Қиналғанға қол ұшын созып, жығылғанға жәрдем беру қашаннан қазақтың қанында бар қасиет. Бұл игі істі ҚАЖ саласының қызметкерлері де жалғастырып келеді. Мәселен, күні кеше Жамбыл облысы Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне бағынысты ЖД-158/2 мекемесінің қызметкерлері қайырымдылықтың озық үлгісін көрсетті.
Жамбылдық балдырғанның қатерлі ісік дертіне шалдыққанын білген қызметкерлер облыстық қан орталығына барып, қан тобының тромбоцидін тапсырды. Жаны қысылып, аурумен арпалысып жатқан жанға көмек беру мақсатында мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, әділет майоры Әміржан Дәулетқұловтың бас болуымен мекеменің қызметкерлері донор атанды. Адам өмірін ажалдан арашалауға үлес қосқан ҚАЖ қызметкерлері бұл ісін ерекше ерлік деп санамайды. Керісінше атадан қалған игі дәстүрдің жалғасы, қайырым мен мейірімнің белгісі деп біледі.