Жоғары мектептің жаңа белесі | arainews.kz

Жоғары мектептің жаңа белесі

190

Оңтүстік өңірдегі жетекші ғылым мен білім ордасы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне – 60 жыл. Оқу орнының мерейтойына арналған салтанатты жиындарға  университетті әр жылдары тәмамдаған танымал түлектері мен Ресей, Өзбекстан мемлекеттінің ғалымдары қатысты.

Университет тарихы өз бастауын 1958 жылы Қазақ химия-технологиялық институтының облыстағы филиалының ашылуынан алды. Араға 5 жыл салып  химия-технологиялық институтының негізінде Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы институты өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, дәл осы кезеңде Кеңес одағындағы су шаруашылығы, гидротехника саласының мамандарын даярлайтын жетекші құрылым Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты да құрылған еді. Кейіннен бұл институттардың бірігуінен М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті ашылды.

60 жылдан бері университет жеңіл, тамақ өнеркәсібі, су шаруашылығы, құрылыс мамандарын даярлаушы іргелі оқу ордасына айналды. Заманауи материалдық-техникалық база, білікті профессор-оқытушылары құрамы, шетелдік білім беру жүйесіне негізделген озық әдістеме оқу ордасын оңтүстік өңірдегі көшбасшысы ғылым ордасына айналдырды.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің түлектерінің сапын мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламенті Сенат, Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдар мен коммерциялық ұйымдардың жетекшілері, Олимпиада чемпиондары, әлем біріншіліктері мен халықаралық додалар жеңімпаздары, өнер әлемінің жарық жұлдыздары толықтырады.

Асқарлы асуына толайым табыстармен қол жеткізген оқу ордасының мерейтойына арналған шаралар легі «Х Дулати оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясымен түрілді. Конференция жұмысына отандық тарих ғылымының корифейлерімен қатар Өзбек мемлекеттік Әлем тілдері университетінің профессоры Махамбет Жүсіпов, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Евгений Наумов атсалысып, М. Х. Дулати мұраларына қатысты деректерімен бөлісті. Пленарлық мәжіліс басталмастан бұрын қатысушылар ағымдағы жылдың қаңтар айында ТарМУ делегациясының Үндістан Республикасының Сринагар қаласында болған сапарында түсірілген «Алтын көпір» атты деректі фильмді тамашалады. Ұлы тарихшының мәңгілік мекеніне айналған Сринагар қаласына университет ректоры Махметғали Сарыбеков бастап барған делегация Дулати бабаның қорымындағы ақпаратты тақтайшаның ашылу салтанатына қатысып, жергілікті ғалымдармен пікір алмасып, «Жаһаннаме» дастанының жаңа нұсқасын тапқан. Баба мұрасын ұрпақ санасында қайта жаңғыртуға арналған дәстүрлі жиында Шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербісәлі, Қазақстан Ғалымдар одағының Президенті Сәбден Оразалы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессорлары Талас Омарбеков пен Берекет Кәрібаевтар баяндама жасады.

Сондай-ақ, шара барысында Шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербісәлінің «М.Х. Дулатидің өмірі мен шығармашылығына қатысты библографиялық көрсеткіштер»,  М.Х. Дулати қоғамдық қорының директоры Мұхтар Қазыбектің «Ғалам таныған ғұлама», Дулатитану орталығының директоры Сәмен Құлбарақтың «Дулатитану белестері» кітаптарының тұсауы кесілді.

 –1997 жылы 3 қарашада ҚР Үкіметінің шешімімен университетке ғұлама ғалым, тарихшы, қоғам қайраткері Мұхаммед Хайдар Дулатидің есімі берілді. Содан бергі аралықта екі жыл сайын «Дулати оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізу дәстүрі қалыптасты. Алғашында тарих ғылымның сан түрлі саласын қамтыған конференция жұмысы 2009 жылдан бастап тек М.Х. Дулатидің еңбектерін жан-жақты  зерделеуді мақсат етті. Нәтижесінде баба атын иеленген оқу ордасы ұлы тарихшы мұрасын зерттеу мен насихаттау жұмысындағы жетекші ғылыми орталыққа айналды. «Дулати оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы Үндістан, АҚШ, Германия, Франция, Иран, Әзербайжан сынды алыс-жақын шетел ғалымдарының басын қосып, тың тарихи деректерді ортаға салатын алаң ретінде танылды, – деді университет ректоры Махметғали Сарыбеков конференцияның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.