Шудың спортшылары жарады | arainews.kz

Шудың спортшылары жарады

213

Жуырда Алматы қаласында қазақ күресінен 2004-2005 жылдары туған жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтті. аталмыш чемпионатта біздің ауданның намысын үш бірдей балуан қорғап, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, №30 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен 60 келі салмақ бойынша күрескен Диас Тұрлыбек 1-ші орын, 38 келі салмақта Жалғас Бекбосын 2-ші орын, 46 келі салмақта Ринат Бүркітбай 3-ші орынды иеленді. Шу ауданының абыройын көтерген жас спортшылардың осындай жетістікке жетуіне ықпал еткен жаттықтырушылары Арман Смайыл мен Алтай Сейтов екендігін ерекше атап өткен жөн.

Сонымен қатар, Өскемен қаласында таеквондодан 2005-2007 жылдары туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп, Сәду Шәкіров атындағы орта мектеп оқушысы, қазіргі таңда Тараз қаласында облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған спорт интернатының тәрбиеленушісі, №30 БЖСМ-нің жаттықтырушысы Марат Тілеуқұловтың шәкірті Нұрасыл Қуандық жүлделі 1-ші орынды жеңіп алды. Ауданның намысын бәсі жоғары додадаларда қорғап жүрген спортшы бұған дейін де көптеген биіктерді бағындырғанын айта кету керек.

Ал Тараз қаласында өткен қол күресінен Жамбыл облысының чемпионатында Мурат Гафуров пен Полат Давришев 1-ші орын, Руслан Махсудов 2-ші орын, Бекир Гафуров пен Рамиль Айвазов 3-ші орынға ие болды. Бүгіні күні оларды жаттықтырушылары Бахтияр Расулов Талдықорған қаласында өтетін ел чемпионатына дайындауда.

Спорттағы жетістіктерді ауданның нәзік жандылары да толықтыруда. Жуырда Тараз қаласында баскетболдан 2006-2007 жылдары туған қыздар арасында Жамбыл облысының чемпионатына қатысқан қыздарымыз қарсылас шақ келтірмей, 1-ші орынды жеңіп алды. Осылайша, ҚР чемпионатының жолдамасына қол жеткізді. Ал біз олардың жаттықтырушысы Серік Курамаевқа алғыс білдіреміз.

Одан бөлек, таяуда Талдықорған қаласында Еркін күрестен 2002-2003 жылдары туған жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өткен болатын. Бұл жарыста №30 БЖСМ-нің түлегі Ислам Тагиров аса ауыр 110 келі салмақта чемпион атанып, 1-ші орынды жеңіп алған жетістігімен жаттықтырушысы Рамазан Хақуевті қуантты.

dalanews.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.