Жеңіс тұғырында — «Jambyl-Taraz»! | arainews.kz

Жеңіс тұғырында — «Jambyl-Taraz»!

72

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай мереке иелері арасында Шерхан Мұртаза атындағы облыстық спартакиада өтті. Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт, ішкі саясат басқармалары бірлесе ұйымдастырған жарыста 9 команда 6 спорт түрінен бақ сынады.
Дүбірлі доданың ашылуында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев ізгі лебізін жолдап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Әуелі қатысушылар эстафеталық жүгіруден жалпы ұзындығы 400 метрге жүгіріп, өзара мықтыны анықтады. Жарыс қорытындысында «Taraz 24» телеарнасы 1-орын, «Taraz Press» құрамасы 2-орынды еншілесе, «Jambyl-Taraz» командасы үздік үштікті түйіндеді. Бұдан кейін үстел теннисінен сынға түскен ерлер арасында «Taraz Press» командасының мүшесі Диас Шаухаров топ жарса, «Jambyl-Taraz»-дық Сәкен Абжапаров 2-ші, «Salyq Tartibi» командасынан Нарбол Қашағанов 3-орынды олжалады. Ал әйелдер арасында «77» телеарнасынан Аружан Адасхан, «Taraz 24» телеарнасынан Мархабат Көпбосынова және «Jambyl» телеарнасынан Эльвира Әмзеевалар жеңіс тұғырынан көрінді. Әріптестер ақыл мен ойдың ұшқырлығы сыналатын дойбыдан да шеберлік байқасты. Бұл бәсекеде ерлер арасында «Aulieata-Media» командасының мүшесі Амангелді Әбіл 1-орынды иеленсе, «Taraz 24» телеарнасынан Нұрбол Қыстаубеков 2-ші, «Jambyl-Taraz» командасынан Саятхан Сатылғанов 3-орынға қол жеткізді. Ал әйелдер сапында «Jambyl-Taraz» командасының тағы бір мүшесі Ғалия Алиева оқ бойы оза шапса, «Salyq Tartibi»-нен Әсел Бөлекбаева 2-орын алды. Ал «Taraz Press»-тік Ақбота Батырбекова 3-орынға тұрақтады. Қол күресінен өткен тартыста ерлер арасында Айдос Әбілов («Salyq Tartibi») 1-орын, Сәкен Абжапаров («Jambyl-Taraz») 2-орын, Серік Тәжібаев («Taraz Press») 3-орынды иемденді. Арқан тартудан өткен айқаста «Jambyl TV» 1-орын алса, «Aulieata-Media» мен «Jambyl-Taraz» құрамалары 2 және 3-ші орындарға лайық екендерін көрсетті.
Спартакиданың шешуші сыны саналған волейбол да қызыққа толы болды. Командалар тартысқа толы ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Әсіресе, «Jambyl-Taraz» ойыншылары әуелеткен әрбір доп қарсыластар алаңынан саңылау тауып, есепті еселей түсті. Жарыс қорытындысы бойынша қарсылас шыдатпаған «Jambyl-Taraz» құрамасы 1-орынды қанжығаға байласа, Т.Рысқұлов ауданының ойыншылары 2-ші, «Taraz 24» 3-орынды қанағат тұтты. Жарыс соңында барлық көрсеткіштер есепке алынып, үздік командалар анықталды. Соған сәйкес жүзден жүйрік шыққан «Jambyl-Taraz» құрамасы жалпыкомандалық есепте жеңімпаз атанып, арнайы Кубок пен 300 мың теңгенің қаржылай сыйақысына ие болса, «Taraz Press» командасы күміспен күптелді. Ал «Taraz 24» тұғыр биігінің 3-ші сатысына тұрақтады. Аталған командаларға 200 мың және 100 мың теңгенің сертификаттары табысталды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.