«ТАРАЗ ТАЛАЙДЫ ТАМСАНДЫРАТЫН ҚАЛА БОЛАДЫ» | arainews.kz

«ТАРАЗ ТАЛАЙДЫ ТАМСАНДЫРАТЫН ҚАЛА БОЛАДЫ»

485

Бүгінде Тараз қаласы тотыдай түрленіп, құлпыра түскені  жасырын  емес. Жаңарған саябақтар мен скверлер, абаттанған аулалар  мен көшелер, әдемі әрленген әлеуметтік нысандар мен ескерткіштер бәрі-бәрі көне шаһар көркіне көрік қосуда. Бұл, әрине, ең бірінші баянды жобалар мен жұмыла атқарған жүйелі жұмыстың жемісі екені анық.

27 қазан Тараз қаласының  күні мерекесі қарсаңында шаһар басшысы Ғалымжан Әбдірайымовпен  жүздесіп,  бағыты бағдарлы бастамалар,  тетігін тапқан тірліктер  және алда тұрған ауқымды міндеттер төңірегінде  сұхбаттасқан  едік.

 

— Ғалымжан Райлұлы,  Тараз қаласының   әкімі қызметіне келгеніңізге алты ай толып отыр. Осы уақыт ішінде әкімдік тарапынан  атқарылған жұмыстар аз емес. Оны біз айтпасақ та, қалың бұқара көзбен көріп, тындырымды тірлікке тәнті болуда. Әсіресе, жаңарған саябақтар мен скверлер, абаттанған гүлзарлар мен  көшелер  көптің көңілінен шығуда. Осы орайда,  жыл ішінде жүзеге асқан жүйелі  жұмыстарға бір тоқталып өтсеңіз…

-Жасалып жатқан жұмыстарға өздеріңіз күнделікті куә болып отырсыздар. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қалада бүгінде  қыруар жұмыстар атқарылды.  Оның ең ірісі – ол, әрине, толықтай жаңарудан өткен Жеңіс саябағы. Саябақты жаңғырту жұмыстары екі кезеңге жоспарланған болатын. 9 мамыр- Жеңіс күні мерекесінде жұртшылық  алғашқ кезекте атқарылған ауқымды жұмыстарға куә болды.  Яғни, Төле би көшесінің бойында тұрған Бауыржан Момышұлының еңселі ескерткішін саябаққа көшіріп, Былғары комбинат аумағындағы мәңгілік алауды осында орнаттық. Сондай-ақ, «Ерлік» мемориалды кешені бой көтеріп, 105 соғыстан қайтпаған сарбаздардың есімі тасқа таңбаланды. Қазір Жеңіс саябағына бара қалсаңыз майдан даласынан қайтпай қалған жақынын  осы жерден тауып, ақ батасы мен тілегін ақтарған  үлкендерді көресіз. Бұл жобалардың бәрі аймақ басшысы Асқар Исабекұлының тікелей идеяларынан туған туындылар.

Мұнда әлі «Даңқ» залы ашылады. Және жобаның екінші кезеңі бойынша тыл еңбеккерлеріне, Чернобыль апатының құрбандарына және Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш тақтаның лентасы қала күні  қиылады. Сондай-ақ, осы күні  Үшбұлақ демалыс комплексі пайдалануға беріледі. Мұнда қазір екі аспалы көпір толықтай жөндеуден өтіп, каналдың жағалауларына спорт нысандары орнатылған. Осы сынды абаттандыру жұмыстары мұнда әлі жалғасады.

Қала күнінде Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ та елге есігін айқара ашады. Бақтың  оң жағына  Халық қаһарманының ескерткіш мүсіні қойылса, орталық шебінен   «Желтоқсан» орталығы ашылады. Сондай-ақ, саябаққа келушілерге спорт алаңшалары да қызмет көрсетіп, «Шәушен» шаруа қожалығының «Ғибрат» қымызханасы жұмыс жасайды. Ал,  саябақтың өзінде төрт субұрқақ іске  қосылып, Желтоқсан алауы тұтанады.

Тағы бір құлағдар ететін жағымды жаңалық, орталық «Достық» алаңында кешкілік қызмет көрсететін кәсіпкерлік  нүктелері  облыстық ардагерлер үйінің  жоғарғы жағындағы  5 мың шаршы метр жерге көшіріледі. Мұнда төрт дүңгіршек және  балалар алаңы бүлдіршіндерге базарлық сыйламақ. Қала күні өтетін  негізгі шаралар осы маңда  ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Ал, Желтоқсан аллеясының өзінде мәрмардан жасалған жасанды сарқырама іске қосылмақ.  Бұл сарқыраманың ерекшелігі аллеяның басынан ағып келген су  Төле би көшесіне жеткенде толқын болып кері қайтады. Осы кезде толқынның астынан Тәуелсіздігіміздің символы бүркіт бейнесі көрінеді.  Бұл да облыс әкімінің жеке идеясынан туған дүние.

Ерте көктемде  Желтоқсан аллеясының екі жағына паловння ағаштарын отырғызған болатынбыз. Бұл тал үш жылда гүл салады. Биіктігі 25 метрге дейін өсіп, үш ай жазда гүлімен айналаны әрлендіреді. Ал, маңына орналастырылған орындықтарда халық тынығып қана қоймай, ұялы телефондарын қуаттап, «Wi-Fi»  желісіне де қосыла алады. Сондай-ақ, бұл аллеяда еліміздегі ең ұзын сазды субұрқақ ашылады. Дәл сондай, облыс әкімдігі ғимаратының алдында да екі әуенді субұрқақ іске қосылып, ауласына Жамбыл Жабаевтың ескерткіші қойылады. Негізі Бауыржан Момышұлының ескерткішін көшірерде халық арасында әртүрлі әңгіме айтылған еді, қазір Жамбыл Жабаевтың да мүсініне қатысты түрлі пікірлер айтылуда. Әкімдік ғимараты Абай даңғылының бойында орналасқандықтан,  бұл жерге ұлы ақынның  ескерткішін қою керек дегендер де шығуда. Бірақ, біз облысымыз жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімімен аталатын болғандықтан, осы ескерткішті облыс әкімдігінің алдына орнатуды жөн деп шештік. Бұл ескерткіштің ашылу рәсімі де  қала күніне орайластырылып отыр.

Ал, Жамбыл Жабаевтың ескерткіші тұрған бұрынғы базар орны толықтай абаттандырылады. Шахристан базарының аумағындағы төрт гектар жерден көне шаһардың  тарихынан сыр шертетін орталықтың іргетасы қаланады. Сондай-ақ, Былғары комбинат аумағындағы ескі үйлер бұзылып, «МART»  сауда орталығына дейін аллеяның құрылысы жүргізіледі.

-Бұдан бөлек, тағы қандай жобалар қолға алынуда? Қала тұрғындарын қуантатын нендей жағымды жаңалықтар бар?

-Биыл бастау алатын мегажобаның бірі – «Көне Тараз» қалашығынан Тектұрмас баба кесенесіне дейін ұзындығы  1,8 шақырымды құрайтын аспалы жол құрылысы жүреді. Қазір бұл жобаның эскизі дайындалып, сметалық құны пысықталуда. Нысанның құрылысы қолға алынғанда бұл жолмен жүрген туристер көне шаһардың  құнды жәдігерлеріне айналған Қарахан баба, Айша бибі сынды кесенелердің макеттерін тамашалай алады. Осы арқылы біз тарихи орындарымызды  танытпақпыз. Ал, аспалы жолдың арғы ұшындағы Тектұрмас баба кесенесінің аумағы толықтай жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, мұнда әруақтарға құран бағыштап, бес уақыт намаз оқитын мешіт салынады. Ал,  өзеннің жағасы жаңғыртылып, келушілерге тынығатын орынға айналмақ.

Жеке демеушілердің көмегімен бітіп жатқан тірліктер де жетерлік. Мәселен, Ниетқалиев көшесінің бойындағы аллея «Жасыл ел Тараз» мекемесінің күшімен  жаңғыртудан өтсе, Тараз теміржол вокзалының алдына   меценаттың қаржыландыруымен Тараз қаласының көне атаулары таңбаланған тарихи ескерткіш тұрғызылды.

Ал,   «Махаббат» және білім» аллеясының құрылысын аяқтауға қала күні өткеннен кейін кірісеміз. Мұнда алдағы уақытта аққу, жүрек, махаббат компазициясы қойылып, ғашықтар ескерткіші жаңартылады. Сондай-ақ, аллея аумағынан коворкинг орталығы мен білім алаңшасын ашу жоспарға еніп отыр. Демалыс орнының жоғарғы жағалауы толықтай таспен оюланатын болса, ортасында субұрқақ атқылап тұрады. Кіре берісіне үлкен арка  орнатылады.  Бұдан бөлек, аллеяға түсетін баспалдақтарға  48 Таразидің ескерткіш мүсінін қоюды көздеудеміз. Алайда,  бұл мүсіндер тастан ойылып жасалатындықтан біраз уақытты қажет етуде.

Мұндай жаңғырту жұмыстарын Т.Рысқұлов атындағы саябақ та көреді. Мұнда қарағай ағашы көп болғандықтан облыс әкімінің ұсынысымен жеке кәсіпкер саябақтан «фитобар» ашып  жатыр. Сондай-ақ, кәсіпкер қарағайға тиіндер жіберіп, демалыс орнына  келушілерді көптеп тартпақшы. Ал, мұнда тұрған Т.Рысқұлов ескерткіші Мамыр бауына көшіріледі. Осылайша біз Мамыр бауын Т.Рысқұлов атындағы саябаққа айналдыруды жоспарлап отырмыз. Ал,  қазіргі Т.Рысқұлов атындағы саябақ атауы «Балалар әлеміне» ауыстырылып, шағын «Диснейлендке» айналады. Менің ойымша біз бұл жерде  ұтпасақ, ұтылмаймыз. Себебі, Т.Рысқұлов ескерткіші саябақтың тасасында қалып қойған болатын. Сондықтан қазақтың бір туар азаматына  тұтас бір бақты арнап, ал ескі орнын балаларға базарлық сыйлайтын демалыс орны қылған жөн секілді.

Қазір Автобекет маңы да реттелуде. Аймақ басшысының тікелей тапсырмасымен мұндағы  ретсіз көліктер қозғалысы тоқтатылды. Сондай-ақ, Автобекет ғимаратының архитектуралық жобасы жасалып, алдынғы ауласын  абаттандыру жұмыстарының сметалық құжаттары әзірленуде.

Жалпы өздеріңіз байқағандай, жасалған жұмыстардан бөлек,  жоспарланып отырған жобаларымыз да жетерлік. Бұның барлығы қала тұрғындары үшін жасалып жатқан игі бастамалар.

— Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «7-20-25» мемлекеттік баспана  бағдарламасын жандандыруды  тапсырды.  Ал, жыл соңына қарай   №15 ықшамауданында бірқатар көпқабатты үйлер елге берілетіндігі белгілі.  Осы үйлер нақты қай мемлекеттік бағдарлама аясында сатылғалы   отыр?

-Аталмыш ықшамаудандағы  80 пәтерлі 10 тұрғынүй толықтай «7-20-25» мемлекеттік бағдарлама аясында беріледі. Ал, әлеуметтік топқа «Арай-2» ықшам ауданынан 80 пәтерлі бір үй және «Бәйтерек» ықшамауданынан екі көпқабатты  үйді дайындап отырмыз.

№15 ықшамауданында қазірдің өзінде 300-ден аса пәтерді  сатып алу туралы ұсыныс түсіп қойды.  Негізігі оператор «Жилстройсбербанк» болса, екінші деңгейлі өзге банктер де «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға ниет білдіруде.  Ал, ықшам ауданның бас жоспары бойынша орталығына екі үлкен спорт кешені, бизнес орталық, қабылдау үйі, балабақша және мектеп салынатын болады. Негізі мұнда келешекте 280 көпқабатты үй тұрғызылады деп көзделуде. Соның биыл тек 10-ның ғана құрылысын  аяқтап  отырмыз. 280 көпқабатты тұрғын  үй тұрғызылып біткенде,  аталмыш аудан  өз алдына бір  қалашық болмақ. Және мұнда бас-аяғы 35 мың халық тұрады деп күтілуде.

Ал,  үйлердің бірінші қабаты толықтай бизнес орталықтарына беріледі. Осыған орай, облыс әкімі бірінші қабаттағы пәтерлерді мердігерлерге өткізіп, есесіне олар үйдің қас бетін бір келкі қылып, әрлеп берсін деген талап қойып отыр. Бұл екі жаққа да тиімді шешім. Сондықтан қазір бұл ұсынысқа қызығушылық танытып жатқан серіктестіктер көп. Бұдан бөлек, №15 ықшамауданының ортасынан келешекте  шағын өзен жүргізсек деген жоспар бар. Осылайша біз аталмыш ауданды еуропалық қалалардың үлгісіне келтірсек деген ойдамыз. Сондай-ақ, мұнда бір типтегі  коттедждік  үйлер де бой көтеретін болады. Бір сөзбен айтқанда, №15 ықшамауданның келешегі кемел, болашағы баянды.

-Бүгінде  халық арасында  «Жабайы сауда нүктелерін  жабуға  Әбдірайымовтың ғана әлі келді» дейтіндер көп. Шындығына  келгенде,  әкімдік қызметке келген бойда көлеңкелі бизнесті бұғаттауға білек түре кірістіңіз. Осы  бағыттағы жұмыстарға  бір тоқталып өтсеңіз.  Және алдағы  уақытта мұндай  шаралар жалғасын таба ма?

 -Астана, Алматы және Талдықорған қалаларында қызмет істеп жүргенімде ең бірінші жабайы сауда нүктелерімен күрескенмін. Тараз қаласының әкімі қызметіне тағайындалғаннан кейін де бірден көлеңкелі бизнестің тамырына балта шабуға күш салдым. Осы таңға дейін 140 жабайы сауда нүктелерін жаптық. Рас, олардың ішінде «Бізді нәпақамыздан айырып жатырсыз» деп шағымданғандары да болды. Бірақ, бірде-біреуі сотқа бере алмады. Неге? Себебі,  олардың кәсібі заңсыз. Не патенті жоқ, не салық төлемейді. Және ашылған  сауда нүктелерінің денінің иелері белгісіз. Әйтеуір, қиқы-жиқы, ала-құла   дүңгершектер  соғып, оларды біреулерге жалға беріп қойған. Міне, осы жабайы сауда нүктелерін анықтап, есіктеріне қара құлып салып жатырмыз. Одан бөлек, Қайқармет базарынан бастап,  өзге базарлардағы  заңсыз сауда нүктелерімен де күресудеміз.

Негізі менің жеке кәсіпкерлікке қарсылығым жоқ. Алайда,  мемлекетіміз  өркениет көшіне ілесіп, дамудың даңғыл жолына түсіп жатқанда, неге кәсіпкерлеріміз кері қарай жүруі керек?. Арнайы әкімдік  бекіткен эскиз бойынша дүңгіршектерін  салып, бизнесін заңды  жүргізсе оған біреу қой дейді ма?  Биыл біз өз кәсібін ашамын деушілерге 36 жер телімін белгілеп, жерді 10 жылға дейін жалға алу құқығын беріп жатырмыз. Осыны бизнесмендер тиімді пайдаланғандары абзал. Және тағы бір айта кетерлігі, қазір кәсіпкерлерге сауда нүктелерін кешкі сағат 18.00-де жауып кетпеу туралы ұсыныс жасап жатырмын. Себебі, халықтың дені осы уақытта жұмыстан үйлеріне қайтады. Осы сәтте сауда нүктелері ашық тұрса, халық өз қажеттісін ала алар еді.

Бұның барлығы халық қамы мен шаһар келбеті үшін жасалып жатқандықтан,  бизнесмендер дұрыс түсінеді деп сенемін.

—        Жыл басында өткен бір жиында   Тараз шаһары  «ақылды қалалар» қатарына қосылатындығын айтқан едіңіз. Осы жоспар қаншалықты жүзеге асуда?

— Қазір қалада жеті ақылды бағдаршам жұмыс істеп тұр. Олар интеллектуалды басқару жүйесіне қо­сылған. Төле би – әл-Фараби, Жібек жолы – Самарқан, Жібек жолы – Балуан шолақ, Тәуке хан – Саңырық батыр, Жамбыл – Көшеней, Төле би – Аққозиев, Абай – Ташкент көшелерінің қиылысында орналасқан ақылды бақылаушылар жол қозғалысын реттеу мен тұрғындар қауіпсіздігі­нің алдын алуда тиімді екенін көр­сетті.  Бұл технология­ның тиімділігін ескере отырып, алдағы уақытта 99 көше   қиылысына осындай ақылды бағдаршам  орнатамыз. Бұл жұмыстарды  жыл аяғына дейін аяқтау міндеттелгендіктен  шаһардағы бірқатар көшелердің бағдаршамдарын өшіріп, құрылысқа барынша қарқын берілуде. Мұндай шаралар көлік кептелісін  туындатып жатқаны жасырын емес. Алайда,  тараздық жүргізушілер сәл шыдап, түсіністік танытса, алдағы уақытта олар үшін заманауи бағдаршамдар қызмет көрсететін болады.

Одан бөлек, 3 даңғыл, 25 көшеге  205 дана   соңғы үлгідегі электр шамдары  орнатылады. Бұған дейін көше бойындағы  шамдарға жарық желісі жоғарыдан жеткізілсе,  енді жер астымен жүргізілуде. Қазір 4 көшенің сметалық құжаттары әзірленіп, мердігер анықталуда. Ал,  қалған көшелердің жарықтарын ауыстыру келер жылдың көктем айында басталады.

Бұдан бөлек, 1470 жол белгілері жаңартылып,  жүргізушілер үшін қолайлы жағдай жасалмақ. Осылайша біз «Цифрлық Қазақстан» жобасына барынша өз үнімізді қосудамыз. Бұл Таразды «ақылды қалалар» қатарына қосатындығы даусыз.

— Елбасы Жолдауында баса  айтылған  бір мәселе – коммуналдық төлемдердің  қымбаттығы  болды. Естуімізше, қазір «Тараз-Су» мекемесі тарифті біршама төмендетіп жатқан көрінеді. Бұл әрине бұқара үшін жағымды жаңалық. Алдағы уақытта қалада осы коммуналдық төлемдерге  қамтысты қандайда бір  өзгерістер орын алауы мүмкін бе?

— Дәл қазір тарифтердің барлығын төмендетіп тастаймыз деп айта алмаймын. Бұл кезең-кезеңімен іске асатын  шаруа. Рас, «Тараз-Су» мекемесі коммуналдық төлемді біршама арзандатты. Себебі,  ол мекеменің базасында қазір суға қатысты ұйымдардың ортақ  орталығы  құрылып жатыр. Осы негізде «Тараз-Су» бірқатар жеңілдіктерді  өзгеге үлгі болып өздерінен  бастауда.

Негізі жарық, су, жылу болсын  кезінде көптеген мекемелер тарифті қолдан  қымбаттатып жіберген. Сол себепті, баға байлауға көнбей, әр жерде әртүрлі болуда. Алайда,  бұл мәселе  алдағы уақытта өз шешімін тауып, тарифтерге қатысты жеңілдіктер қарастырылатын болады.

— Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазір әр саланың құрылымдық мекемелерінде оңтайландыру жүріп жатыр. Яғни, Президент мемлекеттік қызметшілердің санын қысқартып, қалғандарының айлық жалақысын өсіруді мықтап міндеттеді. Осы орайда, Тараз қаласы әкімдігіне қарасты қанша бөлімдер біріктіріліп, қанша  маман қысқартылуы мүмкін?

— Қазіргі таңда, Тараз қаласы әкімдігіне қарасты  мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен  дене шынықтыру және спорт  бөлімін қосқалы отырмыз. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен ветеринария бөлімі де бірігеді. Қала аумағында 109 ғана шаруа қожалықтары болғандықтан,  біз аграрлық сала мен ветеринарияны  біріктіруді жөн деп шештік. Ал,  мәденеит мен спорт министрліктің өзінде бір құрылым болғандықтан, біз де осы үрдісті ұстандық.

Одан бөлек, әкімдікке қарасты төрт бөлім  басшыларының ғана  орынбасарларының  лауазымдық орындарын сақтап қалдық. Қалған бөлім басшыларының орынбасарларын бас маман қызметіне төмендетіп, бас мамандарды қатардағы маманға ауыстырдық. Әрине, олардың айлық жалақылары екі есе көп болады. Сондықтан мұндай өзгерістен жұмыс сапасы төмендемейді деп сенемін.

— Қала күні қарсаңында  Тараз  тұрғындарына қандай тілек тілер едіңіз?

— Тараз қаласы  — жастар қаласы болуы керек. Сондықтан облыс әкімінің бастамасымен бүгінде шаһарда  жастар үшін барлық жағдай жасалуда.  Жастарды қалаға шоғырландыру үшін демалыс орындарын көптеп салып, көне шаһардың кескінін еуропалық  үлгіде әрлеп жатырмыз. Сол себепті, еліміздің әр түкпірінде жүрген жастарды туған топыраққа оралуға шақырамын. Бұған дейін жүргізілген халық санағы бойынша Таразда 360 мың тұрғын  тұрады делінген. Алайда,  қазір қала халқының саны 400 мың адамнан асып жығылды. Келер жылы жүретін халық санағы осы деректі айғақтаса, қала құрамынан бір немесе екі аудан бөлініп шығатыны анық. Ол сәтте жастарға жұмыс та, басқа да табылады.

         Мен үшін Тараз қаласы әрдайым ыстық. Талай жыл жырақта жүрсем де туған топырақты ерекше сағындым. Енді міне, өскен өлкеге оралып отырған сәтімде аянып қалмасым ақиқат. Осы орайда барлық жерлестерімді Қала күнімен шын жүректен құттықтағым келеді. Отбасыларына бақыт, шаңырақтарына шаттық тілеймін. Ортақ үйіміз Тараз қаласын  көркейтуге жұмыла атсалысайық.

-Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан

Саятхан Сатылғанов

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.