Әр сенбі алыпсатарсыз сауда жасаңыз! | arainews.kz

Әр сенбі алыпсатарсыз сауда жасаңыз!

174

Сенбі күні Тараз қаласының «Достық» алаңында өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне келген тұрғындардың қарасы бұл жолы да әдеттегідей қалың болды. Осы күні мұндағы сауда қатарларына құны 40 миллион теңгені құрайтын тауарлар қойылды. Онда жұртшылық нарықтағы бағадан 15- 20 пайызға арзан ұсынылған өнімдерді сатып алып жатты. Мәселен, 1 келі жылқы еті 1500 теңгеден өткерілсе, оның жаясының құны 1600, қазысы 1700, ал қартасы 1000 теңгеге бағаланды. Қой етінің келісі 1200 теңге болса, тура осы салмақтағы сиыр еті 1300 теңге көлемінде саудаланды. 1 литр сүт пен айран 140 теңгеге өткерілсе, құмшекердің келісі -220, күріш -180, макорон өнімдері -140 теңгеден сатылды.

Облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түліктің тұрғындарға төмен бағада ұсынылуын аталған тауарлардың жергілікті кәсіпорындар мен шаруа қожалықтардан тікелей жеткізілгенімен байланыстырды.
– Жалпы, жәрмеңке ауылшаруашылығы тауарларын өндіруші іскер азаматтар үшін үлкен қолдау. Өйткені, бүгінде бұлжымас дәстүрге айналған бұл шара кәсіпкерлерді ынталандырып қана қоймай, тұрғындарды да сапалы әрі табиғи өніммен қамтамасыз етуге ықпал етіп отыр. Тағы бір айта кетер жайт, осы арқылы бағаның да негізсіз өсуіне жол берілмеуде. Ең бастысы, қала тұрғындары қалаған заттарына тиімді бағада қол жеткізе алады, – дейді Мұратхан Жүнісәліұлы.
Жәрмеңкеге Мойынқұм, Жуалы, Сарысу, Байзақ, Меркі аудандарынан барлығы 196 тонна азық-түлік пен ауыл шаруашылық тауарлары әкелініпті.
– Мен жәрмеңкеге жылқы етін әкелдім. Әр келісін 1500 теңгеден саудалаудамыз. Ортада алыпсатарлар болмағандықтан, алымсақтар жылқы етін тиімді бағада қызу саудалауда, – дейді жеке кәсіпкер Жәмила Жүнісбекова.
Жұртшылыққа әжептәуір жеңілдік жасаған жәрмеңкедегі тауар сапасы мен бағасы тұрғындарды да қуантып жүргені анық. Өйткені, сөреде самсып тұрған осы тауарлар өзге сауда орындарында біршама қымбатырақ. Сондықтан, қарапайым халықтың қалтасына қолайлы шара алдағы уақытта да жалғаса түспек.

Нұрым Болатұлы,
Тараз қаласы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.