Қордайлық оқушылар робот жасауда | arainews.kz

Қордайлық оқушылар робот жасауда

191

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Цифрлық Қазақстан» жобасын одан әрі дамытып, барлық орта білім беру мекемелерінің базасын Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту жүйесіне негіздеуді міндеттегені белгілі. Осыған орай, бүгінде облыста аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Әсіресе, Қордай ауданында ауқымды істер алға басуда.

Аудан әкімі Болатбек Байтөленің айтуынша, қазіргі таңда аймақтағы 48 мектептің 18-інде робототехника бөлмелері ашылыпты. Сондай-ақ, екі ІТ сыныбы құрылып, жастарға жаңа технологиялармен тәлім берілуде.
– Жолдау жүктеген міндеттен кейін, 18 мектептен робототехника бөлмелерін ашып, аудан орталығы мен Қарасай ауылынан ІТ сыныптарын құрдық. Мұндағы мақсат – жастарға жаңа технологиялардің «тілін» үйрету. Осы арқылы, аймақтағы білім беру мекемелерін Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту жүйесіне бейімдеуді көздеп отырмыз. Әзірге материалдық базамызды нығайтып алсақ, кезең-кезеңімен оқытушылар құрамын да талапқа сай жасақтайтын боламыз. Ол үшін арнайы курстан өтіп жатқан педагогтарымыз да аз емес, – дейді аудан әкімі Б.Байтөле.
Өңірде болған іссапарымыздың барысында аудан орталығындағы «Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығындағы» робототехника кабинетіне арнайы бас сұқтық. Ағымдағы жылдың қазан айында жұмысын бастаған бөлім 120 балаға тәлім беруде екен. Орталықтың қосымша білім беру педагогы Надина Әукенованың айтуынша, мұнда бүгінде балаларға барлық қолайлы жағдай жасалыпты.
– Робототехника бөлімінде қазір 6 топқа бөлінген 120 бала тәрбиеленуде. Жас ерекшелігі 8-15 жас аралығында. Тәрбиеленушілер 10 ноутбук және робототехника саласына арналған түрлі құрылғылармен жабдықталған. Балалар жалпы үш модуль бойынша оқытылады. Біріншісі бағдарламалау тілі болса, екіншісі робототехника, үшіншісі 3D модельдеу. Робототехника сыныбы ашылған аз уақыттың ішінде тәрбиеленушілеріміз робот піл, робот ит сынды бірнеше дүниені құрастырып үлгерді. Енді жуырда республикалық додада бағымызды сынап көрсек деп отырмыз, – дейді ұстаз.
Негізі мұндай робототехника кабинеті Д.Қонаев атындағы орта мектептен де ашылған екен. Ондағы жастар да робот жылан, робот көлік сынды құрастырмаларды жасап, көпшілікті таңғалдыруда.
Иә, бұл сөз жоқ, цифрландыру дәуіріне жасалған үлкен қадам екені анық. Сондай-ақ, аудан орталығындағы 18 көшеге заманауи бейне бақылаулар қойылыпты. Бұдан бөлек, облыстық ішкі істер департаментімен бірлесе отырып, соңғы үлгідегі тағы 4 камераның орнатылуы цифрландыру бағытындағы жұмыстардың өрісін кеңейтіп жатқаны айқын.

Саятхан Сатылғанов,

Қордай ауданы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.