Таразда Кенен Әзірбаев ескерткіші ашылды | arainews.kz

Таразда Кенен Әзірбаев ескерткіші ашылды

123

Жамбыл облысының 80 жылдығына арналған мерекелік шаралар легі Кенен Әзірбаев ескерткішінің ашылу салтанатына ұласты. Қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерінің ескерткіші «Баласағұн» орталық концерт залы ғимаратының алдына орнатылған.

Кенен Әзірбаев — қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрлерді үзбей, ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жеткізген өнерпаз. Дастан жанрын жастайынан жырлаған. Қазақ халқының айтыс өнерінің насихатшысы. 150-дей ән толғап, әндері халық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналды. Кенен Әзірбаевқа биыл 135 жыл.

Кенен Әзірбаев ескерткішін ашу құрметі Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марал Ысқақбай және Кенен атамыздың ұрпағы Мұрат Кененовке бұйырды.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан аймақ басшысы Асқар Мырзахметов  пен  облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов барша жамбылдықтар атынан ескерткішке  гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң қонақтар Қордай аудандық К.Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейі әзірлеген көрмені тамашалады.

Айта кетейік,  жыр алыбы – Жамбылдың жанында жарты ғасыр уақыт жүріп қазақ ауыз әдебиетінің мол мұрасымен қаныққан Кенен аты ұлт мәдениеті тарихында алтын әріппен жазылған есім саналады. Өткен жылы жыр дүлдүлінің есімі облыстық филармонияға берілген болатын. Сондықтан да оның ескерткіші дәл осы облыстық филармония қоныстанған «Баласағұн» орталық концерт залының алдына қойылуы өте ұтымды ұсыныс болып отыр. Демеушілер қаражаты есебінен салынған тас мүсінді мүсінші Көлжігіт Темірхан әзірлеген.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.