мәселе, сондықтан да оларға қаржыны мемлекет беруі керек. Білім ауылдық деңгейде қалмауы қажет. Соны пара беріп, депутат болған адам талап ете немесе айта ала ма?! Міне, мәселе осында!
Көкем сұқ саусағын жоғары көтеріп, қалт тұра қалды. Менің көз алдыма Бауыржан Момышұлының тура осылай сөйлеп тұрған суреті елестеді. Мүмкін Тұрар Рысқұлов та осылай сөйлеген шығар. Бұл бауырларға қанмен сіңген қасиет екені анық…
– Иә, мәселе осында. Бірақ артынан шұқылап, айдап отырса, алдынан жетектесе есек те шыңға шығады… Ел сілтідей тынған. Шерағаң тамағын бір қырнап алды да қайта, нығырлай сөйлей жөнелді.
Халқымыз азбасын, тозбасын, сіздерге Алла тағалам еңбек пен төзімділік берсін! Еңбек пен төзімділік бәрін жеңбек…

Мақұлбек Рысдәулет,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.