Туған жер – тұғырың

32

Облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Баласағұн» орталық концерт залында «Туған жерге туыңды тік» атты Жерлестер форумы өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізілген шарада еліміздің әр өңірінде еңбек етіп жүрген табысты жамбылдықтар бас қосты.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жоғарыда аталған мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп, туған жер алдындағы әркімнің перзенттік парызын еске салған еді. Аталмыш форум түрлі салада еңбек етіп, істің көзін тауып, табысын еселеген азаматтардың туған жерінің көркеюіне үлес қосқан әрекетін көпшілікке үлгі етуді мақсат етті.
Айтулы іс-шараны облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Жандар Кәрібаев ашып, ізгі тілегімен бөлісті.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасында жаңаша жаңғырудың заманауи талаптарға жауап бере алатын негізгі бағыттарын белгілеп берді. Ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып, сананы жаңғырту мақсатында көпұлтты қазақстандықтардың алдында ортақ келелі міндеттер тұр. Оның алғышарты – Отанға деген қалтқысыз қызмет, туған жерге деген парасатпен өрілген сүйіспеншілік. Құт пен ырыс дарыған Әулиеата өңірінен талай тарланбоздар түлеп ұшуда. Әлі де шыға бермек. Ал, кез келген адам қайда жүрсе де туған жердің қасиетті топырағымен тамырлас. Қасиетті Атамекеніміздің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген азаматтарының жыл санап өсіп келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Бұған мысал ретінде «Атамекен» бағдарламасы аясында 39 жоба жүзеге асырылып, 37 тұрғын үй мен пәтер, 4 аллея, 1 медициналық пункт, 1 музей және 26 спорт нысаны пайдалануға берілгенін атап айтуға болады.

Жыл соңына дейін тағы 18 жоба жүзеге асқалы отыр. «Мектепке тағзым» акциясымен демеушілер тарапынан 258 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіліп, 719 оқу кабинеті мен 50 спорттық алаң жабдықталып, 10 мектепке музыкалық аспаптар табыс етілді. Ал, облыс кәсіпкерлері өз бастамаларымен қаланы көркейту және инфрақұрылымды жақсарту жобаларын жүзеге асыруда. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов 12 студентке, «Тараз» футбол клубының қосалқы құрамының 9 футболшысына, 3 мүмкіндігі шектеулі азаматқа тегін оқу грантын ұсынды. Ал, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров «Мыңбұлақ» ықшамауданында әмбебап спорт кешенінің құрылысына 10 миллион теңге, «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қуат Баққараев компания атынан аз қамтамасыз етілген отбасына арнап 2 бөлмелі пәтердің құрылысына 12 миллион теңге бөлді. Сондай-ақ, «Арай строй маркет-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Арман Еділбаев мұқтаж отбасына 2 бөлмелі пәтердің құрылысына 12 миллион теңге, «Altais group» президенті Әлімбек Жұмабаев Баласағұн музейінің құрылысына 67 миллион теңге, Тараз қалалық мәслихатының депутаттары 40 миллион теңгеге қаланың ықшамаудандарында бейнебақылау орнатуға, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында балалар ойын алаңдары мен футбол алаңдарын салуға көмек берді. Ал, жеке кәсіпкер, «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайранбай Дөненбаев Т.Рысқұлов ауданында 40 орындық интернат, 1932-1933 жылғы ашаршылық құрбандары мен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне арналған саябақ пен мемориалды тақта орнатып, көптің алғысына ие болды. Бақ дарыған азамат Жарлысу ауылынан жобалық-сметалық құны 250 миллион теңге болатын 92 орындық балабақша құрылысын аяқтап, халық игілігіне ұсынды. Бұл жамбылдық жомарт жандар жасаған істердің бір парасы ғана. Туған жерге деген қамқорлық пен қайырымдылықтың үлгісін көрсеткен жерлестерімізге алғысымызды білдіреміз, – деді Ж.Кәрібайұлы.

Ұлағатты ұстаздығымен дүйім елге танылған жерлесіміз, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Алматы қаласының Құрметті азаматы Аягүл Миразова туған елге қызмет етудің мән-маңызын сөз етті.
Еңбекқорлықтың абырой мен табысқа жеткізетінін әңгімесіне арқау еткен «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры, меценат, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров:
– Ел табысын еселеуге айрықша үлес қосқан барлық азаматты патриот деп санаймын. Осы патриот сөзі жүректі жылытады. Отан алдында бәріміз де борыштымыз. Сондықтан, барлық азаматтарды ел өркениетіне өзіндік үлес қосуға шақырамын, – деді.
Шара барысында істің көзін тауып, толайым табысын ел-жұртымен бөлісе білген жомарт жандардың бірі, «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайранбай Дөненбаев та жүрекжарды лебізімен бөлісті.
–Бабалардан қалған өсиеттің бірінде «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз бар. Ізімізді жалғар жас ұрпақтың саналы азамат болып өсіп, еліміздің абыройын арттыруы біздің қамқорлығымызбен жүзеге аспақ. Табысыңнан зекет беріп отыру ырысқа кенелтетіні тағы бар. Бұл да бабалардан қалған өнеге. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бір кездесуде «Тапқаныңды халыққа сал, сонда ел сенің абыройыңды көтереді, мерейіңді өсіреді» деп еді. Әрдайым Мемлекет басшысының осы сөзі көкейімнен кетпейді. Қазір іс бастаймын, еңбек етемін дегенге қолдау да бар, жол да ашық, – деп С.Дөненбаев басқарғанына 21 жыл болған қожалығының еселенген табысының кілті қайырымдылықта екенін айтты.
Білім іздеген талай жасқа жол ашып, іскерлігімен танылып жүрген Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты, меценат Ерболат Саурықов барша отандастарын елдің игілігі үшін аянбауға шақырды.
Жамбыл өңірінде туып-өсіп, еңбегімен есімі республика жұртшылығына танылған экономист, меценат Азаматхан Әміртай:
– Бала күнімде атамның қасында қой бағып жүргенде ол кісі сол маңайдағы тау-тастың талай тарихи оқиғаларға куәгер екенін айтып, әңгімелеп беруші еді. Атам қызықты әңгімесімен бойыма жақсы қасиеттерді сіңіріп, менің ертеңіме бағыт көрсеткенін енді ұғып жүрмін. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарлама да сол өнегені көздесе керек-ті. Өмір сапасын жақсартудың бір тетігі экологияда. Сол себепті де айналамызды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, жауапкершілікті сезінсек, Табиғат-Анамызды түрлі кесапаттардан қорғай алар едік, – деп көпшіліктің назарын экологияға аудартты.
Ал, Алматы қаласындағы «RUMI GROUP» мейрамханалар желісінің негізін қалаған кәсіпкер Қуаныш Шоңбай жастардың тәрбиесіне тоқталды.
– Мақсат қуып, алыста білім алып жүріп те ұмытып кеткен көзілдірігімді сылтауратып ауылға келе беруші едім. Қазір де солай, басқа қалада жүрсем де туған ауылымның түтінін иіскемей бір ай да шыдай алмаймын. Қайда жүрсең де туған жерге бүйрегің тартып, әрбір жаңалығына елеңдеп отырасың ғой. Әрине, әрбір нәрсенің жақсысы мен жағымсыз жағы қатар жүреді. Тараздың кезінде криминалдық жағынан да белгілі болғанын қалай жасырамыз. Осыған қарап ойлаймын, біз жастардың тәртібін қолға алу үшін оларға жақсы дүниені көрсету керекпіз. Мысалы, дамыған елдердегі азаматтардың пайым-парасатын, қоғамдық тәртіптің қалай сақталатынын, жүрген ортасына деген жанашырлықтың неден туатынын іс жүзінде көрсетпейінше, нақты нәтижеге жете алмаймыз. Қазір ақпарат айдыны ашық. Бүгінгі жастар көп нәрсені біледі, оларға ақыл айтып, ештеңе ұтпайсың. Тек мүмкіндік беру керек. Сондықтан да өзім жеке кәсіпкерлігімді ашқанда ауылымның 48 азаматын жұмысқа алып кеттім. Енді 2020 жылға қарай жамбылдық 1 000 баланы шет елге апарсам деймін. Бұл жоспарыма келесі жылдан бастап кірі­се­мін деп отырмын, – деді Қ.Шоңбай.
Жасөспірімдерді спортқа баулып, жеңіс үшін күресу мен ел даңқын асыруға тәрбиелеуді көздеген белгілі балуан Бейбіт Ыстыбаев:
– Кешегі Балуан шолақ, Қажымұқан аталарымыздың ізбасарларын дайындап, дүбірлі додаларда ел намысын қорғап, көк байрағымызды көкке көтерер спортшыларымыздың қатары артса деген мақсатпен еңбектенудемін. Спортқа құмар талантты балаларды спорт мектебімізде күтемін, – деп туған жерінің түтіні түзу шығу үшін өзіндік үлесін қосуға Астанадан көшіп келгенін тілге тиек етті.
Форумда халыққа қалтқысыз қызмет етіп, қайырымдылық көрсетіп жүрген азаматтар «Жомарт жүрек» сыйлығымен марапатталды. Олардың ішінде түрлі сала қызметкерлері, бизнес өкілдері, белсенді тұлғалар бар. Сонымен қатар, елге еңбегі сіңген 8 жамбылдық азамат «Аманат» марапатына ие болды.
Үлгілі істі көпшілікке таратуды көздеген форум соңында белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаров жиылған жұртқа әнімен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Қамар Қарасаева

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.