Жарқын күнге жол ашады «Жас ұлан» | arainews.kz

Жарқын күнге жол ашады «Жас ұлан»

167

Жуырда облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін орталық пен «Жамбыл облысы «Жас Ұлан» балалар мен жасөсіпірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Кемелді келешекке — кемеңгер Елбасымен!» атты облыстық форум өтті. Форум жұмысына «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат, облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Бауыржан Мурбеков, облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов, облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек қатысты.

Форумның ашылу салтанатында сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат Жамбыл жастары жұдырықтай жұмылып, Елбасының сарабдал саясатын тиянақты жүзеге асыруға атсалысуы керек екенін жеткізді. Сонымен қатар, Шәбден Тоқтасынұлы жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиенің дәнін сеуіп, елін, жерін сүйетін ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуде «Жас Ұлан» ұйымына артылатын жауапкершілік жүгі салмақты екенін айтып өтті. Ал, облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов Мемлекет басшысы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының орындалуында жас буынның белсенділігі аса қажет екеніне тоқталды.
Мұнан кейін бір топ оқушы салтанатты түрде «Жас Ұлан» ұйымына қабылданды. Ұйымға қабылданған үздік оқушылар атынан сөз алған Тараз қаласындағы №49 мектеп-гимназияның оқушысы Сұлтангерей Несіпбек оқуда озат, еңбек пен спортта үздік болып, қиындықтан қорықпай, «Жас Ұлан» ұйымының талаптарын әрдайым орындайтындықтары жөнінде ант берді.
Сонымен қатар, шара барысында Жамбыл облысы «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айжан Алебаева мен облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Бауыржан Мурбеков форумның маңыздылығына тоқтала келіп, ұйым жұмысының жандануына қомақты үлес қосқан Тараз қаласындағы, аудандардағы үйлестірушілерді арнайы дипломдармен марапаттады.
Форум аясында аудандағы жасұландықтар мен тәлімгерлерге арналған семинар-тренингтер өтіп, орталық мұражайда арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығының барабаншылар тобы, Қордай ауданының «Мұрагер» триосы, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің «Ән 13» тобы, «Бозторғай» үлгілі ән-би ансамблі өз өнерлерін ортаға салды.

Талғат Нұрханов

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.