Таразда тұңғыш рет фотопоэзия көрмесі өтті | arainews.kz

Таразда тұңғыш рет фотопоэзия көрмесі өтті

243

Тараз қаласында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «ARAI» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабайдың Жамбыл облысының 80 жылдығына арналған «Мөп — мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» атты фотопоэзия көрмесі өтті. Жыл басында ғана пайдалануға берілген «Жастар» аллеясындағы «Білім» алаңында өткен кешті Тараз қаласының әкімдігі ұйымдастырды.

Көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова фотография өнері жайлы ой өрбітіп, А. Қартабайдың шығармашылығына тоқталып өтті.

– Қазақ қыздарының жан-жақты мінезін, бейнесін фотосуретпен ашып, қазақ қызына ғана тән көркемдікті сіңіріп көрсетіп отырған фотограф Алтынбек Қартабай – ерекше өнер иесі. Облыстың қарқынды дамуы, өңірдегі өзгерістер мен жаңалықты суретіне сыйдырып жүрген өнер иесінің шығармашылығы да өзгеше. Қазақ қызының асыл жар, аяулы ана образын суретке басып, өнер кеңістігіне өзінше үлес қосқан суреткерді дүйім жұртқа еңбегін ұсынған қуанышты күнімен құттықтаймын, – деді Сұлушаш Сәтбекқызы өз сөзінде.

Сонан соң көрменің лентасы қиылып, кеш иесі А. Қартабай құшақ-құшақ гүлімен қоса бар ыстық ықыласын, риясыз балалық пейілімен қоса анасына ұсынды.

– Алтынбек ерекше мейірімді. Бәріне жақсылық жасағысы келіп елжіреп тұрады. Жаны нәзік. Ұлымның еңбегін бағалап, фото көрмесін өткізуге атсалысқан барлық жандарға аналық алғысымды білдіремін, – дейді алтын құрсақты қарт ана.

Келушілер шығыс шайыры Фирдаусидің өзі тамсанып, өлең арнаған әулиеаталық сұлулардың нәзік те нәркес бейнелері мен Жамбыл жерінің тұмса табиғаты көрініс тапқан фотосуреттерді аралай, өзара талқыға салып, фотографтың шеберлігіне тамсаныстарын жасырмады. Күздің көңілге ерекше жылу сыйлаған қоңыр салқын кешінде көрмені тамашалаушыларға жамбылдық ақындардың өлеңдерінен жасалған аудиотоптама ерекше әсер беріп тұрды.

Айта кетейік, өзін әріптестер арасында қырағы фотоөнерімен даралайтын Алтынбек Қартабайдың бұл ең алғашқы шығармашылық кеші. Өңірдің 80 жылдығына орай фотограф туған жерінің әрбір сұлулығын әспеттеп, керемет көріктілікті көкірек көзімен көріп, кірпік қаққанша «шырт» еткізіп түсіріп алған авторлық 80 суретін келушілер назарына ұсынды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.