«Ұлы далада» саябақ салынады | arainews.kz

«Ұлы далада» саябақ салынады

41
Бүгінде Тараз қаласының аумағы кеңейіп, тұрғындардың саны уақыт өткен сайын артып келеді. Әсіресе, №15 «Ұлы дала» ықшам ауданында бой көтерген жаңа тұрғын үйлерге қоныстанушылардың қарасы қалың. Соған орай аталған ықшам ауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына түзетулер енгізілген болатын.
Жобаға сәйкес ықшам ауданның жалпы 362,2 гектарының 47 гектарына сквер, саябақ, демалыс аймақтары салынады. Ал бұл демалыс орындарына 5 213 түп түрлі тал-дарақ отырғызу көзделуде. Оның ішінде терек – 900, қараөрік – 40, самшит – 2 615, сирень – 108, шынар ағашы – 460, акация – 150, үйеңкі – 300, туя – 300, қарағай – 60 түп және сәндік ағаштары бар. Бұл тұрғындардың таза ауамен тыныстап, бір мезгіл сейілдеуінен бөлек, қала экологиясының жақсаруына да септігін тигізері сөзсіз.
Сондай-ақ тұрғындар үшін қолайлы ортаны қамтамасыз ету мақсатында ықшам аудан аумағында орналасқан екі канал бойында көгалдандыру аймақтары жобаланған. Бұған қоса негізгі және ішінаралық жолдары кеңейтіліп, аталған аумақ инженерлік инфрақұрылымдармен толық қамтылмақ. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, жоғарыда аталған нысандардың құрылысы толығымен аяқталған соң, ықшам ауданда көше жарығы орнатылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Осылайша, «Ұлы дала» ықшам ауданы жасыл желекке бөленетін күн алыс емес.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.