Тұрмыс жақсарса, табыс та артады | arainews.kz

Тұрмыс жақсарса, табыс та артады

430

Эльмира Абдинова, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы көптің көкейіндегі көп сауалға нақты жауап болды.
«Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады. Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз» деген Елбасы тұжырымы өте орынды айтылды. Осы пікірін Мемлекет басшысы «Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты – өмір сүру деңгейінің артуы. Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты» деп нақтылай түсті.
Сондай-ақ, Президент «Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді. Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет» деп ұлт пен ұрпақ санасын жаңғыртуға бағытталған берері мол бағдарламаның ауқымын кеңейтуді тапсырғаны да өте орынды деп санаймын. Елбасы ұсынған «Ауыл – Ел бесігі», «Өз жеріңді танып біл» атты жаңа жобалардың да іс жүзіндегі нәтижесі зор боларына сенімім мол. Қазіргідей жаһандық дағдарысты еңсерудің жолдары қарастырылып жатқан тұста Жолдауда айтылған сан-қырлы ұсыныстар ерекше маңызды. Себебі, ол жалпы экономика мен қоғам жаңғыруының жаңа кезеңіне бастау береді деп білемін.
Бұл маңызды құжат, ең алдымен, ұлттық экономиканы көтеруге, халықтың әлеуметтік жағдайын күшейтуге ықпал етеді. Жолдаудағы нақты нысананың бірі – адами капиталды қалыптастыру. Ал, адами капиталдың жаңғыруы кітапхана ісімен тікелей байланысты. Өйткені, кітапханалардың басты мақсаты – сапалы адами капиталды арттыруға ықпал ету, жоғары білімді, жан-жақты ұрпақ қалыптастыруға үлес қосу. Сондықтан Елбасының өзі «Қазақстанның бағындыратын биіктері әлі алда. Осы жолда халық сенімі рухымызды жігерлендіріп, бойымызға күш-қайрат дарытады. Сол сенімді ақтаудан артық мұрат жоқ!» деп түйіндеген жаңа Жолдауындағы барлық ұтқыр ұсыныстар мен мазмұнды міндеттерді бір ауыздан қолдап, оған іс жүзінде атсалысуға дайынбыз.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.