Арыстар аманаты | arainews.kz

Арыстар аманаты

297

Биыл «Алаш» қозғалысының құрылғанына 100 жыл толды. Азаттық үшін арпалысып, жанын қиған ерлердің есімі ешқашан да ұмытылмайды. Дегенмен, бүгінгі кейбір жастардың сол арыстардың өрлікпен өрілген өнегелі өмір жолы туралы біле бермейтіндігі қынжылтады. Міне, сондықтан да, Алаш автономиясы, оның өмірге келу тарихы, атқарған қызметі туралы мағлұмат беру мақсатында қолыма қалам алған жайым бар.

Ресейдегі ақпан төңкерісінен кейін сол елде 300 жыл билік еткен Романовтар әулеті кетіп, өмірге Керенский бастаған уақытша үкімет келген соң қазақ жерінде дербес, егеменді ел болу мүмкіншілігі туғандай болды. 1905 жылғы Ресейдегі бірінші революциядан кейін қазақтың оқыған азаматтары тәуелсіздік үшін саяси күресті бастаған еді. Патша үкіметіне ел үшін, жер үшін наразылық білдірген хаттар жіберіп, саяси бостандық үшін талаптар қойып, азаттық үшін қозғалыстар белең алды. Осы жылдары саяси партия құру, азаттық үшін күш біріктіру, халықтың білімін көтеру, санасын ояту мәселелері өткір көтерілді.

Патша үкіметі құлаған соң, әр жерлерде қазақ комитеттері құрылып, «Алаш» партиясының өмірге келуіне мүмкіндік туды. 1917 жылдың 25 сәуірі мен 7 мамыры аралығында Ақмола облыстық қазақ комитеті құрылып, онда «Алаш» партиясының жергілікті ұйымдарын құруға және 1 жалпықазақ съезін ұйымдастыруға шешім қабылданды.

Қазақ саяси партиясының атын қоюда бабаларымыздың «Алаш» ұранына айрықша басымдық берілгенін атап өту керек. Бірінші жалпықазақ съезі Орынбор қаласында 1917 жылдың 21-26 шілдесінде өтті. Съезге барлық өңірлерден өкілдер қатысты. Ал, съездің төрағалығына Х.Досмұхамедов, орынбасарлары болып А.Байтұрсынұлы, Ә.Көтібаров, хатшылыққа М.Дулатов, А.Сейтов сайланды. Күн тәртібінде 14 мәселе қаралды. Олардың қатарында мемлекетті басқару, автономия құру, жерді тиімді пайдалану, халық милициясын қалыптастыру, оқу жайы, сот төрелігі, әйел теңдігі, дін және қазақ саяси партиясы туралы мәселелер талқыға салынып, шешімдер қабылданды. Партияның бағдарламасын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әрбір облыста қазақ комитеттерін құру қолға алынды.
Ал, екінші жалпықазақ съезі Ресейдегі қазан төңкерісінен кейін, большевиктер билік басына келген соң өтті. Бұл жиынды Алаш қайраткерлері Орынбор қаласында өткізуді ұйғарады. Ал, съезді Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Е.Досжанов, Е.Омаров ұйымдастырды. Жиынға қатысу үшін әрбір уезге, облысқа және «Сарыарқа», «Ұран», «Бірлік туы», «Тіршілік» газеттері мен басқа да ұйымдарға арнайы шақыру жіберіліп, алқалы басқосуға барлығы 200-ден астам адам қатысқан.

Съездегі ең басты мәселе – қазақ автономиясын ұйымдастыру бойынша аса маңызды тарихи қаулы қабылданды. Онда Қазақ-қырғыз автономиясы – «Алаш» деп аталуы, бүліншіліктен қорғау мақсатында уақытша ұлт кеңесін құру, оның атауы «Алашорда», уақытша тұратын орны Семей қаласы болуы керектігі айтылды. Алаш автономиясының төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. Сол тұста «Сарыарқа» газетінде Әлихан Ермеков «Декабрьдің 12 күні сағат үште дүниеге Алаш автономиясы келіп, алты Алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді» деп сүйіншілей мақала жазған. Міне, желтоқсанның 12 күні дүниеге қазақ жерінде алғашқы демократиялық Алаш автономиялы үкіметінің келгеніне 100 жыл толып отыр.

Осы тарихи басқосудан соң 1917 жылдың 27 желтоқсанында Әулиеата қазақтарының съезі өтіп, Алашорда үкіметінің Әулиеата уездік комитеті құрылды. Жиынға барлық болыстардан 200 делегат қатысты. Осы орайда, бұл жиынды ІІ жалпықазақ съезіне делегат болып қатысқан Түбек Есенқұлов, Әзімхан Кенесарин, Мұстафа Бұралқиев, Еркінбек Ақынбеков, Дінмұхамед Әділовтердің ұйымдастырғанын айту керек. Әулиеата съезі делегаттарының қатарында Асқар Әділов, Байсейіт Әділов, Иманбай Сарымсақов, Дінше Әділов, Төре Әлімхан, Жұмабек Батырбеков, Санжар Аспандияров, Абдрахман Байдилдин, Пазылбек Бектұрсынов, Мәуленқұл Байзақов, Есет Ақжолов, Серқұл Алдабергенов, Қарабай Бодықов, Садық Өтегенов, Төреқұл Жанұзақов, Емберген Тайынбаев, Берсехожа Иманбаев, Арыстанбек Алтынұлы (дін уәкілі), Сегізбай Айзанов, Аталық Кенесарин сынды азаматтар болған. Өкінішке қарай, қалған делегаттарды анықтау әлі мүмкін болмай тұр.

Әулиеата съезі Алашорда үкіметін мойындап, сол үкіметтің уездегі атқарушы билік иесі болатынын мәлімдеген, бірінші кезекте ауылдарда орын алған ашаршылыққа байланысты іс-шараларды қарап, орталық Қазақстаннан бидай алдыру үшін комиссия құрған және оларға ат-арба дайындау мәселесіне мұрындық болған.

Келесі кезекте халықтық милиция ұйымдастыру, оған қажетті қаражат табу, қару-жарақпен, ат-көлікпен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Бұл тұрғыда съезге қатысып отырған болыстар мен бай адамдардың көмегі көп болғанына тарих дәлел. Осы съезде Әулиеата уездік комитеті 11 адамнан сайланып, барлық билік солардың қолында болуы туралы шешім қабылданды. Уездік комитеттің төрағасы болып Әзімхан Кенесарин сайланды.

Ә.Кенесарин 1878 жылы туылған. Кенесары ханның немересі, 1897 жылы Шымкент қалалық училищесін бітірген. Әулиеата уездік басқар­масында хатшы болып істеген. 1905 жылы Әулиеата қазақтары атынан Ресей империясының министрлер кеңесінің төрағасы граф С.Ю.Виттеге петиция жазуға қатысқан. ІІ жалпықазақ съезіне делегат болып қатысып, съезд төрағасының орынбасары дәрежесіне көтерілгендігі туралы да дерек бар. Кейіннен, Кеңес үкіметін мойындап, Сырдария революциялық комитетінің хатшысы болып сайланған, содан соң Әулиеата уездік атқару комитеті жер бөлімінің меңгерушісі, гидротехник болған. 1930 жылы ұлтшыл деп айыпталып, атылған. 1956 жылы ақталған.

Ал, уездік комитет төрағасының орынбасары болып Мұстафа Бұралқиев сайланады. Ол 1899 жылы Мойынқұм жерінде туған. Әкесі Бұралқы Сұлтанбекұлы 18 жыл болыс болған. Өте халықшыл адам екен. Мұстафа Алашорда мемлекеті тараған соң, Ташкенттегі Орта Азия университетін бітірген. Осындағы қазақ ағарту институтында, бүгінгі Абай атындағы педагогикалық университетте оқытушы және оқу бөлімінің меңгерушісі болған. Бірақ, 1930 жылы ұсталып, Воронежге жер аударылған. Осында жүріп Қошке Кемеңгерұлымен бірігіп, қазақша-орысша сөздік жасаған. Айдауда қазақтың небір зиялы қауым өкілдерімен бірге болған. Жер аударылған Алаш азаматтары: Ахмет Тунгашин, Халел және Жаханша Досмұхамедұлы, Мұхтар Мурзин және басқа да азаматтармен бірге азап шеккен. Мұстафа Міржақып Дулатұлының ағасы Асқардың Ботагөз есімді қызына үйленіп, 1960 жылдың аяғында елге оралады. Сол жылы Жамбыл қаласына көшіп келіп, осында қайтыс болған. Бірақ, одан тараған ұрпақтарды табу қиынға соғып отыр.

Әулиеата уездік комитетінің тағы бір мүшесі – Еркінбек Ақынбеков. Ол 1983 жылы Қошқарата жерінде туған. Түркістандағы 4 сыныптық орыс мектебін бітірген Е.Ақынбеков Әулиеата уездік басқармасында тілмаш болған. Кейіннен Түркістан уезі атқару комитетінде қызмет атқарған. Қысқа арнау, сықақ, насихат өлең-жырлар шығарған. Қазақ халқының эпостық жырларын жинаумен айналысқан, кейінгі тағдыры белгісіз.

Ал, Дінмұхамед Әділов Шу бойында туған. Омбы гимназиясында, Ташкент университетінде оқыған. Азамат соғысына қатысқан. Ташкенттегі қазақ ағарту институтының оқытушысы, Жетісу облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1920-1921 жылдары ішкі істер халық комиссарының орынбасары, Әулиеата уездік атқару комитетінің басшысы, Сырдария губерниялық атқару комитетінде қызметкер, халық ағарту институтында мұғалім болып еңбек еткен. 1925-1926 жылдары қазақтың тұңғыш ұлттық театрын ұйымдастырып, оның директоры болады. Бірақ, 1928 жылы ұсталып, 1930 жылы атылған. Бұл азаматтың да ұрпақтары табылмады.

Уездік съезге қатысып, комитет мүшесі болып сайланған Ике Әділов 1881 жылы туған. Ол Алашорда үкіметіне қаржылай көмек көрсеткен. 1938 жылы тұтқындалып, атылған. Уездік съезге қатысқан тағы бір делегат Асқар Әділов Әулиеата жерінде туған. Алашорда үкіметінің уездік комитетінің жұмысына араласқан. Бірақ, кейінгі тағдыры белгісіз. Делегаттардың бірі Бейсехожа Иманбаев кейін кеңес үкіметін мойындап, ауылда «Қосшы» ұйымын ұйымдастырып, Меркі ревкомының мүшесі болған. Ол ағайыны Қазбек Асыловтың көмегімен болыс болып сайланып, 10 жылдай осы қызметті атқарады. Ұрпақтары Құлан ауылында тұрады. Әулиеата съезіне қатысқан дін адамы Арыстанбек Алтынұлы Бұхарада оқыған, білімді, көріпкел адам болған. Ауылда балаларға білім берген. 1928 жылы ұсталып, жер аударылып, айдалып бара жатқанда жолда қайтыс болған соң, елге әкелініп жерленген. Ұрпақтары Т. Рысқұлов ауданында тұрады.

Әулиеата уезінде Әулиеата уездік революциялық комитеті жеңіске жетіп, билік басына келген соң Алашорда үкіметінің уездік комитеті 1918 жылы желтоқсан айында таратылған. Ал, Алашорда үкіметі әскери революциялық комитеттің 1920 жылғы 5 наурыздағы шешімімен таратылған. 1930 жылдардан бастап көптеген азаматтар алашордашыл, ұлтшыл деген айыппен ұсталып, атылған, жер аударылған. Өкініштісі сол, қазақ жерінде құрылған демократиялық, халықтық Алашорда үкіметінің ғұмыры ұзаққа бармады. Кеңестік жүйе еркіндікті аңсап, егемен ел болуға ұмтылған, осы жолда аянбай еңбек еткен Алаш азаматтарын аяусыз азапқа салды. Дегенмен, ел үшін туған ерлердің арманы орындалды. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында Қазақстанды әлем танып, мойындады. «Бақыт бағалағанның басына тұрақтайды» дейді дана қазақ. Азаттық жолында арпалысқан ата-бабалардың ерлігін ұмытпай, тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білейік.

Москау НОҚРАБЕКОВ, 
ардагер журналист

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.