Теміртауда балабақша мен емханалар жетіспеушілігі шешілмек | arainews.kz

Теміртауда балабақша мен емханалар жетіспеушілігі шешілмек

127

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов және «Арселор Миталл Теміртау» АҚ бас директоры Парамжит Калон әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу туралы меморандумға қол қойды.

Әкімдіктің хабарлауынша, бұл соңғы 8 жыл ішінде әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған қол қойылып отырған алғашқы құжат.  Мемлекет басшысы жақында кеншілер өңіріне жасаған сапары барысында теміртаулықтардың тұрмысын жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырмалар берген болатын. Оның ішінде жаңа емхана, балалар бақшасын, спорттық сауықтыру кешенін салу туралы айтылды.

«Әлеуметтік жауапкершілік шеңберіндегі аталған жұмыстарға жұмсалатын барлық шығындарды «АМТ» өз мойнына алады. Қазіргі уақытта әрбір нысан бойынша жобалар әзірленген. Барлық нысандар жаңа заман талаптарына сай үлгіде салынатын болады», — делінген хабарлама.

Ерлан Қошанов инвестордың болашақта салынатын емхана нысанының құрылысын жүргізіп қана қоймай, оны жаңа заманға сай жабдықпен қамтамасыз ететінін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде 20 мың адамға арналған емхана салынады. Ең бастысы бұл нысан алдағы уақытта қаладағы медициналық мекемелер бойынша қажеттілікті толықтай шешеді. Ал 320 орынға арналған балабақшаның салынуы Теміртау қаласына облыста бірінші болып толыққанды мектепке дейінгі сапалы тәрбие беруге ауысуға мүмкіндік жасайтын болады. Аталған мәселелер Елбасымыздың Жолдауында айтылған болатын. Бір сөзбен айтқанда, балаларды балабақшаға 3 жастан бастап емес, 1 жастан бастап қабылдауға мүмкіндік туатын болады», — деп толықтырды өңір басшысы.

Емхана мен балабақшадан өзге Елбасы тапсырмасы бойныша қалада жаңа заманға сай дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынатын болады. Спорттық нысан 320 орынға арналған. Аталған нысан 30 мың тұрғыны бар ықшам ауданның жанынан бой көтеретін болады.  Өз кезегінде Парамжит Калон аталған әлеуметтік маңызы бар нысандардың қарқынды түрде салынатынын атап өтті.

«Барлық айтылған нысандарды біз белгіленген мерзімде салуға күш салатын боламыз. Құрылыс жұмыстары барынша жылдам жүргізілетін болады. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң біз аталған нысандарды Президентке көрсететін боламыз», — деді Парамжит Калон.

Сонымен қатар Теміртау қаласында сапалы жылу беруді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қолға алынуда. Елбасы 2-ЖЭС модернизациялап, 7 қазандықты салуды талап еткен болатын. Қазіргі уақытта барлық мәселелер шешіліп, жобалық сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Келесі жылы аталған нысанның құрылысы басталатын болады.

Еске сала кетсек, қыркүйек айындағы Елбасының Қарағандыға сапары барысында Қазақстан Президенті тұрғындарға жағдай жасау және олардың әл-ауқатын жақсарту үшін кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру қажеттігі жөнінде айтқан болатын.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.