«Байлығым да сөз, өлең шайлығым да, Қамсыз жүзгем шалқар саз айдынында» | arainews.kz

«Байлығым да сөз, өлең шайлығым да, Қамсыз жүзгем шалқар саз айдынында»

251

Сөз құдіреті мен саз киесі басына бақ болып қатар қонған топырағы текті, даласы дастан Таластың тумасы, ақын, жазушы-драматург, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Болат Бекжановтың асқаралы 60 жас мерейтойы өзі басқарып отырған облыстық қазақ драма театрында жаңа форматта дүркіреп өтті. Мерейтой шымылдығы құрмет төрінен өзінің адал еңбегімен, маңдай терімен ойып тұрып орын алған қаламгердің жаңадан жарық көрген алты кітабының тұсаукесерімен ашылды.

Өзінің «Мен Таластың ұлымын» атты өлеңінде:
Байлығым да сөз, өлең шайлығым да,
Қамсыз жүзгем шалқар саз айдынында.
Қаламдастан ұқпаса,
Жан алмасқан
ұғар біреу ғасырлар айрығында, – деп жырлаған талант тұғырындағы тұлғаның тойы өнер мерекесіне ұласты. «Болмайды ғой», «Редактордың қойын дәптері», «Өмір –драма», «Сахнадан сыр айтамын», «Құс жолынан жыр төктім», «Көзкөргендер» деп аталатын алты кітап оның шынайы шалқар шабыт пен шексіз шығармашылықтың, тынымсыз ізденістің адамы, өнер мен әдебиетке ғұмырын арнаған ғазиз жан екенін тағы да айшықтап, дәлелдей түсті. Жаңа жинақтың тұсаукесеріне алыстан ат арытып жеткен Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бауыржан Жақып текті сөзді тізгіндеп, қаламгерді мерейтойымен құттықтап, оның жаңадан жарық көрген көптомдық мазмұнының биіктігі мен мағынасының тереңдігіне бойлап, қазақ әдебиетінің бірталай жанры жұптасқан жұмыр жинақтарға жоғары баға берді.
Ал, Ұлы Даланың әдебиеті мен өнерінің мүйізі қарағайдай марғасқалары жиналған басқосуда Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы «Абайтану» орталығының директоры Жанғара Дәдебаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Рафаэль Ниязбеков мерейтой иесінің ілкімді ізденісіне, өскелең ұрпақ пен өміршең қоғамға өзіндік айтар ойы бар салмақты шығармаларын талқыласа, ақын Айша Көпжасарова кемелдіктің кемерінен көпшілікке жол тартқан көптомдықтың келешекке берері мол екендігін жеткізді. Ал, алты томдықтың жарық көруіне демеушілік көрсеткен ақын, Алматы қаласындағы «Нұрлы әлем» баспасының директоры Жарылқасын Дәулет жиын қонақтарына «Сенім» атты жаңа әнін орындап берді. Бұдан кейін Бауыржан Жақып пен Жанғара Дәдебаев, Рафаэль Ниязбеков жаңа жинақтың тұсауын кесті. Сән-салтанаты жарасқан шара театрдың үлкен сахнасында:
О, Поэзия!
Ғажабым, ғазәлім,
Ғашықтың тілісің,
Арымның үнісің.
Жанымның сырысың,
Сезімнің гүлісің.
Сен ғана, сен ғана,
Ғұмырлық тынысым.
Басқасы бос әуре, құрысын! – деп жан дүниесінде жырдың жанартауы ояу жатқан ақын Болат Үмбетәліұлының «Құс жолынан жыр төктім» атты поэтикалық кешімен жалғасты. Сахнаның сұлулығына ондағы мерейтой иесінің кіндік қаны тамып, табанын тасы тілген туған ауылы Бестамның бедерленген бейнесі ерекше бояу қосқандай. Бұл көрініс қай биік пен қандай тереңдікте жүрсе де қаламгер ешуақыт өзінің туған топырағын жүрегінде сағынышпен сақтап жүргенін айшықтай түсті. Ал, төрде екі жақтан көтеріліп, жоғарыда тоғысатын баспалдақ орнатылыпты. Бекжановтың биігі осылай бейнеленсе керек.
Қоғылдың құйғаны, жетімдік сыйлады.
Сонда да көңілім, өзіңді қимады,
Қоғылдың құйғаны», – деп Талас өзенінің асау толқындарындай төгілген ақынның өзекжарды өлеңдері көпшіліктің көңілін тебірентіп, керемет ұмытылмас әсерге бөледі.
Кеш иесінің жарқылдаған жаздай жастық шағын, құстай ұшып арман қуған албырт кезін, қиял қанатын құлаштап, желдей жүйткіген серілік болмысын, мөлдір махаббатқа өнермен тіл қатқан батыл мінезін белгілі һәм талантты актер, сахна саңлағы Кенен Ақүрпеков үлкен шеберлікпен сомдап шықты. Қаламгердің тағы бір үлкен қыры, оның сазгерлігі. Кеш барысында көпшіліктің көңіл пернесін дөп басып, «құлақтан кіріп, бойды алар» автордың «Мүлгиді Талас», «Сол бозбала барын…», «Журналистер маршы» атты әсем әуезді әндері мерейтой қонақтарының қуанышын еселей түсті.
Қойылымдағы қою мұң мен саф сезімнің, тағдыр желісіндегі ақ пен қараның арпалысындай көріністер кеш кейіпкерінің өмірінен бүкпесіз шындық пен боямасыз сыр шертті. Шартараптан келген қауымды шаттыққа бөлеген шығармашылық кештің поэтикалық һәм театрландырылған көрінісін ұлт руханиятына ғажап әндерімен үн қосып жүрген белгілі композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі Болат Бекжановтың сөзіне жазылған «Өмір» туындысымен қорытындылады. Мерейтойдың марапаттау рәсімінде сөз тізгіндеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, кеш иесінің қаламынан туған драматургия, поэзия мен публицистика, сатира мен саз бағытындағы туындыларының маңыздылығына, автордың толағай жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ, іскерлігімен қазіргі қара шаңырақ облыстық қазақ театрын басқарудағы ұйымдастырушылық қабілетін де ерекше атап өтіп, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Құрмет грамотасын тапсырып, мерейтой иесіне шапан жапты.
Ал, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов Болат Үмбетәліұлының шайырлығынан бөлек, шымылдықтың арғы жағындағы өміріне, театр өнеріндегі тындырымды тірлігіне, құрметке лайық еселі еңбегіне кеңінен тоқталды. Бауыржан Жақып мерейтой иесіне Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетовтың құттықтау хаттарын табыстады. Бұдан кейін мерейтой иесін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Халықаралық Д.Қонаев қоры облыстық филиалының төрағасы Амангелді Карентаев 60 жасқа абыройлы жетістіктермен жеткен Б.Бекжановқа «Қонаев» медалін тақты. Талас ауданының 90 жылдығына орай шығарылған медаль де кеш кейіпкерінің кеудесінен жарқырады. Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев ақжарма лебізін арнап, құрмет көрсетсе, жазушының жерлес-ағайындары темір тұлпардың кілтін сыйлады. Марапаттау рәсімінен кейін өнер мерекесі «Сәтті» мейрамханасында жайылған ақ дастархан басында жалғасын тапты.

Нұржан Қадірәлі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.