Жақынына «жақсылық» жасайын деген жігіттің өзі жазаланды | arainews.kz

Жақынына «жақсылық» жасайын деген жігіттің өзі жазаланды

186

Таразда түзеу мекемесінің аумағына тыйым салынған заттарды кіргізуге ниеттілердің саны азаяр емес. Осылайша, әрекетінің заңсыз екенін біле, түсіне тұра жақынына «жақсылық жасамақ» болғандар ақырында өздері жауапкершілікке тартылып жатады. Осындай жағдайдың бірі бүгін Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекемесінде тіркелді.

Нақтысын айтар болсақ, Тараз қаласының 2001 жылы туған А.С. есімді тұрғыны мекемеде жазасын өтеп жатқан Е. М. есімді «туысына» қысқамерзімді кездесуге келген. Ол өзімен бірге сотталған азаматқа бірқатар азық-түлік жеткізген. Мекеме қызметкерлері аталған сәлем-сауқатты тексеру барысында көлемі 1,9 литрді құрайтын 2 дана шырын қораптарының ішінде бөгде зат бар екенін анықтаған. Нәтижесінде, аталған сусын қораптарын жару кезінде онда жапсырма лентамен оралған белгісіз заттар жасырылғаны белгілі болған.

Аталған заңбұзушылық мекеменің режим бөлімі тексеру тобының жедел уәкілдері – әділет капитаны Нұрбол Әжіғали мен әділет аға лейтенанты Құлажан Насиров және 5513 әскери бөлімінің бақылаушылары – ефрейтор Бағдат Асылбеков пен қатардағы жауынгер Талап Асқаровтардың қырағы әрекетінің арқасында әшкере болғанын айта кету керек. Осылайша, ҚАЖ саласы мен әскери қызметкерлер түзеу мекемесі аумағына тыйым салынған заттардың енуінің алдын алды.

Қазіргі уақытта белгісіз заттардың құрамын анықтау мақсатымен сот-химиялық сараптамасына жіберілді. Ал, алдын ала ескертіліп, заңбұзушылыққа жол берген жағдайда жазаға тартылатыны жайлы хабарландырылғанына қарамастан аталған әрекетке барып отырған А.С. есімді азаматтың үстінен әкімшілік іс қозғалды.

 

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.