Заманауи зертхана пайдалануға берілді | arainews.kz

Заманауи зертхана пайдалануға берілді

335

Тәуелсіздік күні қарсаңында «Қазфосфат» ЖШС филиалы- «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінің зертханасы қайта жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді.

Айта кету керек,  «Қазфосфат» ЖШС еліміздегі бірегей  өндірістік құрылым. Бүгінде онда 6000 қызметкер заман талабына қарай жұмыс жасауда. Бұл тұрғыда  серіктестіктің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері  Мұқаш Ескендіров «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінің ескі зертханасын заман талабына сай жабдықтармен қайтадан жаңғыртып берді. Осы жылдың мамыр айында басталған жұмыстар Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында толықтай аяқталған. Осылайша, техникалық бақылау және зерттеу бөлімдері орталықтандырылып, соңғы талаптарға сай құрал-жабдықтармен жабдықталыпты. Аталған зертхананың ашылу салтанатында Мұқаш Ескендіров бұл жерде күнделікті жұмыстан бөлек, зерттеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.

– Бүгінде серіктестікте 6 кен орны бар. Ол жерлердің химиялық құрамдары өзгеше. Ондағы жер қыртысын толықтай зерттеп, өндіру зауыттарына жіберу осы зертхананың міндетіне жатады. Мұндағы құрал-жабдықтардың барлығын Ресей Федерациясынан арнайы алдырдық. Ол үшін 300 миллион теңге бөлдік. Сондай-ақ мамандардың да білімдерін жетілдірдік. Бұдан өзге осындағы оқу орындарының студенттерімен жұмыс жасап, инженерлік салаға бет бұруына күш салудамыз. Өйткені, болашақ жастардың қолында, – деді Мұқаш Зұлқарнайұлы.

Зертхананың ашылу салтанатында  сөз алған Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов  көпшілікті заманауи ғимараттың ашылуымен құттықтап, химия өнеркәсібі саласы мамандарының  жұмыстарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ аудан басшысы бірегей  өндірістік құрылым облыстың, оның ішінде Талас ауданының  әлеуметтік саласының дамуына орасан үлес қосып келе жатқанын тілге тиек етіп, алғыс білдірді.

Бүгінде 20-дан астам маман жұмыс атқараратын зертханада кенді сұрыптау, электро қалқаны, прекурсорлар мен улы заттар қоймасы, термиялық бөлме, мұнай өнімдерін талдау және аналитикалық зерттеу сынды бірқатар бөлімдер жұмыс жасайды. Сонымен қатар онда жұмысшылар үшін бар жағдай жасалынған. Яғни, жуыну бөлмелері мен оқу бөлмелері қарастырылған.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.