Жас мамандар ант қабылдады | arainews.kz

Жас мамандар ант қабылдады

316

Дабыл қағылса, дамыл таппайтын өрт сөндіруші және құтқарушылардың қызметі қауіп-қатерге толы. Жалпы, облыс бойынша төтенше жағдайлар қызметінде мыңнан астам қызметкер бар болса, оның 700-дейі осы өрт сөндіру саласында қызмет етеді екен. Жүректілік пен батылдықты талап ететін олардың қатары әркез жас буынмен толығып отырады.

Жақында, болашағын осы саламен байланыс­тырған 8 жас маман ҚР Конституциясы күніне орай Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы «Ерлік» мемориалды кешенінде ант қабылдады. Салтанатты шарада облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Қосыбаев сала сапына жаңадан қосылған қызметкерлерді және көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтады.
– Тарих беттерін парақтасақ, еліміздің аумағында «Алаш қозғалысы» қайраткерлерінің тәуелсіздікке деген талпынысынан кейін 1926 жылдан бастап, қазіргі уақытқа дейін еліміздің Конституциясы бірнеше мәрте қабылданғанын білеміз. Десе де, 1995 жылғы 30 тамызда біздің қоғамымызда оңды өзгерістерге, соны талаптарға сай толықтырылған жаңа Ата Заңымыз өмірге келді. Содан бері еліміздің Негізгі Заңы жаңа замандағы саяси және өзге де түйткілді мәселелерді шешуде үлкен рөл атқарып келеді. Ендеше, баршамыз Конституциямызда айқын көрсетілген талаптарды мүлтіксіз орындап, тәуелсіз еліміздің бейбіт жолмен өркендеуі жолында аянбай тер төгуіміз қажет, – деді ол.
Салтанатты сәтте «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының заңгері Шора Кенжебаев, өрт сөндіру саласының ардагерлері Керімхан Архабаев, Қанжар Тоқтағұлов сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді. Мұнан соң жұртшылық «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында атой салған ерлерді 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Осыдан кейін қызметке жаңадан қабылданған жас мамандар Отан алдында ант қабылдады. Соның бірі – 19 жасар Тимур Қахаров. Ол Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің түлегі. Тараз қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне жұмысқа тұрған жас маман адам өмірі мен құнды мүліктерді қорғауды бұлжымас міндет санайды.
– Өрт сөндіруші мамандығының өзіндік ерекшеліктері бар. Ең бастысы, мұнда батырлық пен ептілік қажет. Мамандыққа адалдық та маңызды рөл атқарады. Сонда ғана тосын жағдайларға тосқауыл қоюға болады. Есесіне, көптің алғысына бөленесің. Өз басым қоғамның қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек ететін боламын, – дейді Т.Қахаров.
Талабы таудай жас мамандарға біз де сәттілік тіледік.

Нұрым Сырғабаев

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.