Түс таңғажайыптары | arainews.kz

Түс таңғажайыптары

376

Жер бетінде түс көрмейтін адам жоқ шығар, сірә. Кейбір түстер ұмытылады, ал кейбірі жадымызда жатталып қалады. Түс көру себептерін ғалымдар ғасырлар бойы зерттегенімен, әлі де бір ортақ байламға келе алмауда. Алайда, кейбір ойшылдар адам ұйқыға кеткенде денесінен кіп-кішкентай бұлт тәріздес мөлдір қабат ұшып шығып, «саяхат» жасайды деген болжам айтады. Яғни, адамның тәнінен жаны бөлініп шығып, серуен құратын көрінеді.

Жалпы, көрген түсті жоруға бабаларымыз бұрыннан ерекше мән берген. Мәселен, түсінде шикі ет көрсе, «ауырып қаламын», аспанда ұшып жүрсе, «мәртебем жоғарылайды» деп сенген. Тіпті, түс алда тұрған апатқа немесе ажалға аян береді деген де наным бар екені жасырын емес. Десе де, бүгінде кейбір адамдардың түсі шын мәнінде таңқалдырып жатады. Мәселен, Шу ауданының тұрғыны Гүлнәр Жанболатова түсінде әкесінің дүниеден өткенін көрген.

– Ол кезде баламын. Әкем сырқаттанып, жатып қалғаннан бастап күнде бір түс көретін болдым. Түсімде есік алдындағы сарайдың бел ағашына ілінген қаптағы картоптың бір түйірі күнде жерге түсіп тұрады. Бастапқыда бұл түске аса мән бермегенмін. Уақыт өте келе түсімнен түспейтін қаптағы картоп саны кеми берді. Соңғы түйірі жерге түскен түні әкем бақилық сапарға аттанған еді. Кейін ойласам, бұл тылсым күштің жақынымның дүниеден өтетіндігіне берген аяны екен. Біршама жылдардан соң түсімді туыстарыма айтқанда бәрі аң-таң болды. Кім біледі, мүмкін бұл түсті өзгелерге айтып, дер кезінде жорытқанымда әкеме көмек көрсете алар ма едім, – дейді Гүлнәр.

Иә, шын мәнінде адам айтса нанғысыз оқиға. Мұндай жайттар бүгінде көптеп кезігеді. Тағы бір кейіпкеріміз Нұрболат Өткелбаев құмар ойыннан қомақты қаржыға кенелетінін түсінде көрген. Аян берген сандарға бәс тіккен ол сол күні
1 000 000 теңгеге жуық ақша ұтып алған. Дегенмен, Нұрболат осы ұтысынан кейін мұндай түстің қайталанбағанын айтады.
Ал, Тараз қаласының тұрғыны Әсем Күлімбекова құрсағындағы перзентінің қыз болатынын түсінде көрген.

– Тұңғышымыз болғаннан кейін жолдасымыз екеуміз ұл немесе қыз деп күпірлік қылмауға келіскенбіз. «Алланың бергені болады» дедік. Тіпті, УЗИ аппаратының көмегіне де жүгінген жоқпын. Бұл шешіміміз жөнінде дәрігерді де ескертіп, соңына дейін күтуге бел будық. Бірақ, жүктілігімнің жетінші айында түс көрдім. Түсімде көктен бір дауыс «Құрсағыңдағы перзентің қыз болады. Аты Ақшолпан» деп аян берді. Ояна салып, көрген түсімді жолдасыма айттым. Кейін әжеміз естіп, бұл «жоғарыдан берілген белгі» деп жорыды. Шынында, тоғыз ай, тоғыз күннен кейін дүниеге қыз әкелдім. Үйдегілермен келісе отырып есімін Ақшолпан деп қойдық. Сіздерге өтірік, маған шын, екінші қызыма аяғым ауыр кезде де сол дауыс түсімде аян беріп, екінші перзентімнің есімі Ақмоншақ болатынын айтты. Ол жолы да қыз босанып, есімін Ақмоншақ деп атадық. Бұл белгісіз бір күштің мені демеп, балаларыма төгіп тұрған нұры деп сенемін, – дейді Әсем.

Негізі, ерте заманнан адамдар түс арқылы болашақты болжай білген. Кейбір түстер тіпті бір күннен кейін болатын оқиғаны тап басып көрсеткен. Мұндай адамдарды ел-жұрт «Көріпкел» деп атаған. Алайда, бүгінгі ғылым аян беретін түстердің жоқтығын, бұл тек кездейсоқ жағдайлардың тура келуі екендігін меңзейді. Кім білсін? Дегенмен, мына бір оқиға тағы ойға қалдырады.

Мойынқұм ауданының тұрғыны Гүлсәт Жаманаққызының әкесі 1942 жылы майдан даласына аттанып, елге қайта оралмаған. Әкесінің қаза тапқаны туралы «қара қағаз» да келмеген. Жанұясымен жылдар бойы іздестіргенімен, бірде-бір хабар болмайды. Содан былтыр Гүлсәт соғыстан қайтпаған солдаттарды іздейтін сайт ашылғанын естіп, әкесі Жаманаққа іздеу салады. Сайтқа орналастырылған тарихи оқиғалардың ізімен әкесі құрамында болған ротаны тауып, соңғы рет Белоруссия жерінде қанды шайқасқа араласып, Брест қаласының маңындағы бір деревняда жерленгені туралы дерек табады. Сол күні Гүлсәт түс көреді. Түсінде дүниеден өтіп кеткен анасы бір орыс ұлтты әскеридің басын сипап отырады. Оянғаннан кейін анасының берген аяны екенін түсініп, біршама уақыттан соң жолға шығады. Белоруссия жеріндегі аталмыш деревняны тауып, онда әкесінің «Бауырластар зиратында» жерленгеніне көз жеткізеді. Содан қорымнан бір уыс топырақты елге әкеліп, анасы жатқан мазардың жанына көмеді.

– Осыдан кейін жаным жай тапты. Анамның әруағы разы болды-ау деймін. Бұдан кейін әкем, шешем, әпкемнің бірге жүргенін түсімде көріп, менің де жүрегім орнына түсті, – дейді кейіпкеріміз.
Иә, түс шынымен де таңғажайып құбылыс. Осындай оқиғаларды естігенде өлімнен кейін де өмірдің барына, Құдіреттің күшіне шүбәсіз сенесің. Алайда, аянмен өрілген жағымды сәттерден бөлек, қорқынышты түстер де болып жатады. Бірақ, ғалымдар қорқынышты түстер күнделікті тұрмыс, өмір қиыншылықтарынан немесе сырқаттың белгісінен туындайтынын айтады.

Десек те, түстің қалай пайда болатынын бүгінгі ғылым түсіндіре алмауда. Тек болжамдар айтады. Мәселен Англия мемлекетінің Хартфордшир университетінің профессоры Ричард Вайзманның зерттеулері бойынша, адам өмірінің ¼ бөлігін ұйқымен және оның 6 жыл уақытын түс көрумен өткізеді екен. Оянғаннан соң 10 минуттан кейін көрген түстің 90 пайызы ұмытылады екен. Сондықтан, түсті есте сақтап қалғыңыз келсе, 5 минут ішінде не көргеніңізді қағазға түсіріп алуыңыз керек. Профессордың айтуынша, түсте құлап бара жатқан сияқты сезім кешу ұйқының алғашқы сәтінде орын алады екен. Мұндай түстер бұлшық еттің тартылып қалуынан туындайтын көрінеді. Дегенмен, тамаша түс көрудің де жолы бар. Ол үшін жатар алдында әдемі әуенді қойып қойсаңыз, керемет, ғажап жерлер түсіңізге кіреді. Сондай-ақ, гүлдің хош иісі мұрныңызға келіп тұрса, онда шырын түс көресіз. Алайда, бір заттың шіріген немесе көмір газы секілді жағымсыз иісі қолқаңызды қапса, онда үрейлі түстен арылмайсыз. Және қарапайым сағаттың соққан тілінің өзі ұйқыңызды қашырып, отты теңіздің арасында жүргендей күй кештіруі мүмкін. Тағы бір қызығы, егер аш күйі ұйықтасаңыз, қандағы қант құрамы айтарлықтай төмендеп, көрген түсіңізден шошып оянуыңыз ықтимал. Сондықтан, профессор Ричард Вайзман ұйықтар алдында өз-өзіңе қолайлы жағдай жасауға кеңес береді.

Негізі, түс көру адамның ырқынан тыс болғандықтан, қазақ халқы оны көрудің мағынасынан гөрі түсті жоруға көбірек мән берген. «Түс түлкінің қиы» деп әрдайым жақсылыққа жорыған. Кейбір түстер шындыққа да ұласқан. Тарихта болған әйгілі адамдардың өңінде орындалған түстері туралы мысалдар жеткілікті. Мәселен, Абылай ханның түсін «өзіңнен кейінгі ұрпағыңның ұсақталуы» деп Бұқар жыраудың жоруы, қайда барса өз көрін қазғандарды көрген Қорқыттың түсі, қазақ жерін орыстың басып алу қаупіне алаңдап, «бұл арадан көшпесең, айтқаныма түспесең, орыс алар қалаңды, шулатар қатын-балаңды, осыны көрдім түсімде» деген Асан қайғы бабаларымыздың түсі әлі күнге дейін ұмытылмай келе жатыр. Бұлардың қатарына химиялық элементтердің периодтық жүйесін түсінде көріп барып тапқан әйгілі Д. Менделеевті де қосыңыз. Ал, Элиас Хоуи (1819-1867) өзінің ойлап тапқан тігін машинасын түсінде көргендігін айтқан. Сондай-ақ, физик Нильс Бор түсінде атомның моделін байқап, өңінде ойлап тапқан. Александр Флеминг болса, пенициллиннің формуласын түсінде көрген үлгімен жасап шығарған.

Міне, осындай оқиғалар адамның шексіз мүмкіндігі мен түстердің адамның өңінде орындалатынын растай түсетіндей. Бұл бағытта әлі талай зерттеулер қажет екені айқын. Кім білсін, мүмкін адам баласы араға ғасыр салып фантастикалық фильмдердегідей бір ғана ойлау жүйесі арқылы басқа әлемді көре алатын күшке ие болар…

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.