Көліктер көрмесі көпшілік көңілінен шықты | arainews.kz

Көліктер көрмесі көпшілік көңілінен шықты

255

Таразда тұңғыш рет реторо көліктер көрмесі өтті. Көне шаһардың көрікті орындарының бірі – «Жастар» аллеясында өткен шарада әр дәуірдің өкіліндей бір жерге жиналған түрлі маркадағы темір тұлпарлар тамашалауға келген тұрғындардың көзайымына айналды, – деп хабарлайды «Arainews» ақпарат агенттігі.

Көрмеге бүгінде шаммен іздеп таппайтын «ГАЗ-67» машинасынан бастап, соңғы үлгідегі темір тұлпарларға дейін қойылған. Қала тұрғындары мен қонақтарына бұл қызықты «Джип клуб Тараз» тобы ұйымдастырды.

Көрмеге халық өте көп жиналды. Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін бұл бір керемет демалыс болды деуге де негіз бар. Жалпы, шараға қаладағы ең әдемі деген 50-ге жуық автокөлік және 10 шақты мотоцикл таңдалынып алыныпты. Маркасы жағынан бірінен-бірі оза шапқан темір тұлпарлар көздің жауып алып, көпті өзіне тәнті етті. Көрмеге келушілер өздеріне ұнаған көліктің жанында фотоға түсіп, қызықтап жатты.

Көлік иелері темір тұлпарларын барынша сәндеп, оған ерекше өң беруге тырысқандары байқалады. Өткен ғасырдың орта тұсына тән ретро көліктер де өз құндылығын жоймастан, жап-жаңа күйінде сақталған. Күнделікті өмірде көзге түсе бермейтін мұндай бағалы көліктердің көптігі көңіл қуантады. Ал, «Жастар» жылы мен Жамбыл облысының 80 жылдығына орайластырып өткізілген автокөліктер көрмесін енді жыл сайын өткізу жоспарланып отыр.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.