Байкерлер Шу ауданында

Шу ауданының орталығында «Орта Азия» мотошеруінің бірінші маусымының жабылу салтанаты өтті. Мотошеру көршілес Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғыз Республикасының мотоклуб мүшелерінен құралған. Атап өтерлігі, мотошеру құрамында «Либерти Шу» мотоклубының екі мүшесі болды. Қос дөңгелекті темір тұлпар мінгескен байкерлер ағымдағы жылдың наурыз айында сапарларын Қырғыз жерінен бастау алып, Алматы, Тараз, Шымкент, Ташкент, Бұхара, Душанбе, Ош қалаларын кесіп өтіп, одан Ыстық көлді айналып, осыдан екі апта бұрын қайтадан Алматыға жеткен. Шеру жалпы 8600 км қамтыды. Ортаазиялық Мото Ассоцияцияның шешімі бойынша «Орта Азия» мотошеруінің жабылуы Шу жерінде өтуі – ауданда туризм саласының дамығандығын дәлелдей алатын бірден-бір көрсеткіш.

Мотошерудің салтанатты жабылу сәтінде аудан әкімінің орынбасары Клара Қожағаппанова аудан басшысының атынан құттықтау сөзін сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ, «Либерти Шу» мотоклубының бас байкері Қанат Әділбеков үстіміздегі жылдың наурызында «Жібек жолы-2018» мотошеру маусымының ашылуы және осы жолғы «Орта азия» мотошеруінің бірінші маусымының жабылу салтанаты Шу ауданында өткізіліп жатқаны үлкен мәртебе екендігін зор мақтанышпен атап өтті. Расымен де, облыс орталығынан шалғай орналасқан бұл ауданға бірнеше мемлекеттің өкілдерінен құралған байкерлердің бас қосуы үлкен қуаныш. Бұл бір жағынан ауданның абыройын асқақтатса, екінші жағынан мұндағы тұрғындарды бір серпілтіп тастағаны жасырын емес.

Жастарды нашақорлыққа қарсы күреске шақыру, спортқа баулу және туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырылған мотошеруге қатысушылар аудан орталығында көпшілік алдында мотоқойылымдар қойып, қызықты ойындар ұйымдастырды. Ал шара соңында жастардың темір тұлпарларға отырып көрулеріне мүмкіндік сыйлады. Айта кетуіміз керек, дәл осы іс-шара Шу ауданында бірінші мәрте өткізіліп отырған жоқ. Дәлірек айтар болсақ, бірқатар елдің байкерлері жыл сайын киелі Шу жерінде бас қосып, аудан тұрғындарына үлкен әсер сыйлайтындай қойылымдарын қоюды дәстүрге айналдырған. Білуімізше, бұл шара жылдағы дәстүрге сай, келесі жылы да Шу ауданында жалғасын таппақ.

dalanews.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.