Балтамырдың бабын тапқан пайдаға белшесінен батады | arainews.kz

Балтамырдың бабын тапқан пайдаға белшесінен батады

163

Әне-міне дегенше күздің екінші айының орта тұсына да аяқ бастық. Апта басында түскен қар да «кәрі құда» қыстың табалдырықтан аттар шағы жақындай түскенін аңғартқандай болды. Өңірімізде қысқа дайындық қазіргі уақытта толықтай аяқталып, пысықтау жұмыстары жүргізілуде. Ал, қызылша алқаптарында диқандар әлі де қызу еңбек етуде.

Облысымызда қызылша жинау науқаны 25 қыркүйектен басталып, әлі де жалғасу үстінде. Бүгінгі таңда 8416,5 гектардың 4517,5-і (52,2 пайыз) жиналып, өңір бойынша орташа өнімділік көрсеткіші гектарына 265,2 центнерді құрап отыр. Осы уақытқа дейін өңіріміздегі 248 шаруа қожалығынан екі қант зауытына 107 102,7 тонна қант қызылшасы жеткізілген. Жалпы, тәулігіне 2848,8 тонна балтамыр тиісті орынға өткізілуде. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкір Момынқұлов егер ауа райы тосын мінез танытпаса, ағымдағы жылы межеленген жоспар артығымен орындалатынын айтуда.
Ал, балтамырдың бабын тапқан шаруа қожалық басшылары биылғы өнім шығымдылығы жылдағыдан жоғары болғанын қуанышпен жеткізуде. Жоғары өнім алуға тұқым сапалылығы да оң әсерін тигізген. Агроқұрылым төрағаларымен тілдесе отырып көзіміздің жеткені, бағалы дақылды жер бетіне шыққаннан бастап арамшөптерден тазарту, қажетті тыңайтқыштармен қоректендіру, күтіп-баптау, техникалармен, оған қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз ету секілді жұмыстар жоспар бойынша кезең-кезеңімен жүргізілген. Субсидиясы өз алдына. Яғни, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан айрықша қолдаулар мол өнім алуға айтарлықтай ықпал етуде.
Бірнеше жылдан бері қызылша өсіруге көңіл бөлген Қордай ауданы, Ноғайбай ауылдық округіндегі «Юг» шаруа қожалығының басшысы Юрий Швецов биылғы нәтиже көңілін өсіргенін, алдағы уақытта қызылшаны табыс көзіне айналдыруға ынталы екендігін айтады.
– Егер көзін таба білсе, қызылша нағыз табыс көзі. Табысына қарай, бейнеті де белшеден. Бел жазбай еңбек етіп, маңдай терін төккен, қиыншылығына табандылықпен шыдас бергендер ғана пайдаға кенеледі. Әрі басқаларына қарағанда қызылша шаруашылығымен айналысушыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар ұшан-теңіз. Бұл дегеніміз, шаруаларға үлкен демеу болып, тірлігін тіктеуге ұйытқы болуда.
Биылғы жылы шаруашылығымыз 10 гектарға қызылша екті. Өнім түсімі көңіл марқайтады. Әр түптің салмағы 6-7 келі, кейде 10 келіден де асып жығылады. Шыны керек, қант зауытының өкілдері де өніміміздің сапалылығына қайран қалуда. Ал, өнімділік гектарына 600 центнерді құрады. Мұның барлығы ерте көктемнен қара күзге дейін еткен еңбегіміздің өтеуі деп білеміз. Ендігі мақсат – барлық өнімді шашау шығармай жинап алу, – деген Юрий Швецов болашақта қызылша алқабын ұлғайтуды жоспарлап отырғанын айтады.
Сол секілді Талас ауданы, Ақкөл ауылындағы «Бекен» шаруа қожалығының төрағасы Нұржаппар Исахметов бұдан бірнеше жыл бұрын сынақ ретінде аздаған гектарға қызылша егіп, мол өнім алуға мүмкіндіктің зор екеніне көзі жеткен соң ағымдағы жылы 120 гектарға тәтті түбір тастапты. Қазіргі уақытта өнімді толықтай жинап алып, қант зауытына өткізіп үлгерген. Аталған шаруа қожалықтағы өнімділік гектарына 500 центерді құраған. Жалпы, шаруа қожалық басшылары күрт бұзылған ауа райының жұмысқа көп кедергі келтірмейтінін, ең бастысы қар қалың түспесе, қорқатын дәнеңе жоқ екенін айтады.
Мұнан өзге де аудандардағы бірқатар шаруа қожалық басшыларынан жиын-терім барысы жайлы ақпар алып, биылғы қызылша жинау науқаны облыстың табыс тайқазанын тасытарына көзіміз жеткендей болды.

Талғат НҰРХАНОВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.