Мемлекеттік қызмет мінсіз болуы қажет

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің басшысы Равиль Тюлебаев пен «Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталықтың» төрағасы Төлеген Байғұлов облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келіп, жергілікті жерде мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын саралады.

Астанадан келген қонақтар алдымен облыс әкімдігінің мәжіліс залында жергілікті мемлекеттік органдардың аппарат басшылары, әдеп жөніндегі уәкілдері, тәртіптік комиссия төрағалары мен персоналды басқару қызметінің жетекшілерімен кездесіп, мемлекеттік қызметтегі әдептілік деңгейін көтеру бойынша жүргізіліп жатқан шараларды талқылады. Жиынға облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Тимуржан Нұрымбетов, агенттіктің облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаев қатысты.
Басқосуда алғаш болып сөз алған Равиль Тюлебаев мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған мемлекеттік аппараттың дамуындағы жаңа бағдарларды атап өтті.
Мұнан соң облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Олжас Ақылбаев қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Олжас Бақытұлы мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша түскен өтініштердің өскендігін жасырмады. Мәселен, былтырғы жылдың екінші жартыжылдығында бұл бағытта 28 өтініш түссе, биылғы алғашқы алты айда ол көрсеткіш 34-ке жеткен. Оның үшеуі мемлекеттік қызметшілерден болса, 31-і жеке және заңды тұлғалардың шағымы. Оларға тексерулер жүргізіліп, тиісті жауаптар берілгендігінің нәтижесінде 3 шағымданушының құқықтары мен заңды мүдделері қалпына келтірілген екен. Сондай-ақ, қала тұрғындарынан келіп түскен бейнежазбаларды зерделеу барысында қызметтік көлікті жеке мақсатқа пайдаланған бес жауапты қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.
Бұдан соң Равиль Тюлебаев пен Төлеген Байғұлов Тараз қалалық мемлекеттік кірістер басқармасында болып, ондағы кәсіпкерлерді тіркеу, ақпараттарды қабылдау және өңдеу орталығының жұмысымен танысты. Келесі кезекте меймандар қала әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығын аралап көрді. Сонымен қатар, тақырып аясында брифинг өткізіп, өңірде мемлекеттік қызметтерді көрсетуде сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмау бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, жас мемлекеттік қызметкерлермен де кездесіп, ой-пікір алмасты. Ал, кешкісін жергілікті атқарушы органдарда мемлекеттік қызметшілерді жұмыстан тыс уақытта үстеме жұмысқа жегу және Тараз қаласының жергілікті полициясымен бірге қызметтік көлікті негізсіз пайдалану фактілеріне рейд жүргізілді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.