Парида Мамедова, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті, Жамбыл облыстық ҚХА ғылыми-сарапшылар тобы төрағасының орынбасары
Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында өзге салалармен қатар білім беру жүйесіне де басымдық берді. Бұл тұрғыда мектепке дейінгі тәрбиеден басталып, жоғары оқу орындарына дейінгі аралықтағы маңызды міндеттер толық қамтылды. Шынында да, ұрпақ тәрбиесі белгілі бір кезеңмен шектелмейді. Оның нәтижесін жылдар бойы күтуге тура келеді. Осы орайда бізді оңды өзгерістер күтіп тұр.
«Жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтіледі. Біз гранттардың санын көбейттік, енді жауапкершіліктің кезеңі келді. Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы.
Жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажет. Нарықта жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндері ғана қалуға тиіс» деді Елбасы. Сонымен қатар Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнатудың маңыздылығына тоқталды.
Мұның барлығы да мемлекеттің стратегиялық мақсаттарымен сабақтасып жатқан маңызды міндеттер. Ендігі кезекте Жолдауды жүзеге асыру жолында жұдырықтай жұмылып, жүйелі жұмыстарды жандандыра түсетін боламыз.