Дін саясатында төзімділік керек | arainews.kz

Дін саясатында төзімділік керек

524

«Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсыры бойынша»

Жалпы діни төзімділік пен кеңпейілдікті негізге алған ислам дінінде біреуді өз сеніміне күштеп кіргізу, болмаған. Мұхаммед пайғамбардың өнегесіне басшылыққа алған мұсылмандар қай кезде де қасиетті Кітап иелеріне зор құрметпен қараған. Кітап иелерінен қыз алуға болатыны, солар құрмет тұтатын бүкіл пайғамбарларға құрметпен қарауға шақыруының өзі де исламның басқа дін өкілдеріне қаншалықты ілтипатпен қарағанына дәлел. Халифалар дәуірінде де мұсылмандарды паналаған өзге дін өкілдеріне ешқандай қысым жасалған жоқ, қайта олардың құқы әркез қорғалып отырды. Діни төзімділік дәстүрі үзілмеді. Осының әсерімен еврейлердің Абдуллаһ ибн Сәләм сияқты айтулы ғалымдары Исламды қабылдағаны белгілі.  Ислам қоғамында христиандарға және олардың шіркеулеріне құрметпен қаралды. Шіркеудегі түрлі мүсінді тастарға, мозаикаларға, суреттерге, арнайы мерекелерде тағатын айқыштарына, қабірлері мен жаназаларына құрмет көрсетілді. Мәселен, Синай тауындағы Синай монастырлығы ІІІ ғасырда салынған ғимарат. Ол христиан тарихында алғашқы шіркеулердің қатарында болғандықтан мұсылмандардың қолына өткенде мешітке айналдырылмаған. Тек қана мұсылмандардың нышаны ретінде бір бөлмесі ғана намаз оқуға әзірленген.  Стамбулдағы Аясофия мешіті де осының айғағы. Әлі күнге христиандардың шіркеуі ретінде тарихи естелік болып сақталған. Бұндай үлгілерді бүкіл ислам әлемінен байқауға болатынын еске саламыз. Айталық, Дамаск мешітін кеңейту үшін Яхонна шіркеуіне сызат түсірген халифа әл-Уәлид ибн  Абдулмәликтің қателігін халифа Омар ибн Абдулазиз түзеуге тырысқан. Мұсылман билігіне қарасты төленетін салықтың өзі шамасы келетін еркектерден алынып, әйелдерден, балалардан, поптар мен мүмкіндігі жоқ науқас, соқыр, кедейлер мен құлдардан алынбағандығын христиан зерттеушілері зор құрметпен жазған. Мұхаммед пайғамбар «Сендерге кітап иелерін, яғни христиан мен еврейлерді аманат етемін»деп өсиет қалдырған. Басқа бір хадисте «Кімде-кім кітап иелерін жәбірлесе, ақыретте мен оның дұшпанымын» деп қатаң ескерткен. Ендеше, өзге діндерді тілдеместен олармен ортақ тіл табысуға тырысу, ислам дінін оларға дұрыс жеткізу мұсылмандардың ең негізгі міндеті болмақ. Қорыта келгенде, Ислам діні өзге дін өкілдерімен қатар өмір сүргенде бейбітшілікті, ымыраластықты, өзара татулық пен діни төзімділікті негізге алуға үндейтінін көреміз. Жалпы алғанда әлемдік діндердің қай-қасысының да өзегінде ұлтына, сеніміне, нәсіліне қарамастан адамды сүю, бір Жаратушыға сену, ізгілікті қағидаларды ұстану, діни төзімділік идеялары жатқаны анық. Бұл әлемге өзін дінаралық әрі мәдениетаралық татулықты жақтайтын ел ретінде танылған Қазақстан республикасы үшін де аса маңызды. Елімізде мекендеп жатқан 70 пайыз мұсылман дінінің өкілдері үшін өзге дін өкілдерімен ынтымақ жарастырып, ұлттар татулығын сақтауда діндер тарихында кездескен діни төзімділіктің үлгілерін өнеге ету күн тәртібіндегі мәселе. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ съезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мынадай бір мәнді сөз айтқан еді: «Жаратушы – жалғыз, дүние – ортақ, аспан асты – кең, ендеше, біз бір атаның баласы, бір ананың перзенті ретінде бір-бірімізбен береке-бірлік пен ынтымақта өмір сүруіміз керек». Бұл идея дін өкілдері татулығын, дінаралық төзімділікті ту еткен Қазақ елі үшін   ешқашан өзектілігін жоймайды деп білеміз.

 

Ержан Аманбаев,

Дінтанушы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.