«Жұрындысайда» жалынды жастар жиналды | arainews.kz

«Жұрындысайда» жалынды жастар жиналды

186

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты мен Талас аудандық «Жастар ресурстық орталығы» бірлесіп, осы аудандағы «Жұрындысай» сауықтыру лагерінде «Жастар – болашақ энергиясы» тақырыбында жастарға арналған дәстүрлі лагерь ұйымдастырды.

Лагерьдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Қадірбек Садубаев, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Құрал Нұрпейісов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Уалихан Болатбек, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Нұрсұлтан Манатбеков қатысты.
Жалындаған жастардың алдында алдымен Құрал Қошанұлы сөз сөйлеп, қазіргі буынның бақытты екенін, оқимын, ізденемін, үйренемін, кәсіп ашамын деп талпынған жастарға барлық мүмкіндіктердің жасалғанын айтып, ізгі тілегін білдірді.
Аудан әкімінің орынбасары Қ.Садубаев өз сөзінде елдің ертеңі белсенді, білімді, бәсекеге қабілетті жастардың қолында екенін айтып, лагерь жұмысына сәттілік тіледі.
Ал, мемлекет тарапынан жастарға арналған әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігіне тоқталған аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Н.Манатбеков аудан жастарын жастар саясатына белсенді араласуға шақырды.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Уалихан Болатбек ұйымдастырылып отырған лагерьдің басты мақсаты – нақты табысты жастарды қоғамдық өмірге тартумен қатар, қызығушылықтарын арттыру екенін айтты.
Айта кету керек, бұл жолғы шара жаңа форматта қызықты әрі мазмұнды өтіп, әртүрлі санаттағы 70 жасты қамтыды. Қатысушыларға пайдалы шеберлік сабақтар мен тренингтер, спорттық және шығармашылық жарыстар өткізілді. Екі күнге созылған лагерь Талас жастарына тың серпіліс сыйлады.

Жасұлан Сейілхан

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.