Жыр додасынан жүлдемен оралды | arainews.kz

Жыр додасынан жүлдемен оралды

192

Қарағанды қаласында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына және Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай «Өлең сөздің данасы» атты республикалық ақындар мүшәйрасы мәресіне жетті.

Жыр сайысына еліміздің түкпір-түкпірінен 16-35 жас аралығындағы алпысқа жуық ақын қатысты. Айта кету керек, үміткерлер үш кезең бойынша сайысқа түсті. «Өлең сөздің данасы» аталған бірінші сында Бұқар жырауға арнау оқыса, «Бағаналы орда, басты орда» бөлімінде Астананың 20 жылдығын жырға қосты. «Ал, айтамын, айтамын» атты кезеңде қоғамдық-әлеуметтік мәселені қаузап, жыраулық үлгіде жазылған толғаулар бағаланды.

Қазылар алқасына сайдың тасындай сайланған кіл мықтылардың ішінен шын жүйріктерді анықтау оңай соққан жоқ. Дегенмен, дарынымен дараланған дүлдүлдер оқ бойы оза шауып, олжаға кенелді. Сол қатарда жерлесіміз, облыс әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Нұрболат Сатымқұл талантымен талайды тәнті етіп, жүлделі үшінші орынды қанжығаға байлады. Біз заңғар ойлы замандасымызды жүлдесімен құттықтай отырып, оның Бұқар жырау Қалқаманұлына арнаған жырын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Аманат жүгі

Арқадан атып адырна,
Қалғыған жұртқа, сөз деген.
Сауықты ойлар шағыңда,
Халықтың мұңын сезген ең.
Ғақлия айтып қалыңға:
Жар басына қондырмай,
Қонса-дағы тоңдырмай,
Талайыға төзген ең.
Тұнықта таза тас бар деп,
Сабалақты асқар деп,
Хан тоқтатар сөзбенен,
Қаржастан шыққан безбен ең.
Арғымағын жоғалтып,
Тай жүгірткен заманда,
Қайманаң үшін оқ артып,
Жау жүрер тұсты кезген ең.
Қамқа тонға оранбай,
Қараның күйі дау болса,
Бет қаратпас борандай.
Арғын жүзді көзден ең…
Жалғанның тартып жалынан,
Жүгенсіз, жайдақ мінген сен.
Ақшамнан кейін түн бар деп,
Түнектен кейін күн бар деп,
Түсіне таңның кірген сен.
Айтқаның қалып мәңгіге,
Далбада қалды әз денең…
Көрерін сезген, абызым!
Уа, көрерін сезген, абызым!
Көнбістің күнін қолдамай,
Қауіпті келер болжамай,
Атүсті ханды сөкпедің.
Ақсамнан биік тау таппай,
Көршіден жақын жау таппай,
Көзі көктерді көп дедің.
Есілді ойлап, езіліп,
Күнбатысқа қарайлап,
Қаралы күнді сезініп,
Кәпірлерден безініп,
Ұйлыққан топқа беттедің.
Кәрілік келген шақта да,
Қараша үйде құт күтпей,
Араша түсіп әр дауға,
Әділдік үшін сырт бітпей,
Жорықта жүріп тауларда,
Жоңғарға жұттай кектендің.
Арнап айтта, лаулап айт,
Арда туған, абызым,
Рухымыз біздің азат деп,
Жасайды мәңгі қазақ деп,
Бұл жалғанды өткердің.
Сенде кеткен кектердің:
Қанымда тірі көбісі,
Өзекті өрттеп өлісі…
Бүгінгі қамсыз күлгенім,
Бабаларымның жеңісі!
Ақырып, төнер шақ туса,
Аянып қалмас ел іші.
Жүрегім менің жұрттікі,
Тәнімде ардың терісі!
Бабалардың айтқанын
Қасқайып тұрып орындау –
Аманат!
Әрі – ер ісі!

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.