Жолдау кәсіпкерлерге көрсетілетін жеңілдігімен құнды | arainews.kz

Жолдау кәсіпкерлерге көрсетілетін жеңілдігімен құнды

553

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі халыққа арнаған алғашқы Жолдауы бизнес өкілдері үшін тосын, әрі жағымды жаңалықтарға толы болды.

Әсіресе, Президенттің «Жұмыс берушінің жұмысшыға қосымша 5 пайыз зейнетақы аударуы 2023 жылға шегеріледі», — деген сөзі кәсіпкерлердің еңсесін көтеріп тастады. Бұл мәселе айтылған сәттен бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнеске ары қарай ауыртпалық салуды ұлғайтуға қарсылығын білдіріп, аталған нормаларды қайта қарау бойынша нақты позицияны ұстанған болатын. Сонымен қатар, Ұлттық палата өз кезегінде кәсіпкерлерді, қауымдастықтарды, тәуелсіз сарапшыларды тарту арқылы мәселені жан-жақты талқылауға да шақырды. Міне, бүгін нәтижені көріп отырмыз, Қасым-Жомарт Кемелұлы 5 пайыздық міндетті зейнетақылық жарнаның енгізілу мерзімін шегеруді тапсырды.

Жолдаудағы бизнес өкілдері үшін келесі үлкен қолдау – Президенттің микро және шағын бизнес компанияларын табысқа салынатын салықтан 3 жылға босату туралы Үкіметке  заңды негіз құруды тапсыруы. Жамбыл облысының бизнес өкілдері соңғы кездері көрші Өзбекстан еліндегі шағын және орта бизнеске көрсетіліп жатқан жеңілдіктерді қызыға айтып, осы мәселені Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес мүшелері де көтеріп жүрген болатын.  Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауда Үкіметке берген тапсырмасын кәсіпкерлер қуана қабылдады. Нәтижесімен жаңа жұмыс орындары ашылып, өз елімізде өндірілетін өнімдер сапының артары сөзсіз.

Жолдауда айтылған «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қосымша бөлінетін 250 млрд.теңге, мемлекеттік сатып алудағы ашықтықты талап ету, 2020 жылдан бастап 3 жылға дейін микро және шағын кәсіпкерлікті тексеруге тыйым салу, экономиканы әртараптандыруға қатысты мәселелер кәсіпкерлердің көкейінде жүрген жайттар болатын.

Мемлекет басшысы бұл қадамдар арқылы елімізде кәсіпкерлікті қолдау алдағы уақытта да жан-жақты жүргізілетіндігін көрсетті. Жолдау кәсіпкерлерге осындай көрсетілмек жеңілдіктерімен құнды.

Олжас Қаржауов,
Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.