«Жеті жұрттың тілін біл…» | arainews.kz

«Жеті жұрттың тілін біл…»

310

Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық «Қазақстан студенттерінің Альянсы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кіапханасында «Полиглоттар» клубының отырысы өтті.

Аталмыш клуб өткен жылы аймақтық үш тілдікті дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарына сай облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ұйытқы болуымен құрылған болатын.

«Полиглоттар» клубының тұрақты жұмыс атқаруын жіті бақылауда ұстаймыз. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы Елбасының Жолдауында, «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында, сонымен қатар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында біз үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктерді тарта отырып жұмыс жүргізіп жатырмыз. «Полиглоттар» клубы базасын жасақтау жұмыстары қолға алынып, өңірде қазіргі таңда 300 полиглоттың есебі жасалды. Белсенді жастар өткен жылы «ЭКСПО»-да волонтер қызметін атқарса, биыл айына бір рет «Полиглоттар» клубының реттік мүшелерімен тұрақты кездесу ұйымдастырылуда, — дейді облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова.

Бұл жиында клубтың жаңа президенті Әбілқайыр Қнуарбеков таныстырылды. Ол қазақ, орыс, ағылшын, испан, италиян және француз тілдерін жетік меңгерген.

Басқосуда облыстық «Қазақстан студенттерінің Альянсы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Мұратбаев сөз алып, «Полиглоттар» клубының құрылу маңыздылығына тоқталды.

Жалпы, «Полиглоттар» клубының жұмысын ұйымдастырудағы мақсат көптілділікті насихаттау, және бірнеше тілді меңгерген жастарға қолдау көрсету болып табылады. Алдағы уақытта олардың қатысуымен аудандар мен Тараз қаласында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Жыл соңында форум түрінде жиын өткізіп, қорытындылаймыз, — дейді Ә.Мұратбаев.

Шара соңында «Үш тілді меңгерудің маңыздылығы» тақырыбында «English debate» шеберлік сабағы жүргізіліп, клубтың жаңа мүшелеріне арнайы төсбелгі табысталды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.