Геннадий Головкин – біз үшін чемпион! | arainews.kz

Геннадий Головкин – біз үшін чемпион!

388

Төрткүл әлем көз тіккен Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альварес арасындағы жыл жекпе-жегі біздер үшін сәтсіз аяқталды. Отандасымыз он екі раунд бойы қарсыласымен тең, кейбір тұста басым жағдайда жұдырықтасса да, төрешілер жеңісті мексикалық боксшыға берді. Әрине, 35 миллион мексикалық тұрып жатқан АҚШ-та шаршы алаңға шығып, өзіңнің даралығыңды дәлелдеу қиын. Ол үшін нокаут, кемі нокдаун керек. Алайда, бұл жекпе-жекте Сауль соңғы секундқа дейін шыдас берді. Нәтижесінде былғары қолғап шеберіміз барлық белбеулерінен айырылып қалды.

Ең алдымен «T-Mobile Arena»-да өткен кездесуге тоқталсақ. Бірінші раундта Гена бірінші нөмірмен жұмыс жасап, қарсыласын қыспаққа алғанын дүйім жұрт көрді. Сериялық соққыларын үсті-үстіне үдетіп, алғашқы үш минутты өз пайдасына жазды. Екінші раундтың бел ортасы таяғанда Г.Головкин ауыр соққы жіберіп алды. Мексикалықтар осыны күткендей бір шу етіп, «Канело» қанаттана түсті. Ашық айқасқа көшіп, бірнеше соққыларын дарытып үлгерді. Десе де, отандасымыз да қорғана жүріп, бұл раундтан өз ұпайын еншіледі. Үшінші раундта Г.Головкин джеб соққыларымен Саульді өзіне жақындатпай қашықтықта жұдырықтасуға тырысты. Бұл раундты қос боксшы да қайта-қайта құшақтасып, бір-бірін бұрыштан-бұрышқа сүйреумен өткізді. Төртінші раундта Головкиннің есімін атап, спорт кешенінің ішін жаңғыртқан жанкүйерлер сүйікті боксшысына қолдауларын білдірді. Осыны сезінген Гена жойқын бір соққысымен Альварестің қабағын жарып жіберді.
Жасырып қайтейік, Саульдің бетінен қанның ізін көрген кезде енді кездесу ұзаққа созылмайды деп топшылағанбыз. Алайда, Альварес мықты екен. Бесінші раундта артық қақтығыстан қашып жүріп, өз-өзіне келіп алды. Алтыншы раундта екі боксшы да есте қалардай ештеңе істемеді. «Канело» бұрынғы әдетіне салып қорғанысқа баса мән берсе, бірінші нөмірмен жұмыс жасап жүрген Гена шаршап қалғандай көрінді. Жетінші раундта екі боксшының арасындағы жас ерекшелік анық байқалды. Бұл раундта Альварестің екінші тынысы ашылғандай шапшаң қимылдап, соққыларын жаңбырша жаудыра түссе, Головкинге тасқамал қорғанысқа көшуге тура келді. Міне, осы жетінші раунд қапталдағы төрешілердің ойын өзгерткен секілді. Себебі, шынында бұл үш минуттықта «Канело» басым болды. Сегіз бен тоғызыншы раундта «GGG» шаршы алаңдағы сенімділікті қайтаруға тырысқанымен, жақын жұдырықтасуға талпынған мексикалық сәт сайын соққыларын дарыта түсті. Осы екі раундта Гена оң қолын мүлде іске қоса алмады. Альварестің хуктарына қайта-қайта түсіп қалып, жақын қашықтықта жұдырықтасу оған тиімді емес екенін айқын байқатты. Оныншы раундта қос боксшы да шаршап қалса, он бірінші раундта осы сүреңсіз айқас айна-қатесіз қайталанды.
Он екінші раундтың гонгы естілгенде Головкин шаршы алаң ортасына оқ жыландай атылып шығып, қарсыласын бірден төмпештеуге көшті. Бірақ, он бір раундқа төтеп берген Альварес соңғы үш минуттықта сыр бере қоймады. Кездесудің соңғы секундтарында сол жақ бетінен бірнеше ауыр соққы алғанымен қос аяғынан тік тұрып, жекпе-жекті аяқтады. Міне, осы сәтте бүкіл қазақстандықтар мен өзге мемлекеттердегі Головкиннің жанкүйерлері жандарын шүберекке түйіп, отандасымыздың тілеуін тілегені анық. Бірақ, төрешілер шешімі басқаша болды. Бас рефери «Канелоның» қолын көтерді. Қуанышы қойнына сыймаған мексикалық боксшының жанары жасқа малынса, Геннадий өзіне тән байсалдылықпен қарсыласын жеңісімен құттықтап, шаршы алаңнан түсіп кетті.
Қазір бұл жекпе-жекке қатысты түрлі болжам мен байламдар айтылуда. Әсіресе, әлем сарапшылары мен боксшыларының пікірі төрешілер шешіміне қатысты екі айырылып отыр. Десе де, басым бөлігі отандасымыздың жеңіске жеткеніне сенімді. Мәселен, төрт салмақ бойынша бұрынғы әлем чемпионы кіші Рой Джонс Головкиннің тура соққылары көп тигенін айтады.
«Геннадий дөп тиген соққылар саны бойынша басым болды. Бірақ, Альварес те өзінің соққылары қаншалықты жойқын екенін сездіріп жатты. Менің пікірімше, бұл жекпе-жек тең аяқталған секілді. Егер тағы екі раунд қосып бергенде Головкин жеңіске жетер ме еді. Бірақ, спорттың аты – спорт. Бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Мен «Канело» мен Головкиннің үшінші кездесуін көргім келеді», – дейді Рой Джонс.
Аса ауыр салмақтағы әлемнің бұрынғы абсолютті чемпионы Леннокс Льюис те Генаның жеңіске бір табан жақын болғанын айтады.
«Бұл көптің есінде қалатын жекпе-жек болды. Қос боксшы да өздерінің бар күштерін көрсетті. Десе де, мен Головкиннің кемі екі раунд бойынша ұпай санымен алда болғанына сенімдімін. Бірақ, төрешілер басқаша шешті. Қалай дегенде де, кездесу керемет әсер қалдырды», – дейді Леннокс.
Дәл сондай әлем чемпионы ресейлік Сергей Ковалевтің бапкері болған америкалық Дерик Сантос-Росарио Головкиннің жеңіске жеткеніне басымдық беріп отыр.
«Мен бұл жекпе-жекте Геннадийдің бірінші нөмірмен жұмыс жасағанын көрдім. Ал, Альварес бір орында тұрып, ұрымтал сәттерді ұтымды пайдаланып отырды. Мұндай әдісті қолданатын боксшымен жұдырықтасу өте қиын. Оған қоса, АҚШ «Канело» үшін отаны саналатындықтан шаршы алаң иесіне қарсы айқын басымдығыңды көрсетпесең, бұра тарту болатындығы бұрыннан белгілі нәрсе. Менің пікірімше, бұл жерде үлкен саясат орын алды. «Канело» Лас-Вегасқа үлкен ақша әкеліп жүрген боксшы. Сонымен қатар, «Golden Boy» АҚШ-тағы ең үлкен промоутерлік компания саналады. Төрешілердің шешіміне осы факторлар әсер етті деп ойлаймын. Әйтпесе, Головкин бұл кездесуде жеңілген жоқ», – дейді Сантос-Росарио.
Ал, қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, жерлесіміз Марат Мәзімбаев жекпе-жек алдында газетімізге берген сұхбатында кездесу 12 раундқа созылатынын, алайда, жеңіс отандасымыздың пайдасына шешілетіндігі туралы айтқан еді. Осыған орай, Марат Мәзімбаевтың жекпе-жектен кейінгі ойын білген едік.
– Бейне бір мен шаршы алаңда жеңіліс тапқандай күй кешіп тұрмын. Саульдің мықтылығы мен шеберлігін мойындауымыз керек. Ол бапкерлер берген тапсырманы бұлжытпай орындап шықты. Бірінші кездесуде кеткен кемшіліктер мен қателіктерден сабақ алғаны анық көрініп тұрды. Ал, Головкин кездесулерінің денін нокаутпен аяқтап, бізді қатты үйретіп қойды. Бәріміз нокаут күттік. Бірақ, ол орын алмады. АҚШ жерінде тұрып, 12 раундтық жұдырықтасудан кейін жеңісті қазақстандық боксшыға береді дегенге сену қиын болатын. Себебі, Мексикада дәл сол күні Тәуелсіздік күні болды. Үлкен мерекеде Сауль өз ұлтына үлкен сыйлық жасады. Десе де, «Канело» Головкинмен үшінші мәрте шаршы алаңда кездеседі деп сенемін. Сол сәтте Генаның кеткен есені қайтаратыны сөзсіз. Өйткені, бокстан барлық белбеулерге ие болып кеткенге не жетсін?, – дейді М.Мәзімбаев
Иә, қалай дегенде де Гена – біз үшін чемпион. АҚШ-тағы жекпе-жектен кейін еліміздің зиялы қауым өкілдері мен өнер иелері отандасымызға барынша қолдау білдіруде. Сондай-ақ, жастар «Ол – бәрібір жеңімпаз!» деген атаумен видеолар таратуда. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде Головкин үшін жанкүйерлік еткендерін айтып, дарабоз ұлдарына демеу білдіріп жатқан қазақстандықтардың қарасы қалың.
Біз де Генаның бұл жеңілісін спорттық мансабындағы бір ғана сәтсіздік деп білеміз. Тәуелсіз елімізді төрткүл дүниеге танытып, балғын боксшылардың спортқа деген қызығушылығын арттыра білген оғланның әлі талай биік шыңды бағындыратынына бек сенімдіміз!

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.