Еуропаны таңғалдыратын кез келді | arainews.kz

Еуропаны таңғалдыратын кез келді

«Астана» өз тобында көш бастап тұр

181

Кәрі құрлықтың ең айтулы аладоп ала­ма­ны­ның бірі сана­ла­тын Еуропа лигасында елордалық «Астана» клубы топ бастап тұр. Алдыңғы жылдары Еуропаның «екі көзін төртеу» қылып жүрген жігіттеріміз биылғы маусымда да «айды аспаннан бір-ақ шығаруда». Ел чемпиондары ішкі біріншілікте алтыннан алқа тағып қана қоймай, енді міне, төрткүл әлем көз тіккен доп додасының плей-офф кезеңіне өтуге біртабан жақын.

Жалпы, «Астана Аренада» өткен 4-тур ойындары басталмай тұрып, әлем сарапшылары елордалық команданың чехиялық «Яблонецке» шамасы жетпейтінін алға тартып, сәуегейсіген болатын. Алайда, жігіттеріміз болжаушылардың аузына құм құйып, шын жүйрікке тұсау жоқ екенін танытты. Төреші ысқырығы естілген бойы шабуылға лап қойған «астаналықтар» бірінші нөмірмен ойнап, қарсыластар қақпасын қос бүйірден қыспаққа алды. Және ұрымтал сәттерде қақпаны нысанаға алып, қауіпті соққыларын үсті-үстіне үдете түсті. Осындай сәттердің бірінде бұрыштамадан көтерілген допты сәтті қабылдаған Педро Энрике гол соғып, «Астананы» алға шығарды. Небары 18-минутта соғылған голдан кейін чехиялықтар есеңгіреп қалғандай көрінді. Тіпті, өз аяқтарына өздері шалынысып, тегіс жерде доптан да айырылып қалып жатты. Дегенмен, 41-минутта бұрыштамадан көтерілген доп Бахтияр Зайнутдиновке тиіп кетіп, «астаналықтар» өз қақпаларына өздері гол соғып алды. Әрине, мұндай сәтсіздік футболда болып тұратын құбылыс. Бірақ, Бахтиярдың автоголы бірінші таймда жанкүйерлерді біршама мазасыздандырды.
Екінші таймда ел чемпиондары алаңға ерекше қарқынмен шықты. Қарсыластар қақпасына аш бөріше атылған шабуылшыларымыздың ширақ ойынын көріп, көңіліміз қайта көтерілгендей болды. Алайда, 55-минутта қорғаушыларымыз өрескел қателікке бой алдырып, қақпамызға екінші голды жіберіп ала жаздадық. Абырой болғанда чехиялық ойыншы Эдуард Соболь допты қақпадан сәл ғана қиыс тепті. Матч соңына таяған тұста бас бапкер Бабаян алаңға Роман Мұртазаевты шығарып, шабуыл шебін күшейтті. Осыдан кейін, жігіттеріміз чехтардың айып алаңына толық құраммен өтіп, онминуттықта нағыз «шторм» жасады. Бұл нәтижесіз де болған жоқ. Кездесудің 88-минутында бұрыштамадан көтерілген допты Евгений Постников шиыра теуіп, торда тулатты. Есеп 2:1.
Осы голдан кейін «жанымызды шүберекке түйіп», секундтарды санағанымызды жасырып қайтейік. Барлығымыздың аңдығанымыз бас төреші Иштван Водтың финалдық ысқырығы болды. Тоқсан минут түгесіліп, қосымша уақыт біткенше де қорғаныста сауатты ойнаған отандастарымыз ауадай қажет үш ұпайды қоржынымызға салды. Нәтижесінде «Астана» 8 ұпаймен «К» тобында көш бастады. Және төрт ойында 7 гол соғып, 4 гол ғана жіберді. Турнир кестесінде екінші сатыда тұрған даңқты киевтік «Динамоның» өзі қақпасына алты бірдей гол өткізіп алды. Ал, үшінші орында тұрған француздық «Реннің» еншісінде бар-жоғы үш қана ұпай. Көш соңында келе жатқан «Яблонецке» екі ұпаймен енді топтан шығу екіталай.
Сонымен «Астана» биылғы маусымда Еуропаны тағы таң­ғал­дыруда. Чехиялық коман­даны тізе бүктіргеннен кейін елордалық клуб кәрі құрлықтағы ең үздік 50 команданың құрамына енді.
Футболшыларымыз енді 29 қараша күні «Динамомен» күш сынасады. Одан кейін, 13 желтоқсанға «Реннге» қонаққа барады. Осы екі кездесуде білгенімізден жаңылмасақ, плей-офф жолдамасы қоржында дей беріңіз. Отандастарымызға тек сәттілік жолдас болсын деп тілейік.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.