Өнермен өрілген өмір | arainews.kz

Өнермен өрілген өмір

287

Дарынымен дараланып, ұлттық өнердің төрінен көрінген, өмірі өнегемен өрілген талант иесі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрсифат Салықованың 80 жас мерейтойы облыстық драма театрда бар сән-салтанатымен аталып өтті. Салтанатты кешке мерейтой иесінің замандастары, қасиетті сахнаны қадір тұтқан қалың көрермен жиналды.

Мерейтой облыстық театр ұжымының сахналық қойылымымен бастау алды. Кеш иесінің театр табалдырығын алғаш аттаған сәтінен бастап, бүгінгі жеткен биігіне дейінгі уақыт аралығын қамтыған көрініс көпшіліктің жүрегіне жылылық ұялатып, есте қалар ерекше әсер сыйлады. Дәл осындай толқынысты сәтте киелі сахнаға көтерілген Нұрсифат Салықова өнерін құрметтеп, құттықтай келіп отырған барша театрсүйер көрерменге қазақы салтпен бас иіп амандасып, өзінің ризашылығын білдірді. Ал, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің құттықтауын жеткізген облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов кеш иесіне сый-құрмет көрсетті.
Салтанатты кеш барысында сөз алған Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов театр сахнасын алғаш аттаған сәтін, Нұрсифат Салықовамен бірге ойнаған рөлдерін еске алып, тәтті естеліктерімен бөлісті. Сол секілді Қазақстанның Халық әртісі, режиссер Досхан Жолжақсынов та өзінің ақжарма тілегін арнап, өнер иесіне құрмет-қошеметінің айрықша екендігін дәлелдеді.
Сондай-ақ, Парламент Сенатының қызметкері Болат Бейсенбаев Нұрсифат Рахымбайқызының кеудесіне «Ел ардақтысы» медалін тақса, Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданынан келген меймандар аталмыш аудан әкімі Нұрлан Сыдықовтың құттықтауын оқып беріп, «Құрмет» грамотасын табыс етті. Сол секілді облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастыру бөлімінің басшысы Сайлаухан Ашанов облыс ардагерлері атынан құттықтауын жеткізсе, облыстық «Аk jol» газетінің директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы да мерейтойға ақ тілегін арнады.
Салтанатты кеш облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, кешке келген құрметті қонақтар мен қала тұрғындары шат-шадыман көңіл-күйде тарқасты.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.