Мемлекеттік қызмет жәрмеңкесінің берері көп

Жұмыс уақытының таңғы 9-дан кешкі 19:00-ге дейін жалғасатынын ескерсек, аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдық округтер мемлекеттік қызмет түрлерін уақытылы ала алмайды. Сол себепті шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді ашық, қолжетімді, сапалы түрде көрсету және әр сала бойынша тиісінше мәліметтер беру мақсатында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ұйытқы болуымен,  аудан әкімінің аппараты жүйелі түрде мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесін ұйымдастырып келеді.

Осы уақытқа дейін 40 мыңға жуық тұрғыны бар Шу қаласы мен  Қонаев, Ақсу, Дулат және Төле би сынды ауылдық округтерде ұйымдастырылған жәрмеңке келесі кезекте Алға ауылдық округіне қарасты Сауытбек ауылының тұрғындары үшін де өткізілді. Жәрмеңкенің ашылу салтанатында аудан әкімдігінің мемлекеттік құқықтық бөлімшесінің басшысы Райхан Аманғазиева Алға орта мектебінің мәжіліс залына жиналған ауыл тұрғындарына шараның мақсаты мен міндетін атап өтіп, оның тұрғындар үшін тиімділігін түсіндірді.

Тұрғындар ауыл шаруашылығы, білім, ветеринария, жер қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімдері, АХАТ, және аудандық әділет  басқармасы, аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы, аудандық ішкі істер бөлімінің көші-қон қызметі, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы, жұмыспен қамту орталығы мамандарына көкейдегі сауалдарын қойып, тиісінше жауаптар ала алды. Жәрмеңке барысында тұрғындардың басым көпшілігін мазалайтын жер, тұрғын-үй кезегіне орналасу, зейнетақы аударымдары туралы анықтама алу, коммуналдық қызметтерді төлеу,  бала-бақшаға балаларды кезекке қою, жеке электронды кілт алу сынды сауалдар қойылды. Басқосу соңында тұрғындарға «Digital agent», «Egovbot» туралы брошюралар және «E-gov» эмблемасы бар кружкалар таратылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек. Дәлірек айтқанда, аталмыш жәрмеңке Шу ауданына қарасты  Көкқайнар, Шоқпар, Ақтөбе және т.б. елді-мекендерде  өз жалғасын таппақ. Бұл өз кезегінде тұрғындар үшін қолайлы болып тұр. Себебі, көкейдегі сауалдарға ауылдан қарыс қадам аттамай-ақ, тұшымды жауап алуға болады.

dalanews.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.