Ішкілікке салынған ұлын өлтірген кейуана қылмыстық жазадан босатылды | arainews.kz

Ішкілікке салынған ұлын өлтірген кейуана қылмыстық жазадан босатылды

165

Түркістан облысында ішкілікке салынған ұлын пышақтап өлтірген 85 жастағы қария қылмыстық жазадан босатылды. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты барлық мән-жайды ескере келе, егде жастағы зейнеткер тұрғылықты жерінде емделуі қажет деген қаулы шығарған. Бұл туралы аталған соттың баспасөз қызметі мәлімет таратты.

Жеті айға созылған сот талқылауы барысында айыпталушы әжейдің отбасында болған қылмыстық іс жан-жақты қаралды. Қарияның сөзінше, 57 жастағы ұлы ішкілікке салынып, тыныш өмір сүруге мүмкіндік бермеген. Жолдасы тірі кезде әкесіне бірнеше рет қол жұмсаған болып шықты. Ол өмірден өткен соң анасын соққыға жығатын болған. Осының бәрі жиналып, әбден ашуға булыққан ана 15 наурыз күні баласына асхана пышағын сұғып алған. Ұлы көкірек тұсына тиген пышақ жарақатынан жантәсілім еткен. Сот отырысы кезінде айыпталушының туыстарынан да жауап алынған. Куәгерлер зейнеткердің сөзін растап, ұлының алкогольді сусындарға құмар болғанын айтқан. Өз кезегінде сот-медициналық сараптама қорытындысы қарт ананың психикалық ауытқуы бар екенін анықтаған.

Естеріңізге сала кетейік, қылмыстық оқиға осы жылдың наурыз айында Сайрам ауданында орын алған еді. Тергеу барысында 85 жастағы зейнеткердің өз ұлын пышақтап өлтіргені анықталған болатын. Жауап алу барысында қарт ана мұндай қадамға ішкілікке салынған ұлынан шаршаған соң барғанын айтқан болатын.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.