Ғасырлар толғағының ғаламат туындысы | arainews.kz

Ғасырлар толғағының ғаламат туындысы

Таразда «Киелі Қазақстан: Тараз – тарих айнасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде өтті

254

Ұлы Жібек жолының бойында жатқан Тараз қаласының еліміздегі ең ежелгі шаһар екендігіі әмбеге аян. Оның қойнауындағы рухани қазынасы, құм астындағы құндылықтары әлі күнге түбегейлі зерделеніп біткен жоқ. Осыған орай, облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Киелі Қазақстан: Тараз – тарих айнасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. «Достық» үйінде өткен байыпты басқосуға Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының академиктері, тарих ғылымдарының докторлары, археологтар, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шараны облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали ашып, жүргізіп отырды.
– Жамбыл облысының өзінде үш мыңнан астам тарихи мәдени орындардың бар екені өздеріңізге белгілі. Ал, ашылмаған құпиялары қаншама. Жалпы, өңірде ежелгі және орта ғасырдағы адам сүйсінерлік керемет тарихи ескерткіштер сол күйі сақталып, бүгінгі күнге жетіп отыр. Солардың ішінде көпке етене таныс Айша бибі, Бабаджа хатун, Қарахан кесенелерін айтуға болады. Бұл ретте, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Қазақстанның киелі жерлері» картасына өңірден 8 тарихи орынның енгізіліп отырғаны үлкен маңызға ие, – деді Берік Уәлиұлы.

Әрине, рухани құндылықтардың қадір-қасиетіне жетіп, лайықты бағалаудың тағылымы мол. Бастысы, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс бар. Тек оны әлі де жүйелеп, барынша күшейту қажет. Осы ретте өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен облыстық Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау дирекциясының директоры Сейтжан Ілияс таныстырып өтті.
– «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрған ұлттық сарапшылар кеңесі Жамбыл облысынан «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» тізіміне 8 жалпыұлттық және «Қасиетті жерлер» тізіміне 27 өңірлік деңгейдегі тарихи-мәдени нысандарды енгізді. Атқарылған жұмыстарды жалғастыру мақсатында үстіміздегі жылы «Рухани жаңғыру» кіші бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша «Әулиеатаның киелі жерлерінің» электронды картасын дайындау жобасы бекітілді. Жобаның мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қасиетті орындар ұғымын халықтың жадына сіңіру арқылы қоғамдық сананы жаңғырту болып табылады. Киелі орындар туралы ақпарат алуды ыңғайлы ету үшін арнайы сайт жасалады. Сайт толық функционалды, үш тілдегі ақпарат көзі болады деп күтілуде. Арнайы сайтта «Әулиеатаның қасиетті орындарының» 3Д форматы және олардың мультимедиялық өнімдері дайындалып, Жамбыл облысының киелі жерлеріне қатысты ақпараттық материалдар, бейнематериалдар, фотосуреттер және өзге де материалдар орналастырылып, қасиетті жерлердің виртуалды онлайн картасы жасалатын болады. Бұл виртуалды картада нысандарды геоақпараттық кортографиялауға мүмкіндік беретін деректер қоры жинақталады. Өңірлік деңгейдегі қасиетті жерлердің жекелеген цифрлы төлқұжаттары дайындалады. Бұл арқылы облысымыздың тарихи-мәдени ескерткіштерінің танымалдылығы артады және оның қолжетімділігі қамтамасыз етілетін болады.
Сонымен қатар, цифрлы картаға QR-код жүйесі енгізіледі. Жаңадан жасалатын сайт әлеуметтік желілерден және электронды мобильдік құралдардан көруге қолжетімді болады. Андройд және басқа мобильді серверлер арқылы цифрлы картаны ұялы телефонға жүктеп алу мүмкіндігі қарастырылған. Жинақталған деректер негізінде «Әулиеатаның киелі жерлерінің» жинақ кітабы дайындалып, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде баспадан шығарылатын болады, – деп түйіндеді өз сөзін Сейтжан Рысбекұлы.
Бұдан кейін сөз алған белгілі тарихшы, саясаттанушы һәм қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы Елбасы мақаласының негізгі нысанасын, басты бағытын жан-жақты жіліктеп атап өтті.
– Бірінші кезде біз бағдарлама бойынша қасиетті жерлерді анықтауға байланысты жұмыс жасадық. Ол жөнінде сала мамандары, тарихшы ғалымдар арасында үлкен пікірталас болды. Ал, бүгінде біз, «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасының екінші кезеңіне жетіп отырмыз. Бұл кезеңдегі ең басты мақсат – киелі жерлердің маңызын, құндылығын халыққа кеңінен жеткізу, ұрпаққа насихаттау. Халық кейде бағдарламаның басты бағытын дұрыс түсінбей жатады. Дені бұл бағдарлама тек тарихи нысандарға, жансыз ескерткіштерге арналған деп қана қабылдайды. Негізі, олай емес. Рухани жаңғыратын ең бірінші – адам. Яғни, оның басты нысанасы да сол. Сол киелі жерлер арқылы, олардың тарихымен танысып, түгендеп, танымын толықтырып, рухын оятады. Біздің негізгі жұмысымыз да осы бағытта болуы қажет. Бүгінде халыққа, ұрпаққа әсер ететін, рух беретін ескерткіштер жайлы ақпарат жинау, насихаттау, кітаптарын шығару, экспедиция ұйымдастыру аса маңызды.
Тарихи ескерткіштердің әрқайсысы белгілі бір құндылықтарды насихаттайды. Бағдарламада негізгі басымдық осындай рухани құндылықтарға берілген. Тарихи жәдігерлер арқылы дәстүрімізді, күнделікті ұмытылып бара жатқан батырлық рухты, үлкенге, жерге, елге, тарихқа деген құрметті жаңғыртамыз. Киелі жерлер картасын әзірлеудегі негізгі ұстаным – осы. Оның өзектілігі өте үлкен. Себебі, соңғы жылдары қоғамда материалды құндылықтар басым болып кетті. Жасөспірімнен бастап, қарияға дейін өмірінің басты мәні үй соқсам, қымбат көлік мінсем, бай болсам деген дүниелерден әрі аса алмай жүр. Нарық заманы кезінде қиындықтардан аман-есен өткенімізбен, осы мәселені қолдан жіберіп алдық. Нәтижесінде материалдық игіліктер рухани құндылықтарды жеңіп кетті. Осыны ескере келе, Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырып отыр. Яғни, енді мәдениетіміз бен әдебиетімізге ұрпақтың қызығушылығын оятуымыз қажет.
Картаға тек тарихи нысандарды ғана емес, Байзақ датқа сынды тұғырлы тұлғалардың ескерткіштерін де енгізіп отырмыз. Сол арқылы батырлық рухымыз қайта жаңғырады. Кейбіреулер «Батырлар көбейіп кетті» деп жүр. Сол батырлардың арқасында біз қазір әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орынды иеленіп отырмыз. Сондықтан, батырлар мен билерімізді, жырауларымызды зерттеп, ұрпаққа үлгі етуге тиіспіз, – деді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы.
Ал, өңірімізде сонау 1987 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан зерттеу жұмыстарының басы-қасында жүрген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Айман Досымбаева аймақтағы Қордайдан бастап солтүстік батысқа жалғасқан, Сарысу, Талас, Билікөл, Берікқара маңындағы түркілік таңбалар мен кіндіктастар жайлы әңгіме өрбітті. Өз сөзінде Қаратау қасиеттерін де тілге тиек етті. Айтуынша, ең алғашқы адам Қаратау бөктерінде пайда болған. Оған Тәңірқазған, Бөріқазған ежелгі тұрақтарының өзі дәлел. Сондай-ақ, түркілік заманда тіршілік көзіне айналған су да басты символға айналған. Сол ғұрып ант суын ішу, неке суы секілді дәстүрлермен бүгінгі күнге дейін жетіп отыр.
– Жалпы, біздің байтақ даламыз адам айтса нанғысыз, бірақ, ақиқатқа негізделген аңыздарға өте бай. Бірақ, сол аңыздардың барлығы Тараздан бастау алатынын ерекше айтып өткім келеді. Тіпті, металлургия саласының өзі ең алғаш рет осы өңірде дамыған. Осындай тың деректер қамтылған киелі Әулиеата келбеті жайлы кітап биыл күзде жарыққа шыққалы отыр, – деді Айман Медеубайқызы.
Өз кезегінде сөз тізгіндеген «Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы» орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев дүние жүзіндегі ең ақылды, ең сұлу халық ретінде бағаланған қазақ ұлтының барлық жақсы қасиеттерін тарихи һәм ғылыми деректермен байланыстырып, ұрпақ тәрбиесіне қатысты оралымды ойын ортаға салды.
Сонымен қатар, ол жалпы қазақ халқының бағына бұйырған Тараз шаһарының зор үлесін салмақтап атап өтті. Жер бетінде Рим, Ереван, Самарқан сынды көне шаһарлардан еш кем түспейтін 20 ғасырдан астам тарихы бар қарт Тараздың, ондағы теңдессіз жәдігерлердің әлі де болса аз насихатталып, Ақыртас кешенінің күні бүгінге дейін лайықты бағасын ала алмай отырғандығын баса айтты. Кейбір шет мемлекеттердегі жәдігерлер туралы кемінде 6 тілде ақпарат берілетінін мысалға келтіріп, ұлттық шежіреге де тоқталды. Айтуынша, Германияда неміс халқының шежіресінен сыр шертетін 30 томдық жинақ бар болса, Англияда шежірені талдайтын арнайы мамандық даярлайды екен.
Алыстан ат терлетіп келген қонақтардың бірі, «Қазархеология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жұман Смаилов Таразда жүргізілген 4 жылдық қазба жұмыстары кезінде бүкіл қазақ тарихына қатысты құнды деректердің анықталғанын мақтанышпен жеткізді. 8 метр тереңдіктен көне Тараздың 50 сантиметрлік кірпіші анықталғанын, бірақ, ежелгі қаланың негізгі шекарасы қазіргі қорғау аймағынан тыс жатқанын жеткізді. Мұнда бір емес, екі алтын қойма табылғанын, елшілердің алтын динарлары арқылы Тараз өз заманында сауда орталығы ғана емес, стратегиялық маңызы бар саяси орда болғандығы дәлелденіп отырғанын, тіпті, мыс сөзінің осы өңірде пайда болғандығы жайлы тың деректерді тілге тиек етті. Қалыпқа құйылып, құмның құшағына енген құмыралардағы асыл тастардың сол кездің өзінде экспортқа шығарылатын өнімдер екенін, Ақыртас кешенінің көне Тараздың үлгісімен соғылғанын көппен бөлісті. Бүгінде осы секілді құнды деректерге бай Тараз шаһары туралы 5 жас магистрлік һәм докторлық диссертация қорғап жатыр екен.
Бұдан әрі М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың бірінші проректоры Асқар Абдуалы, ТарМПУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі Бақытжан Жүрсінбаев, ТИГУ «Шерхантану» орталығының директоры Айнұр Кембаева өңір тарихына қатысты жергілікті жоғары оқу орындары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
Жиын соңында Берік Әбдіғалиұлы өңірдің тарихын, әдебиеті мен мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосып жүрген белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлын, жазушы-драматург Елен Әлімжан мен тарих ғылымдарының докторы, профессор Асқар Абдуалыны, белгілі өлкетанушы, мұрағаттанушы Тәкен Молдақынұлы мен Қазақстанның Құрметті журналисі, мұрағаттанушы Мақұлбек Рысдәулетті Алашорда үкіметінің 100 жылдығына арналған арнайы төсбелгімен марапаттады. Ал, мұражай саласы жайлы жазылған 5 томдық еңбекті музей мамандарына салтанатты түрде табыс етті.

Н.СЕРІКХАНҰЛЫ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.