Халыққа қызмет көрсету орталығы жаңа ғимаратқа көшті | arainews.kz

Халыққа қызмет көрсету орталығы жаңа ғимаратқа көшті

203

Меркі ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығы жаңа ғимаратқа көшті. Орталық қоныстанған ғимаратты кәсіпкер Ерғали Қалысбаев өз қаржысына салып, аудан тұрғындарына тамаша тарту ретінде ұсынған. Осылайша, құрылыс жұмыстары 6 ай жүрген әсем ғимаратқа бір күнде 500 тұрғынға қызмет көрсетуге қауқарлы орталық орналасты.

Жаңа орталықтың ашылу салтанатына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Қыстаубай Сағынтаев, аудан әкімінің орынбасары Марат Қасым, Меркі ауылдық округінің әкімі Ұлан Жұматаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев, еңбек ардагері Бектұрған Жамбабаев, сонымен қатар, аудан тұрғындары қатысты.

Алғашқы сөз алған облыстан арнайы келген қонақ Қыстаубай Әбдірұлы меркіліктерге арналған өз құттықтауынан соң, халыққа қолдау көрсеткен ел ағасы Ерғали Бадамбайұлына ізгі тілектерін жеткізіп, белгілі кәсіп иесінің «Туған жерге туыңды тік» деген қазақи ұстаным мен адами қасиетін алға тарта келе, тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің жоғары сервистік дәрежесін өсіруге қосқан қомақты үлесі үшін арнайы Алғыс хатын табыс етті.

Келесі кезекте, жоғарыда аталған азаматтар да аудандағы жағымды жаңалық аясындағы өз ой-пікірлерін білдірген соң, жиналған көпшілік бөлім басшысы Аңсар Ержанның бастауымен әлеуметтік нысанның ішін аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.